«МОРЖДЫҢ» нәзік жан сыры

Шарманов Академик Төрегелді Шармановтың тенор дауысты әнші болғанын, кезінде оның үлкен орталарда, тіпті, шет ел сахналарында Абай ариясын шырқағанын көпшілік біле қоймас. Сондай-ақ ол жаңа заманғы сазгерлер мен халық композиторлары әндерін де тамылжыта орындаған. Жастайынан өнерге жуық бала сырнай, аккордеон, мандолинаға да ерте бейімделеді. Көбіне скрипка тартқан екен. Және еуропалық мәнердегі спорттық-балдық билерді шебер билеген. Сол қасиетін жоғары бағалағандықтан шығар, СССР дәуірінде комсомол, партия ұйымдары сырт мемлекеттерге шығатын делегация жетекшісі ретінде осынау асықтай иірілген қағылез, алғыр жасты жиі жібергенін көреміз. Бірақ жұртшылықты жұқалтаң ғана келген осы бір боз жігіттің әншілігі мен бишілігінен бұрын мұздай суға түсуге керемет құмарлығы қаттырақ таңырқатқандай. Бүлдіршін бала кезден-ақ қалыптасқан дағдысы секілді. Жағаға жеткен бойда дереу шешініп тастап, жалаңаяқ қар кешіп барып, тастай суатқа күмп ете түсетін көрінеді. Ызғары сүйектен өткен суға құшырлана рахаттанып, шаттана күліп, мәз-мейрам болады. Осы әдеті үшін әке-шешесінен талай таяқ та жеген. Әкесі бір күні, тіпті: – Өлесің ғой, балам-оу! Қоймадың-ау! – деп зар жылайды. Бірақ шомылуды тоқтатпаған. Со қалпымен кетеді. Әсіресе, он бір жыл бойы Республи­каның Денсаулық министрі қызметін атқарған шақтарында жұмыс бабымен талай жерді шарлауға тура келеді; соның ішінде Марсель тұсынан Жерорта теңізіне, Венгриядағы Балатон көліне кілең қақаған қыс ішінде шомылған сәттері есінде қалыпты. Әлбетте, серіктері «ауырасыз ғой, мұныңыз не!» деп жібермегендіктен, таң ата жасырынып барып түсіп жүрген... – Өзі, расында да, білмеймін осы әдеттің қайдан жұққанын! Кейде салқын суға бір сүңгіп шықпасам, бірдеңе жетпей тұрғандай тықырши бастаймын, – деп сыр ағытады Төкең. Қыс айларында мұз құрсанған биік тау шатқалдарына көтеріліп, шаңғы тебу де ағамыздың сүйікті әуестігінің бірі екен. Онда да қызық – ылғи белуардан шешініп алып жүйткиді. Әрине, мұндайда, сәл қолайсыз жағдайлар да ұшырасып жататындай. Бірде зулатып түсіп келе жатса, отбасымен бірге бұта түбінде жылынып, термостан шәй ішіп отырған азамат: – О-о, Токе, приветствуем! – деп орнынан атып тұрып, қос қолын көтере амандасады. Орыс ағайындардың бірі-ау. Заулап өте шығады деп ойласа керек. Төрегелдіні танығанын, әрі оның мынандай әуестігін әбден құптайтынын... әм осынша тосын көрініске таңдану сезімін аңғартып қалуға тырысқандай. Бұл да жалт бұрылып, шаңғы табанынан қар боратып, екі таяқты тіреніп кілт тоқтай қалады. Мұндай шалт қимылды күтпеген сонда әлгі абдырап: – А это твой министр, кстати! – депті әйеліне. Төкең жейдесіз жүргені есіне сонда ғана түсіп, қысылыңқырап қалады. – Қатты ұялдым, шынында. Және мұндай жәйт қаншама рет қайталанды ғой... Он-он бес жыл бойына Шымбұлақ қияларын, Америка мен Швейцария төскейлерін Төрегелді шаңғысының ізі талай тілгілегендей. Келе-келе оның бұл құмарлығы өзінің балаларына да дари бастайды. Төрегелді Шарманұлының тағы бір ермегі – сөздің шығу-тегіне үңілу. Мәселен, қазақтың немесе орыстың кейбір ұғымының түп негізі қайда жатыр – соны зерттейді. Тартымды сөйлемдердің құрылу мәнерін қызықтайды. Қалт етсе, оқитыны – мың бояулы тірліктің қалтарыс-қырлары қаузалған әсерлі материалдар. Олардың қайсыбірін қаттап, жинап та жүреді. Сөз құрамының өзінен сұлулық іздейді. Әуезді ырғақ, мәнді үйлесім сезінсе, көңілі марқайып, қатты қуанады. Осындай машықтың да ықпалынан шығар, ертеден-ақ ғылыми жұмыстың өзіне әдеби тұрғыдан қараушы еді. Тіпті, жетекшілері құптамаса да, кейбір баяндамаларын өлеңмен жазған кездері болған. Өз қаламынан да көптеген эсселер туды. Жинақтаса, екі-үш кітапқа татиды-ау. Санамапты. «Өз замандастарымның портреттеріне штрихтар» деп аталады. Бұлардың ішінде президент Джон Кеннедидің інісі Эдвард Кеннеди сынды тұлғалардың кескіні бар. Көрген, кездескен, араласқан адамдары. Сол секілді Дінмұхамед Қонаевтай мемлекет қайраткерлері жөнінде, Борис Петровский сияқты академиктер туралы немесе Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы, яки ЮСАИД, ЮНИСЕФ-тің бас директорлары сияқты ірі жетекшілер хақында ой толғаған. Бұлар кімдер, соларды өзі қалай көреді, жалпы, осылардың азаматтық қасиеттері қандай, қоғам дамуы жолында не қызмет атқарды... дегендей, кейіпкерлерін әр қырынан қарап, ішкі дүниесін ашуға тырысады. Әрі, кестелі ойды ең әсем сөздермен жеткізуге ұмтылады... Қарап отырса, бұл да бір жатқан шырайлы әлем екен. Әйткемен, қазір баяғыдай ән салмайды. Аяулы қызы Алмадан айырылғалы бері отыз жылдан аса уақыт өтсе де, жүрегіннен ән шықпайтын болыпты. Қол боста жеке кезіп, өз-өзімен ой кешуді ұнатады. Оңашада ақ қағазбен мұңдасуды қалайды.                                          Құлтөлеу МҰҚАШ