БІЗ СЫНҒА ЕМЕС, ҰТЫМДЫ ҰСЫНЫСТАРҒА ЗӘРУМІЗ...

Аягул Аягүл МИРАЗОВА, Қазақстанның Еңбек Ері: БІЗ СЫНҒА ЕМЕС, ҰТЫМДЫ ҰСЫНЫСТАРҒА ЗӘРУМІЗ...   БІЗДЕ ОҚУЛЫҚТАР ДАЙЫНДАУДЫҢ ҮДЕРІСІН БАҚЫЛАЙТЫН ОРЫН ЖОҚ – Аягүл Төреқызы, тәжірибесі мол білікті маман ретінде айтыңыз­шы, бүгінгі білім саласының сыннан көз ашпауына не себеп? – Білім саласы – бүкіл қоғамдық іс. Сондықтан білім саласының қоғамның және биліктің тарапынан жиі сыналуына оң пиғылмен қарағанымыз жөн. Бұл саладағы кейбір олқылықтарды көргенде, сынаса сынайтындай-ақ жөні бар демеске шараң жоқ. Білім саласын берекесіздендіріп тұрған тұстың бірі – реформашылдығы. Яғни, реформалардың басталмай жатып, тоқырап жататындығы. Ал, оның барлығы қаржы екенін ұмытпау керек. Менің ойымша, қаншама уақыттан бері өзінің жемісін беріп келе жатқан кейбір классикалық дүниелерді түп-тамырымен жойып, түбегейлі өзгертіп тастау деген ақылға сыя бермейді. Қай салада болсын, жақсы дүниелерді қалдыру керек. Жақсы нәрсе қанша уақыт өтсе де, өзінің маңыздылығын жоймайды. Мәселен, Абай атамыздың қарасөздерін қай кезде оқысаңыз да ескірмейді. Яғни, өзінің өзектілігін ешқашан да жоғалтпайды. Осы сияқты ескірмейтін іргелі құндылықтарымыз баршылық, олар өзгертуді қажет етпейді. Әрбір ұлттың өзіндік менталитеті, қанымен келген қасиеті, әдет-ғұрпы, салт-санасы болатын болса, ол білімнен тыс қалмауы тиіс. Өзге елдің ізгілікті жаңалығын алуымыз керек, бірақ ол өз еліміздегі құндылықтардан бас тарту деген сөз емес. Меніңше, білім саласын жаппай сынай бергеннен гөрі, негізді ұсыныстар айтып, оларды жүзеге асырудың жүйесі мен тетіктерін қарастырсақ дұрыс болар еді. – Аягүл Төреқызы, мектеп оқу­лықтарының мазмұнына көңіліңіз тола ма? – Шындығын айту керек, бүгінгі мектеп оқулықтарының кейбірінің мазмұны сын көтермейді. Оқулықты парақтап отырғанда, әттеген-ай дейтін тұстар жетіп-артылады. Кейбір оқулықтарда баланың қабылдауына өте ауыр мәтіндер топтастырылған болса, енді біріндегі қисынсыз аудармаларды қарап отырып, қарның ашады. Жаратылыстану, математика, техника, технология, бағыты бойынша оқулыққа енетін материалдардың дені орыс тілінен тікелей аударылғандықтан, балалар тұрмақ, өмір бойы қазақ тілінде сөйлеп келе жатқан өзім де түсінбей қаламын. «Бояушы бояушы дегенге сақалын бояпты» демекші, қазақшалаймыз деп әлемдік ортақ терминдерді де аударып жатқан қисынсыз жағдайлар бар. Негізінен әлемдік терминдер жалпақ жұртқа ұғынықты болуы үшін аударылмауы керек. Аудармамыз дәл осылай ақсаған күйі кете беретін болса, біздің балаларымыз әлемдік терминдерді мүлдем түсінбеуі де мүмкін. Сондықтан орыс тіліндегі мағлұматтарды қазақшалау барысында тілінің жатық, оқушыға түсінікті болуын басты назарда ұстағанымыз жөн. – Біздің мектеп оқушыларының әрқайсысы әртүрлі баспалардың кітабын оқуының өзі оқулықтардың айналасындағы мәселені одан әрі ушықтырып тұрған жоқ па? – Оқулық жазылып, жарық көріп, оқушы қолына жетемін дегенше, түрлі сатылардан өтетіні белгілі. Оқулық мазмұнының сын көтермей отырғандығы да оны бақылайтын бірыңғай орталықтанған жүйенің жоқтығынан. Оқулық дайындаумен және шығарумен «Мектеп», «Атамұра», «Алматы кітап», «АрманПВ», «Білім» сияқты баспалар айналысады. Ал, білім стандарттарын, оқу бағдарламаларын, ҚР Білім және ғылым министрлігінің бақылауымен Ы.Алтынсарин атындағы академия жасайды. Өз кезегінде академияға авторларды таңдау құқығын да беру керек деп ойлаймын. Оқулықтың авторын таңдау баспаға жүктелмеуі тиіс. Өйткені, баспаның қызметкерлері авторларға баға беретін институтты тауысып, диплом алған жоқ қой. Меніңше, олар қолына берген кітапты басып шығарумен ғана айналысуы керек. Меніңше, оқулықтардың мазмұны ғалымдар мен әдіскерлердің шоғырланған ордасында дайындалғандай және сараптаудан өткендей болмайды. Оқулық орталығы шыққан кітаптарды әрі қарай көбейтуге болатын, болмайтынын объективті түрде өзі сараптауы қажет. Бірақ бұл тұрғыда оқулықтарды эксперименттен өткізетін мектеп ұстаздарының пікірлерімен міндетті түрде санасуы қажет. Бірақ, қазіргі таңда «Сен салар да, мен салар, атқа жемді кім салардың» керімен мектеп оқулықтарының мазмұнына ешкім де жауап бермейді. Яғни, бізде оқулықтар дайындаудың үдерісін жүйелі түрде бақылайтын арнайы бір орын жоқ. – Оқушылар арасындағы түрлі келеңсіз жағдайдардың орын алуы оларға беріліп жатқан тәрбиенің осалдығын көрсетсе керек. Жалпы бала тәрбиесінде қандай нәрсені ескеруге тиіспіз? –Бала тәрбиесі өте күрделі де, нәзік мәселе. Қазіргі таңда жасөспірім балалардың көпші­лігінің жүйкесі жұқаруға шақ тұр. Бұл жалғыз мұғалім мен ата-ананы ғана емес, қоғамды алаңдатарлық мәселе. Неге десеңіз, балалардың дені суицидке психикасының әлсіздігінен барады. Бүгінде олар мұғалімдері тұрмақ, ата-анасының да сын-ескертпесін қабылдай алмайды. Қит етсе, ашулануға дайын тұрады. Осындай жағдайлармен күнделікті бетбе-бет келіп жүргеннен кейін, оқушыға қандай талап қоярыңды да білмей қаласың. Дүниеге келген әрбір баланың, денінің сау болғаны, аман-есен өскені, ата-анаға да, ұстазға да, қоғамға да қажет дүние. Сондықтан балаларымыздың әрбір басқан қадамына мұқият болуымыз керек. Бүгінгі бала жүйкесінің бұзылуына ақпараттық технология тасқынының тигізіп жатқан кері әсері көп. Сондықтан, компьютердің, теледидардың алдына отырғанда, баланың не қарап отырғандығынан міндетті түрде хабардар болуымыз керек. Сондай-ақ, смартфон, планшет, айпад, сияқты дүниелерді қолдарынан тастамай ұстап жүруіне де шектеу қойғанымыз жөн. «Отан отбасынан басталады» демекші, ең бірінші, бала тәрбиесіне жауапты тұлға – ата-ана. Қазіргі ата-аналардың барлығын бірдей жауапсыз деп айтудан аулақпын. Әйтсе де, кейбір ата-аналар күнделікті күйбең тіршілікпен жүріп, баласының қарнын тоқ, көйлегін көк қылсам болды деп ойлайды. Бүгінгі балаларға ата-ананың аялы алақаны, мейірімі, жетіспейтін сияқты. Қазіргі таңда баламен сырласатын, ақылдасатын, оның жан-дүниесіне үңіліп, бар ықыласымен көңіл бөлетін ата-аналар да, мұғалімдер де кеміп бара жатыр. Сондықтан да, бала тәрбиесі ақсап тұрғаны жасырын емес. Отбасында балаға тәрбиені сөзбен емес, ісімізбен көрсете білгеніміз абзал. Ата-аналар баласы қандай да бір кемшілік жіберген жағдайда, оны ұрмай-соқпай түсіндіріп, жетістігіне бірге қуанатын болса, ол баланың да мерейі үстем болатыны анық. Тәрбие деген отбасында көзге шұқып көрсетпей-ақ, өзінен өзі есіп тұруы қажет. Сонда ғана ел сенімін ақтайтын үлкен азаматтарды тәрбиелеп шығамыз. ҰРПАҚ ТӘРБИЕСІ ҰСТАЗДАРДЫҢ ҚОЛЫНДА – Мектепте шәкірттерге біліммен қатар, ұлттық тәрбие беруге күш саласыздар ма? – Гимназиямыз жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие берумен қатар, халқымыздың биік рухы мен ғасырлар бойы жинақталған ұлттық мұраларын ұрпақ игілігіне жеткізіп отыруды жүзеге асырады. Алаш ардақтысы, белгілі ақынымыз Мағжан Жұмабаев: «Әрбір ұлттың бала тәрбиесі туралы ескіден келе жатқан жеке-жеке жолы бар. Әрбір ұлттың баласы өз ұлтының арасында өз ұлты үшін қызмет қылатын болғандықтан, мұғалім баланы сол ұлт тәрбиесімен тәрбиелеуге міндетті» – деген екен. Сондықтан да, гимназиямызда ұлттық тәр­биеге, халықтық педагогика мұ­ралары үлгісінде тәрбиелеуге мән беріледі. Ұлттың болашағы – ұрпағында болса, ұрпақтың тәрбиесі ұстаздың қолында. Гимназиямыздың ұстаздары мемлекетіміздің толыққанды, нағыз патриоттарын тәрбиелеуді ұлттық құндылықтарымыздың аясында жүргізеді. Әсіресе, ана-тіліміз, діліміз, салт-дәстүріміз бен тарихымыз, адамгершілік пен ар-намыстылығымыз үлгілерінде тәрбие жұмысын жүргізуді жүзеге асыруда. – Мектеп басшысы ретінде ата-аналармен тығыз қарым-қатынас жасайсыз ба? – Мектеп – білім мен тәрбиенің ордасы болғандықтан, ата-аналармен тығыз қарым-қатынас жасауды талап етеді. Бүгінде оқу-тәрбие ісін ата-анамен бірлесе жүргізуге қол жеткіздік деп ойлаймын. Шындығын айту керек, ата-аналардың әрқайсысының түсінігі әр басқа. Баланың көзге көрініп тұрған қандай да бір түйткіл мәселесін айтатын болсаң, оған құлақ асудың орнына екі есе қарсы жауап айтатындары да табылады. Сондықтан, ата-аналар мен мұғалімдер ортақ мақсатты көздеп отырғандықтан, бірлікте жұмыс істегенде ғана ата-аналардың оқу-тәрбиеде ықпалдастық біліктілігі де арта түспек. Ата-аналардың отбасылық білім тәрбиесі мәселесі бойынша мәдениетін арттыру ісі – жалпы мектептік жоспардың маңызды бір саласы болып саналады. ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ КӨРСЕТУ – ҚОҒАМЫМЫЗДЫҢ ҰСТАНЫМЫНА ҚАЙШЫ КЕЛМЕЙДІ – Аягүл апай, әлі күнге дейін ата-аналардың қолдауына зәрулік танытатын мектептер бар. Бұл мемлекет тарапынан мектептерге қажетті қаржының дұрыс бөлінбейтіндігінен бе, жоқ әлде ауру қалса да, әдет қалмайдының керімен жиналатын «жылу» ма? – Мемлекет тарапынан мектептерге қаржы бөлінудей-ақ бөлінеді. Бірақ мектепке керекті барлық қажеттілікті өтеуге жетеді деп айта алмаймын. Неге десеңіз, мектепте ойламаған жерден терезе сынып т.б жағдай орын ала қалған жағдайда, мұндай олқылықтың орнын толтыруға жұмсай қоятын ағымдық қаржы ескерілмеген. Сондықтан, егер де ата-аналар өздерінің бастамасымен мектепке қолдау білдіремін десе, ата-аналар қауымдастығы өздері шешеді. Оған қарсылық танытудың қажеті жоқ. Қазақта «Бай болсаң, еліңе пайдаң дайын болсын, батыр болсаң, жауыңа найзаң дайын болсын» деген сөз бар емес пе? Менің ойымша, үкімет беріп үлгермей жатқан тұстарда қайырымдылық көрсету – қоғамымыздың ұстанымдарына қайшы бола қоймас. – Өзіңіз басқарып отырған білім ордасы үнемі жетістіктерімен көзге түсіп, жұрттың назарын өзіне аударып келеді. Жеткен жетістіктеріңіз туралы айтып берсеңіз... – 1991 жылы құрылып, еліміз­дің Тәуелсіздігімен құрдастай болған Ы.Алтынсарин атындағы №159 гимназияның былтырғы 23-ші оқу жылы айдарлы жыл болды десем артық айтқандық емес. Бұл оқу жылы – мектебіміздің дәстүрлі дамуының жалғасы болуымен бірге, мемлекетіміздің білім беру саясатының жасампаздық аясында жаңа ерекшеліктермен баянды болды. Алматы қаласының әкімі А.Есімовтің бастамасымен 2014 жылы Білім жылы деп жарияланғаны белгілі. Осындай айтулы жылда біз де биік мақсаттарды алдымызға жоспарладық және сол межеден көріне білдік. Өзге білім сайыстарын айтпағанның өзінде, халықаралық жарыстарда оза шабуы шәкірттеріміздің білімділігін көрсетсе керек. Мәселен, Ресей Федерациясының Протвино қаласында өткен «Компьютерлік физика – 2014» халықаралық турниріне 11 оқушымыз қатысып, олардың төртеуі жүлделі І орынды жеңіп алса, қалған жетеуі ІІ орынды иеленді. Сондай-ақ, Мәскеу қаласында өткен Жалпы ресейлік олимпиадаға 2 оқушы қатысып, жүлдегер атанса, Нью-Делиде өткен Халықаралық олимпиадада бір оқушымыз жүлделі ІІ орынды иеленді. Сондай-ақ, ҰБТ нәтижесі бойынша да мектебіміз жоғары көрсеткіш көрсете білді. Былтырғы оқу жылында 108 оқушы мектеп бітірсе, 28 оқушы мектепті экстерн түрінде бітірді. Мектеп бітірген 108 оқушының 52-сі Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысты. Ал, 40 оқушы Халықаралық ғылыми жоба жарыстарының жеңімпаздары ретінде оқуға түсуге мүмкіндік алса, ал қалған 16-оқушы шетелде білім алатын болғандықтан мемлекеттік емтиханды мектепке тапсырды. Ең жоғары көрсеткішті, яғни 125 баллды мақтаулы шәкіртім Әсия Марат иеленді. Сондай-ақ, ҰБТ нәтижесі бойынша үздік нәтиже көрсеткен 13 түлек «Алтын белгі» иегері атанды. 47 оқушы 100-ден жоғары балл жинаса, 4 оқушы 90-нан жоғары балл, 1-оқушы 80 балл жинады. Мектептің орташа балы – 109,6-ны құрады. Өткен оқу жылында бір де бір түлегіміз жоғары оқу орнына түспей қалған жоқ. «Білім жылындағы» тағы да бір айтулы жаңалық – мектебіміздің тарих пәнінің мұғалімі Гүлмира Асанбекова атындағы атаулы мектеп атанғандығымыз да үлкен жетістік. – Әңгімеңізге рахмет! Биіктерді бағындыратын шәкірттеріңіз көп болсын! Сұхбаттасқан, Гүлмира САДЫҚ