Қазақстандық қор биржасында доллардың құны құбылып тұр

Қазақстандық қор биржасында доллардың құны құбылып тұр. 16 тиынға қымбаттаған "көк қағаздың" орташа бағамы 181 теңге 34 тиынға тұрақтады.

Қазақстандық қор биржасында доллардың құны құбылып тұр

Бұл таңертең өткізілген доллар саудасынан кейін белгіленген баға. Оған барлығы 27 банк қатысқан. Алайда жекелеген ақша айырбастау орындарында 1 АҚШ долларының құны 181 теңге 50 тиынға дейін барды.

Соңғы үш күнде халық арасында АҚШ долларына деген сұраныстың артқаны байқалған. Десе де, мамандар шетелдік валютаның болашағына қатысты қандай да бір болжам жасауға асығар емес.

"CENTRAS SECURITIES" компаниясының басқарма төрағасы Талғат Қамаров: "Айырбастау пункттерінде АҚШ долларының сатылу көлемі сенбі, жексенбі күндері күрт өскен. Бұл соңғы күндері пайда болған теңгенің құнсызданатыны жайлы алыпқашты әңгімелерге қатысты болуы мүмкін. Тиісінше қарапайым жұрт қолындағы қаражатты алмастыруға асығып жатыр. Бұл үрдіске қатысты қандай да бір болжам айту қиын", - деген пікірін білдірді.