ТОБЫЛҒЫ САБАҒЫНДАҒЫ ӘУЕН

Бесултан             Жазушы Бексұлтан Нұржекеевтің шығармалары көбіне аяулы сүйіспеншілік тақырыбына арналатыны мәлім. Сондықтан да шығар, «махаббат жыршысы» атанған осынау қаламгеріміздің қуанса да, мұңайса да, алдымен қоңыр домбырасына жүгініп алатын дағдысы бар көрінеді. Үйдегілер кейде есігін жауып алып, ыңылдап ән салатын қожайынның көңіл күйін сол әуен ырғағы арқылы-ақ аңдай беретін секілді. Мәселен, «Екі жиренді» тербете бастаса, Бекеңнің әлдекімдерді сағынып жүргенін білуге болады... – Әуелде атам мен апамның ортасында жатып үйренген әнім еді, – деп ағынан жарылатын жазушы бір жымиып алып, ақырын ғана әндетуге көшеді: – Көшкенде жылқы айдаймын ахо-о-оу-у, аламенен. Ауылыңа барушы едім-оу-у даламенен. Түскенде сен есіме-ей, беу, қарағым, сағынып сарғаямын, ойхо-ой, са-на-а-менен... Әсемдікке іңкәр қаламгер сұлу нәрсеге бір сәт сұқтана қарайтын әдеті бар екенін де айтып қалады: – Баяғы бірде Айзаш жеңгең екеуміз Әуезов театрында өткен Жаңа жыл кешіне барғанымыз бар. Сонда қарсы алдымыздан қолаң шашы иығына төгіліп, ақ қалпақ, ақ костюм киген айдай бір арудың жарқ етіп шыға келгені. Жанында қасы-көзі қиылған сымбатты жігіт келе жатыр. «О-о!» деппін амалсыздан аузым ашыла. Сүйтсем, әлгілердің жарасымдылығына әйелім де сүйсіне көз тіге қалыпты... Әлбетте, әдемілікке тамсана алмаған адамның табиғи үйлесімімен баурайтын тартымды дүние жаза қоюы неғайбіл-ау. «Тау баласы тауға қарап өседі» демекші, балғын балалық шағы салқын тау, самал белдер қойнауында өткен болашақ қаламгер сирек те болса елік, марал, арқар секілді дала тағыларын ерте көріп, ерте қызықтайды. Сол секілді, жасынан талай мысық та, күшік те асыраған. Бірнеше иті болыпты. Бір ғажабы, сол иттердің бәрінің де аты – Таймас. Мысықтарының бәрі – Мәшә... – Бозторғай шырылын керемет ұнатушы ем. Кей балалар соларға тас лақтыратын. Сонда байқағаным, әлгі құс байғұс пыр етіп ұшып кетпеуші еді. Бұғып жата қалатын. Қызық... Осыны айтып, күзгі бақ ішінде әл­денені іздегендей жан-жағына шола қарап қоятын ағамыз әңгіме жалғайды: – Осы, неліктен екенін, бозторғайдың да көрінбей кеткеніне көп болды. Тіпті, талай жылдар өтті-ау, кездеспей жүр. Анда-санда сол еске түскенде баяғы бала күнгі серігімді жоғалтқандай елегзіп қоятыным да жоқ емес... Қиялы ұшқыр қаламгер бір кезең құстар әлеміне ой жүгіртіп кетеді де, жекелеген торғай түріне мінездеме береді. – Күйкентай деген құс бар. Аспанға іліп қойғандай жыпың-жыпың етіп, құлдыраңдап тұрып алатыны қандай әсем! Былтыр осы жайлауға келгенде көріп, ой, қуанғаным-ай! Шіркін, даланың сәні ғой бұлар... Бір жақсысы, табиғатқа құштар жазушының жеке саяжайы бар екен. Алатау етегіндегі Таулы қыраттың бір пұшпағы. Баяғыда атақты Медеу байдың жайлауы болған жер деседі. Сылдырап аққан бұлақ. Саф ауа. Айнала-төңірек – сыңсыған бақ... – Титтейімнен дағдыланғандықтан ба, тау баурайын ұнатам. Су бойын жақсы көремін. Жолдастармен топталып демалысқа шыққанда, олар асқа бас қойып, өзара абың-гүбің әңгімеге кіріскенде, мен оңаша шығып, сай-сала аралап кетуді қалаймын. Тобылғыдан гүлдесте жасаймын... Сөйтсек, осындай сәттерде өткір бәкі ұстап шығатын Бексұлтан аға тобылғы мен бозқараған бұталарын қиып, ерекше композиция жасауға құмартатын көрінеді. Иә, кәдімгі икэбана... – Биыл жаз Шонжыға жолым түсті. Таңырқатқаны – тобылғысы жаппай қисайып кетіпті. Нәр жетпей ме, әлде ыстықтың әсерінен бе, арбақ-сарбақ, иқы-жиқы секілденді. Бірақ маған сонысы жақсы болғандай. Нешеқилы формасын кездестіріп, бір құшағын қиып алдым... Жапондық өнер саналатын икэбана «тірі гүл» деген мағына береді екен. Бекеңнің әуестігіне қарап, осы ермек бізге де бөтен емес-ау деген ой келді. Оның үстіне қиял дүниесі де шексіз, тобылғы бұталарын өзімізде өсетін шұғынық гүл, қалампыр немесе ақбадам, бозқараған жапырағымен безендірсеңіз, нағыз «қазақы» мәнер шыға келетін сияқтанады... – Біріншіден, бұл –туған жердің көзі, екіншіден, өте әдемі емес пе, – дейді жазушының өзі де. Айтса айтқандай-ақ, әсем безендірілген тобылғы бұталарынан ұйып тұрған сиқыр­лы әуенді сезінгендей әсерлендік. Жазушы лабораториясының құпия бір қырын ашып қайтқандай күй кешкеніміз де рас. Әйтеуір, белгілі әуестік кез келген шығармашылықтың бөлінбес бір құрамы екені анық. Құлтөлеу МҰҚАШ