Бос жұмыс орындар жәрмеңкесіне 60-қа жуық азамат қатысты

бос жұмыс орын жәрмеңкесі Екі қолға бір күрек таппай жүргендерге көмек. «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламасын жүзеге асыру  мақсатында Ақтау қалалық «Нұр Отан» партиясы мен қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің ұйымдастыруымен бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтті. Оған  жұмыс іздеген 60-қа жуық азаматтар қатысып, жұмыс беруші мекемелердің өкілдерімен еркін сұхбат құрып, сұрақтарына жауап алып, түйіндемелерін тапсырды. Олардың арасынан 13 адамға жұмысқа тұруға жолдама беріліп, 4-уі тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілді. Жәрмеңкеден байқағанымыз қазір еңбек нарығында негізінен білікті құрылысшыларға, дәнекерлеушілерге, аспазшыларға, инженерлерге, кемелерге капитандарға сұраныс көп. Тұрғындардың жұмысқа орналасуына көмектесу мақсатында ұйымдастырылған жәрмеңкеге жұмыс беруші 20 мекеме қатысты. Олардың арасында «СМК-4» ЖШС деп аталатын құрылыс мекемесі бар. Мекеме басшысының кеңесшісі Әділ Меңдіғарин айтуынша, өңірде құрылысшы мамандар тапшы. Әсіресе, бұл салада жұмыс жасауға жастардың белсенділігі төмен. «Қазіргі таңда біздің мекемеге тас қалаушы, сылақшы, дәнекерлеуші мамандары керек. Түйіндеме тапсырғандардың арасында бұл саланың мамандары жоқ. Жақында Мұнайлы ауданында өткен бос орындар жәрмеңкесіне қатыстық. Бір адамды тұрақты жұмысқа алдық. Барымызша жергілікті мамандарды жұмыспен қамтуға тырысамыз»,-дейді Ә. Меңдіғарин. Ақтау қаласының тұрғыны Жанар Башенованың мамандығы бойынша жұмыс іздегеніне бір жылдан астам уақыт болған. Осы кезге дейін жұмыс іздеп біраз мекеменің есігін тоздырыпты. Қалада өтетін барлық жұмыс жәрмеңкелерге тұрақты қатысатынын айтады. «Бала күтімінен кейін жұмыс іздеп жүргеніме бір жылдан астам уақыт болды. Қазір жолдасымның айлығымен күнелтіп отырмыз. Түйіндеме тапсырған барлық мекемелер жұмыс тәжірибиемді сұрайды. Мамандығым-экономист, жоғару оқу орнын тәмамдағанмын», - дейді Ж. Башенова. Тәжірибесі жоқ болса да, Дамила Құрманғалиеваның бүгін айы оңынан туды. Таныстарынан бос орындар жәрмеңкесі ұйымдастырылатынын естігін ол түйіндемесін қолына алып, жәрмеңкеге келуді жөн санапты. Уақыты зая кетпеді. Енді ол «Алтын дән-Ақтау» ЖШС-на технолог мамандығы бойынша жұмысқа орналасты. Сондай-ақ, жұмыс іздеп келген қала тұрғыны Гүлмира Сайденова да «Каспий банктің» қызметкері болып,  жұмысқа орналасты. Қазіргі таңда қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде жұмыссыз 572 азамат тіркелген. Мекеме қызметкерлерінің айтуынша, 31 қазан күні «Ренесанс» қонақ үйінде қалалық бос жұмыс орындар жәрмеңке ұйымдастырылмақ. Шараға 30-дан астам жұмыс беруші мекеме қатысады деп күтілуде. Венера МИРЛАН