Қайрош МАҚЫШОВ: Оқушылар ҰБТ үшін емес, білімді болуы үшін оқуы керек

Кайрош Макыш Қайрош МАҚЫШОВ, О.Жәутіков атындағы республикалық мамандандырылған физика-математика орта мектеп-интернатының директоры:                    ОҚУШЫЛАР ҰБТ ҮШІН ЕМЕС, БІЛІМДІ БОЛУЫ ҮШІН ОҚУЫ КЕРЕК Еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының бірі – Назарбаев университетінің жүргізген зерттеуінің нәтижесінде соңғы төрт жылдағы көрсеткіш бойынша О.Жәутіков атындағы республикалық мамандандырылған физика-математика орта мектеп-интернаты Қазақстанның «Ең үздік» мектебі болып отыр. Бір ғана 2014 оқу жылының өзінде Жәутіков мектебінің 53 оқушысы Назарбаев университетінің студенті атанған. 40 жылдан астам тарихы бар бұл білім шаңырағы он жылдан бері «Үздік олимпиада мектебі» және «Үздік олимпиада командасы» деген құрметті атты иеленіп келеді. 2003 жылдан бері осы білім ордасының директоры, О.Жәутіков мектебінің және М.В. Ломоносов атындағы ММУ түлегі, физика-математика ғылымдарының кандидаты Қайрош МАҚЫШОВПЕН сұхбаттасудың сәті түскен еді. – Қайрош Бексейітұлы, әңгі­мемізді өзіңіз басқарып отырған О.Жәутіков мектебінің соңғы уақытта жеткен жетістіктерінен бастасақ... – Биылғы 2014 жылы О.Жәутіков атындағы республи­калық мамандандырыл­ған физика-математика орта мектеп-интернаты Дүниежүзілік олимпиадалар бойынша 2 алтын, 1 күміс, 2 қола медальды қанжығасына байлады. Ал, соңғы 10 жылдықта Дүниежүзілік олимпиадалар бойынша 4 алтын, 11 күміс, 22 қола медальдың иегері атанған. Сондай-ақ, биылғы жылы Жәутіков мектебінің 54 оқушысы «Алтын белгі» иегері атанып, жұлдыздары жарқырады. Бір айта кетерлігі, еліміздің Атырау, Маңғыстау, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарының әрқайсысынан озып кеткен. Ал, соңғы 5 жылдың көлемінде «Алтын белгі» иегерлерінің саны 285-ке жетті. Халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар бойынша 123 марапаттауға ие болдық. Ал, соңғы бес жылдың көлеміндегі марапаттаулар 562-ге жеткен. Біздің мектептің оқушылары жыл сайын 30-дан астам Халықара­лық олимпиадаларға қатысып, бақтарын сынайды. Республикалық пәндік олимпиадалар негізінде 11 пән бойынша 44 медальды жеңіп алдық. Тілге тиек етерлік мұндай жетістіктер бізде жетерлік. жаутик-3 – Естуімізше, Жәутіков жүйрік­терінің арасында әлемнің маңдайалды жоғары оқу орындарында білім алатындар көптеп табылады екен. Осы жөнінде айтып берсеңіз... – Соңғы он жылда 700-ге жуық мектеп түлегі әлемнің ең үздік жоғары оқу орындары орналасқан Гарвард, Йель, Мичиган, Карнеги, Кембридж, Оксфорд, Беркли секілді әлемнің 25 елінің университеттерінде білім алды. Сондай-ақ, жыл сайын мектеп түлектері тұрақты түрде Ресей, Сингапур, Қытай, Корея және тағы да басқа елдердің білім гранттарын иеленеді. Халықаралық емтихандардан сүрінбей өту үшін мектебімізде ағылшын тілін оқытуға ерекше ден қоямыз. Соңғы он жылда физматтық­тардың бесеуі дүниежүзіндегі ең мықты жоғары оқу орны – Массачусетс технологиялық университетіне түсуге мүмкіндік алды. Солардың бірі – мектебіміздің 2011 жылғы түлегі Алдан Әмір. Сонымен қатар, дәл осы Массачусетс технологиялық университетін үздік тәмамдаған мектебіміздің түлегі Нұржас Мақышов Джон Кеннеди атындағы Гарвард мемлекеттік басқару мектебінің студенті атанды. Мұның өзі біз үшін үлкен жетістік. Ал, 2014 жылы О.Жәутіков атындағы республикалық физика-математика мектебін 302 шәкірт бітірді. Олар әлемнің 12 елінің 66 жетекші жоғары оқу орындарында оқуға қол жеткізді. Олардың ішінде, 228 бала Қазақстанның жоғары оқу орындарына түссе, 74 түлек алыс-жақын шетелдерде оқуға мүмкіндік алды. Оның ішінде, Ресейде – 18, Украинада – 1, Қытайда – 8, Кореяда – 7, Чехияда – 1, АҚШ-та – 14, Англияда –18, Канадада – 4, Жаңа Зеландияда – 1, Австралияда – 1, Малайзияда – 1 оқушымыздың оқып жүргендігін атап өткеніміз жөн. жаутик-4 – 10 жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан «Халықа­ралық Жәутіков олимпиадасы» қазақстандық білім беру жүйесін әлемге таныта алды ма? – Биылғы жылы 10-шы рет өткен «Халықаралық Жәутіков олимпиадасы» біздің – төл жобамыз. Математика, физика, информатика пәндері бойынша өтетін Жәутіков олимпиадасына биылғы жылы әлемнің 17 елінен 390 оқушы қатысып, бағын сынады. Осы олимпиаданың аясында алтын, күміс, қола медальдардың саны 184 болса, 51-ін қазақстандық оқушылар қанжығасына байлады. Олардың басым бөлігі Жәутіков мектебінің оқушылары екендігін айта кеткеніміз жөн. Биылғы жылы 53 түлегіміз Назарбаев университетінің студенті атанса, дәл қазіргі таңда бұл белді оқу ордасында барлығы 237 оқушымыз дәріс алуда. Осы тұста мәні де маңызы да жоғары Халықаралық Жәутіков олимпиадасын өткізуге және біздің білім беру мекемеміздің биік белестерден көрінуіне мемле­кетіміздің орта білім беру саласына ұдайы көңіл аударуы және Білім және ғылым министрлігінің қолдауы ықпал еткендігін ерекше атап өткеніміз жөн. Сонымен қатар, бұл тұрғыда «РМФМОМИ түлектерінің қоры» мен Қамқоршылық Кеңесі демеушілер мен серіктестердің қолдауы да мектеп ұжымының ісін алға жылжытуға септігін тигізіп келеді. – Мұндай жоғары жетістікке жетудің сыры неде? – Бұл жерде ешқандай құпия методика жоқ. Мектебіміз 1972 жылы ашылса, содан бергі сабақ берудің үрдісін сақтап келеміз. Яғни осы мектепте оқуды армандап келген әрбір жастың талантын, бойындағы дарынын жетілдіруге күш саламыз. Физика, математиканы тереңдетіп оқытуға ден қоямыз. Өзге пәндерді де назардан тыс қалдырмай, мейлінше дұрыстап оқытуға тырысамыз. – Сіздер үшін дарындыларды іріктеп алу қиындық туғызбай ма? – Мектепке оқушылар конкурс негізінде қабылданады.Сынақ барысында физика, математика пәндері бойынша оқушылардың біліктілігі бағаланады. Сынақтан сүрінбей өтіп, жоғары нәтиже көрсеткендер қабылданады. Сондай-ақ, республикалық пәндік олимпиадалардың жеңімпаз­дары мектепке сынақсыз қабыл­данады. О.Жәутіков атындағы республикалық физика-математика орта мектеп-интернатына оқуға қабылданған балаға жатақханадан орын қарастырылған. Білім және ғылым министрлігінің қол­дауын­дағы мектеп-интернат болғандықтан, оқушының жатын жайы, тамақтануы, білім алуы барлығы да тегін жүзеге асырылады. Еліміздің түкпір-түкпіріндегі дарынды балалар О.Жәутіков сынды респуб­ликалық физика-математика мектеп-интернатының бар екендігін біліп, осында оқуға ниет білдіреді деген ойдамын. Біз қашан да оқып, білім аламын деген әрбір жасты қолдауға дайынбыз. – Оқуға қабылданғандардың барлығы мұнда тез бейімделіп кете ала ма? – Мектебімізде еліміздің түкпір-түкпірінен келген дарынды балалар білім алады деп айттық. Олардың әрбірі өз мектептерінің үздігі болғандар. Біздің мектепте тек дарындылар ғана оқитындықтан, үздіктердің арасынан үздік шығу қиынның қиыны. Сондықтан да олар барын салып оқуға тырысады. Бар күшін білім алуға жұмсайды. Мұнда қабылданған оқушылар тез арада болмаса да, уақыт өте келе, осында бейімделеді. Ал, сабағына салғырт қарап, жылдық қорытындыдан үштік баға алса, оқудан шығарылады. Бұл мектептің жарғысында арнайы көрсетілген. – Бәйгеге баптап қосқан жүйріктердің олжамен оралуы да ұлағатты ұстаздардың еселі еңбегінің жемісі екені сөзсіз. Мұғалімдерге қандай да бір талап қоясыздар ма? – «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» екені әу бастан-ақ белгілі. Шәкірттеріміздің де, оза шауып бәйге алып жүргендігі, мұғалімдердің біліктілігінің арқасы деп білемін. «Егер оқушы дарынды болса, мұғалімге екі есе қабілеттілік қажет» дегенді мен үнемі айтып жүремін. Яғни, бұл тұста жай мектептердің мұғалімдеріне қарағанда, біздің мектептің ұстаздары екі есе еңбектенетінін айта кеткенім жөн. Осы тұста еліміздің білім саласындағы білікті мамандарын анықтау барысында 2012 жылы мектебіміздің мұғалімі В.В.Жук «Қазақстан Республикасының үздік педагогы» атанса, 2013 жылы дәл осы атақты И.Ж.Ибатулин иеленді. Ал, биылғы жылдың үздік педагогы деп Гүлнұр Әубәкірова танылды. – ҰБТ бойынша қандай нәтиже көрсетіп келесіздер? – Жәутіков мектебін жыл сайын 50-ден астам «Алтын белгі» аттестатының иегерлері бітіреді. Мәселен, соңғы алты жылда 310 түлек осындай төсбелгінің иегері атанған. Биылғы жылы осындай жоғары атақты 54 үміткер алса, ал келесі оқу жылы 102 үміткер растайды деп күтілуде. Жыл сайын ҰБТ-ның біздің мектептің орташа көрсеткіші 110-нан асып тұратындығының өзі біздің мектеп оқушыларының жетістігін көрсетсе керек. – Білім министрі жақында ғана шәкірттердің қабілетін анықтау үшін ҰБТ-ның үш кезеңнен тұруы мүмкін екендігін айтты. Қалай ойлайсыз, бұл тәсіл онсыз да жыл сайын дабырасы аз болмайтын ҰБТ-ның у-шуын одан әрі үдетіп жібермей ме? – Көптеген мектептер тықыр таянғанда, яғни ҰБТ жақын­дағанда ғана дайындалуды қолға алады. Меніңше, бұл дұрыс түсінік емес. Оқушылар ҰБТ үшін ғана емес, білімді болуы үшін оқуы керек. Министрліктің бұл ұсынысын өте тиімді деп ойлаймын. Мектеп бітіруші түлектерден ғана сынақ алмай, бастауыш сыныптан кейін, негізгі мектептің соңғы сыныбында сынақ өткізіп отыратын болса, онда олардың қарым-қабілетін анықтау да қиындық туғызбас еді. – Жәутіков мектебінен К.Мәсімов, Т.Құлыбаев, Қ.Келім­бетов, Е.Досаев, Қ.Қожам­жаров, А.Жұмаділдаев сынды атпал азамат­тардың түлеп ұшқанын жақсы білеміз. Түлектеріңіз өздері білім алған оқу ордасына ат ізін салып тұра ма? – Мектебімізден осындай елге елеулі есімдердің шығуы біз үшін де мақтаныш. Жоғарыда өзіңіз атап өткен азаматтар бар, одан өзгелері бар, Алматыға келгенде алтын ұя – мектебіне келіп, кездесу ұйымдастырып тұрады. Араларында мектепке қолдау көрсетіп тұратындары да бар. Сондай-ақ, әр бес жыл сайын Республика сарайында тұрақты түрде мектеп түлектерінің кездесуі өткізіліп тұрады. Кездесу математиктер мен физиктердің бейресми съезі сияқты тамаша жиын болып өтеді. Түлектеріміздің дені өмірде жеткен жетістік­теріне мектепте алған тәлім-тәрбиесінің ықпалы болған­дығын айтады. Менің өзім де осы білім ордасының түлегі екенімді мақтанышпен айтамын. – Әңгімеңізге рахмет! Мақтан етер түлектеріңіз көбейе берсін! Архат ДОЛАЕВ, директордың ғылыми істері жөніндегі орынбасары: – Жәутіков мектебінің оқушылары әрбір олимпиадаға өте мұқият дайындалады. Сондықтан болса керек, Дүниежүзілік олимпиадаларда топ жарып жатады. 2014 жылы Кейптаунда (ОАР) өткен математикадан 55-ші халықаралық олимпиадада (IMO)1 алтын, 2 қола медальды, Астанада өткен 45-ші физикадан халықаралық олимпиадада (IPhO) бір оқушымыз алтын медальды және Тайваньда өткен информатикадан 26-шы халықаралық олимпиадада (IOI) күміс медальды иеленді. Сабыр ТҰЯҚБАЕВ, физика пәнінің мұғалімі: – Менің ерекше қабілет-қарымымен көзге түскен шәкірттерім көп болды. Оларды баптаудың өзі қиын, әрі қызық. Әрбір оқушы өзінше бір әлем. Ең бастысы - олардың ғылымға деген қызығушылығын оятып, білімнің биігіне бастауға ықпал ете білуіміз керек. Өзім сабақ берген шәкірттерімнің көпшілігі қазіргі таңда әлемнің үздік жоғары оқу орындарында оқып жүр. Осындай ауылдан арман қуып келген талай жастың талабын ұштап, білім нәрімен сусындатып, қияға қанаттандырған мен де бақытты ұстаздардың бірімін. Нұрислам Тұрсынбек, Жәутіков мектебінің түлегі: – О.Жәутіков мектебі - жүйріктерді дайындайтын білім ордасы. Осында оқып жүріп көптеген олимпиадаларға қатысып, жеңімпаз атандым. Соңғы рет, 2014 жылы физика пәні бойынша 45-ші Дүниежүзілік олимпиада Астана қаласындағы Назарбаев университетінде өтті. Әлемнің 85 елінен жас физиктер қатысқан бұл сайыста алтын медальды иелендім. Қазіргі таңда Назарбаев университетінің 1-курс студентімін. Бүгінгі мектеп оқушыларының да пәндік олимпиадаларға ерекше дайындықпен қатысқанын қалар едім. Жәутіковтің шәкірттері әлемді мойындата берсін! Сұхбаттасқан Гүлмира САДЫҚОВА