Прокуратура қазақстандықтардың шетелде соғысып жүргенін растады

Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы Ауғанстан, Ирак және Сирия аумағында бірқатар Қазақстан азаматы ұрыс қимылдарына қатысып жүргені туралы объективті ақпарат бар екенін хабарлады.

Прокуратура қазақстандықтардың шетелде соғысып жүргенін растады Сондай-ақ, жекелеген азаматтар Украинаның оңтүстік-шығысындағы қарулы жанжалға қатысуды көздегені белгілі болып отыр деп хабарлайды bnews.kz. Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл фактілер бойынша құқық қорғау және арнайы мемлекеттік органдар қылмыстық іс қозғап, тергеу жүргізіп жатыр, ал олардың кейбірі сотталды. Дегенмен, қазіргі уақытта біздің азаматтарымызды азғырып, ұрыс қимылдары аймағына жөнелтумен айналысатын тұлғалар жұмысын жалғастырып жатыр. Мұндай әрекеттер Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне сәйкес қылмыс болып табылады. Атап айтқанда, Қылмыстық кодекстің 162-бабында жалдамалылық, яғни, жалдамалыны жалдануға азғырып көндiру, оқытып-үйрету, қаржыландыру, сондай-ақ оны қарулы жанжалда пайдалану және қатыстыру өмiр бойы бас бостандығынан айыруға дейінгі қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатыны айтылған. Қылмыстық кодекстің 162-1-бабына сәйкес жалдамалылық белгілері болмаған кездің өзінде шет мемлекеттің аумағындағы қарулы қақтығыстарға немесе әскери әрекеттерге қатысу да қылмыс болып табылады. Бұл әрекетті жасағандарға жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түрінде жауапкершілік көзделген. Мұндай қылмыстардың ерекше қоғамдық қауіптілігін, олардың артында бейбіт азаматтарды өлтіру, олардың тұрғын үйлерін қирату және өзге мүлкінен айыру, ұрлау мен азаптау тұрғанын атап өту маңызды. Олар шет мемлекеттердегі ғана емес, біздің де елдегі тұрақтылық пен бейбітшілікке қауіп-қатер әкеледі. Осыған байланысты, Бас прокуратура ұрыс қимылдарына қатысу мақсатында елді тастауға талпынған Қазақстан Республикасының азаматтарын көрсетілген қылмыстарды жасаудан сақтандырады және бұл үшін қылмыстық жауапкершілік белгіленгені туралы ескертеді.

Источник: NUR.KZ