«Орта Азия: Қауіп қайдан?» - баспасөзге шолу

***

Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде Павлодар облысының әкімі Қанат Бозымбаев брифинг өткізді. Ол өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен мемлекеттік және салалық бағдарламалардың жүзеге асырылуы туралы әңгімелеп, тілшілердің сұрақтарына жауап берді. Осы кездесу өзек болған мақала ел газеті«Егемен Қазақстанда» «Іргелі істе ілгерілетіледі»деген тақырыппен берілді. Басылымның жазуынша, өңірдің ішкі жалпы өнімі 2014 жылдың бірінші жартыжылдығында 7,6 пайызға артып, 707,6 млрд. теңгені құраған. Жан басына шаққандағы ішкі өнім 939, 2 мың теңгені құрапты. Елді индустрияландыру ісі де ілгерілеуде. Бұйыртса, индустрияландырудың екінші кезеңінде Павлодар облысында жалпы көлемі 1,1 трлн. теңгені құрайтын 19 жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр. «Енді облыс экономикасында индустрияландыру бағдарламасының екінші кезеңі де үлкен рөл ойнайды. Оның аясында жалпы көлемі 1,1 трлн. теңгені құрайтын 19 жобаны жүзеге асыру көзделген. Екінші кезең аясындағы ең ірі жобаның бірі Бозшакөл тау-кен байыту комбинатын салу болып табылады. Оның қуаттылығы бойынша жылына 140 мың тонна мыс концентратын өндіру көзделіп отыр. Соның арқасында 1,5 мың жаңа жұмыс орны ашылып, жыл сайын 30 млн. тонна мыс кенін өңдеу жоспарда бар», - деді әкім.

Таяу күндері Қазақтың Жамбыл атындағы Мемлекеттік филармониясының Академиялық симфониялық оркестрі Оңтүстік Америка еліндегі алғашқы гастрольдік сапарын сәтті аяқтады. Осы ретте «Егемен Қазақстан» газеті мұхиттың ар жағындағы өнер сапарына жетекшілік жасаған Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері профессор Мұхтар Өтеуов мырзаны әңгімеге тартқан. Басылым тілшісінің сауалдарына егжей-тегжейлі жауап берген ол: «Осы жолы симфониялық оркестрді ықшамдап, 62 адамдық құраммен ғана гастрольге алып бардық. Алда мүмкіндік болса толық 90-100 адамдық құраммен неге өнер көрсетпеске деп те ойлаймын. Ал енді шынтуайтына келгенде, кәсіби классикалық музыка өнерін насихаттап дамыту үшін өзіміздің Қазақстанда да біраз ауқымды жұмыстар жүргізіп, республика көлемінде облыс-облыстарда гастролдік сапарлар ұйымдастыру керек. Себебі, тарихымызға үңілсек бұрындары осындай жұмыстар жиі жүргізілетін. Сондықтан да Қазақстанның Мәдениет және спорт министрлігінің алдында бүгінгі күндері атқаратын іс-шаралар өте көп деп ойлаймын. Бұл бағытта теле-радионың да атқаратын жұмыстары ұшан-теңіз. Себебі, бүгінгі заманда екінің бірі қолдарына микрофон ұстап алып, жеңіл-желпі ән шырқап, жұлдыз болуға тырысады. Ал менің ойымша, өнер көшін тек қана кәсіби түрде бойына сіңірген жандар ғана алға сүйрейді», - дейді. Сұхбат «Бразилиядан Агентинаға визасыз өткен...» деген тақырыппен берілген.

***

«Шындығы сол, ғалам қазір «Ұлы депрессияның» алдында тұр. 1998 жылғы және 2007-2009 жылдардағы экономикалық, қаржылық дағдарыс оның жанында түк емес. Әлем экономикасын қозғаушы тегершік - мұнай бағасының қысқа уақыт ішінде құлдырауы талай мемлекеттің шаңырағын шайқап, керегесін қаусатып кетпек. Жалпақ ғаламның өзге өңірін сөз етпей-ақ, Орта Азияны алар болсақ, осы аймақтағы Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Қазақстанның қабағы шытулы. Мұнайдан көл-көсір пайда тауып отырған Қазақстан үшін мұнай бағасының түсуі қасірет бола қоймас. Бірақ экономика үшін үлкен соққы. Дегенмен Қазақстанның Ұлттық қоры және Алтын валюта қоры қомақты. Дағдарыстан осы қорларға сүйеніп, ептеп шығып кетері анық. Ал өзге республикалардың күйі не болмақ?», - деп жазады «Айқын» газеті сенбілік санындағы«Орта Азия: Қауіп қайдан?» деген тақырыптағы мақаласында.  Осы жайтты саралаған басылымның жазуынша, мұнай бағасының түсуі, Батыс салған санкция Ресей экономикасын күйзелтуде. Рубль құнсызданды, жұмыссыздық бел алды. Мұның бәрі тек Ресей үшін ғана үлкен соққы емес, осы елге келіп, күнкөріс үшін жұмыс істеп жүрген Орта Азия азаматтарына да тоқпақ болып тиюде. Орта Азиядан келген мигранттардың елге аударған қаржылары, мәселен, Қырғызстанның ішкі жалпы өнімінің үштен екісін, өзбектің - ширегін ал Тәжікстанның ІЖӨ-нің тең жартысын құрайды екен.

Сонымен қатар, осы басылымда Қазақстанның Бразилиядағы Төтенше және өкілетті елшісі Бақытжан Ордабаевпен арадағы сұхбат «Елбасы еліміздің келешектегі даму бағытын айқындады» деген тақырыппен берілді. Басылым тілшісінің балық сауалына тұщымды жауап берген елші: «сырткөз сарапшылар Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ұстанған саясатының көрегендігін, тиімділігі мен кез келген жаһандық жағдайға икемділігін атап өтті. Бұл - ауқымды Жолдау. Өйткені онда үлкен жоспарлар белгіленіп, халыққа мемлекет тарапынан зор көмектер жасалмақ. Бюджеттен, Ұлттық қордан, шетелдік инвестициялардан экономиканы дамытуға, жол салуға, халықтың әлжуаз тобына, шағын және орта бизнесті қолдауға қомақты қаражат тартылмақ. Барлығы 24 млрд. доллар жұмсалады. Тарихи Жолдау, өйткені Елбасы геосаяси жағдайға нақты баға берді, еліміздің жақын келешектегі даму бағытын айқындады. Осылайша, ел басшылығының Қазақстан тағдырына қатысты саяси жауапкершілікті алуға дайын екенін көрсетті. Әлемдік экономикалық дағдарыс, алып державалардың санкциялық қақтығыстарының салдары, энергия тасымалдауларға бағаның құлдырауы, бірқатар көршілес елдердегі тұрақсыздық біздің еліміздегі ахуалға да жағымсыз әсер етеді. Өйткені, Президент атап өткендей, Қазақстан геосаяси шиеленістің эпицентріне жақын орналасқан. Мемлекет басшысы жақын жылдардың жаһандық сынақ уақытына айналатынын, сонымен қатар бүкіл әлем архитектурасы өзгеріске ұшырайтынын алға тартты. Бұл кезеңнен кез келген мемлекет өте алмайды. Мұндай тарихи кезеңде Елбасы Қазақстанның тағдырына, қауіпсіздігіне, халқымыздың келешегіне алаңдамай тұра алмайтыны белгілі», - дейді.

                                                                                                                          *** Шығыс Қазақстан облысының жаңа әкімі Даниал Ахметов Беларусь тракторларының сапасын қатаң сынға алды, - деп жазады «Время» газеті «Қайда жұмыс істейтінім маңызды емес!» мақаласында. Ол «Беларусь-1221» тракторын есептен шығаруға кеңес берді.

- Бағасы қымбат, ал сапасы... өте төмен. Бұл трактордың еш келешегі жоқ! Беларусьтіктер техникаларының бәсекеге қабілеттілігін арттыру жайлы ойлануы қажет, - деді ол.

Автор: Марлан Жиембай

Қазақпарат