Бала бақша құрылыс жұмыстары басталды

ca932bf75502f7cde73af7a6f1a2cefe 31-қазан күні Ақтау қаласының әкімі Еділ Жаңбыршин 7 шағын ауданда орналасқан №23 өкпе ауруынан сауықтыру балабақшасы мен 29 шағын ауданда жаңадан салынып жатқан балабақшаның құрылыс жұмыстарымен танысты. Өткен ғасырдың 70-жылдары салынған қазіргі №23 балабақша 40 жылдан бері толықтай күрделі жөндеуден өтпеген. Биылғы жылы қаладағы балабақшалардың ішінде осы балабақша күрделі жөндеуден өткізіліп жатыр. Бұл Елбасының білім беру бағытындағы алға қойған міндеттемелеріне сәйкес, Ақтау қаласы әкімінің тапсырмасы бойынша жыл сайын балабақшалар мен мектептерді жөндеуден өткізу жоспары негізінде іске асырылып отыр. Е.Жаңбыршин жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан мердігер мекеменің басшысы А.Керелбаевпен кездесіп, құрылыс жұмыстарының барысы мен оны жоспарлы мерзімінде аяқтау (мамыр, 2015 жыл) жайын талқылады. Сондай-ақ, әкім орынбасары Р.Елтизаров пен қалалық білім бөлімінің басшысы С.Түгелбаеваға балабақшаны қажетті жабдықтармен қамту құжаттамасын дайындау керектігін айтты.   Бұдан кейін, қала әкімі 29 шағын аудандағы жаңа балабақшаның  құрылыс жұмыстарының барысымен танысып, құрылысты келісілген мерзімінен кешіктірмеу қажеттігін, мектеп жасына дейінгі балаларды балабақшамен қамту жұмыстары мемлекет басшысы мен облыс әкімінің тікелей бақылауында тұрғандығын ескертті. №23 өкпе ауруынан сауықтыру балабақшасын күрделі жөндеуден өткізу үшін бюджет қаражатынан 228 млн.теңге бөлу қарастырылған. Ал, 29 шағын аудандағы жаңадан салынып жатқан балабақшаның құрылысына 427 млн. теңге қаралған. 280 орындық балабақшаның құрылыс жұмыстарын аяқтау 2015 жылдың наурыз айына жоспарланған. Ақпарат көзі: Ақтау қаласы әкімінің баспасөз қызметі.