Көш түзелді, кәсіпкер сен де түзел!

stroitelstvo1 Қоғам қандай құрылымды бастан кешсе де, қандай әлеуметтік жүйе орнаса да кәсіп күнкөріс пен тіршіліктің тұрақты көзі болып қала береді. «Кәсіп түбі – нәсіп» деп аталарымыз айтқандай, кім де болса өзі айналысқан кәсіптің арқасында нәсібін табады. Бүгінгі заманда интеллектілік кәсіпке басымдылық беріліп отырғаны белгілі. Ол да дұрыс, қоғамды алға жылжытатын ғылым мен білімге негізделген ой еңбегі екені де даусыз. Әйтсе де, жұмысшы мамандығының мәні мен маңызын біз естен шығармауымыз қажет. Экономиканың түп қазығы, нақты қозғаушы күші болып саналатын өндірісті өз қолымен өркендетіп отырған да жұмысшы табы. Жұмысшы мәртебесін жоғары ұстаған ел ұтылмайды. Ел байлығын еселеген қарапайым кадрларға құрметпен, қамқорлықпен қараған ләзім. Ендеше бүгінгі әңгімеміздің тақырыбы да сол жұмысшы мамандарды дайындау, кәсіптік білім-бағдар беру жайында болмақ. МАҢЫЗЫН ЖОҒАЛТҚАН МАМАНДЫҚ Жоғарыда айтқан ойымызды айқындай түсу үшін өзіміз бастан өткерген жылдарға шегініс жасай кетейік. Тәуелсіздік алған жылдардың басында білім беру саласында түрлі университеттер пайда болды. Бұрыннан келе жатқан оқу орындарында да қосымша бөлімдер ашылып, экономист, заңгер мамандарды жаппай дайындауға көшкен болатынбыз. Өйткені сұраныс солай болды, бәріміз де шетімізден сот қызметкері, прокурор немесе ақшаға жақын банк маманы болғымыз келді. Бірден айтайық, осы кадрларды дайындауда сапаның болмағаны анық. Өйткені техникалық базалары қалыптаспаған жаңадан ашылған оқу орындарында осы аталған мыңдаған мамандарды дайындайтын тәжірибелі, білікті ұстаздар жетіспеді. Сөйтіп бұл салалар бойынша сапасыз дайындалған кадрларды көбейтіп жібердік. Сыңар бағытқа салынғандықтың зардабын тағы да өзіміз шектік. Дәл сол кезеңде зауыт-фабрикаларымыз жабылып, өндірістердің тоқтауына байланысты жұмысшы мамандарды дайындауды мүлдем ұмыт қалдырдық. Жұмысшы мамандығы мәртебесі мен маңызын біржолата жоғалтты. Еліміздегі түрлі жұмысшы кадрларды оқытатын кәсіптік техникалық училищелері жекешелендіру деген желеумен жедел жүргізілген шаралар барысында араны ашылғандардың арасында талан-таражға түсті. Техникалық базасы мықты деген осындай жүздеген оқу ордаларының бүгінде өзі түгіл орны да жоқ. Бар болса да, кезінде «жұмысшы кадрларды дайындаймыз, саланың сағын сындырмаймыз» деп ант-су ішіп, жекешелендіріп алған соң сауда-саттық, ойын-сауық орындарына айналдырып жіберді. Қазір оны қайтару мүмкін болмай, қолдан қолға өтіп кетті. Тек санаулылары ғана сол бұрынғы бағытын сақтап қала алды. Олардың да бүгінге сүйретілген сүлбесі ғана жетті деуге болады. Соған да шүкіршілік деп отырмыз. ҚАЙТА ҚАЛЫПТАСТЫРУ Жылдар өтіп, алды-артымызға аңдап қа­рағанда ғана біз бүкіл қала­мызды да, даламызды да базарлар мен сауда-саттық алаңдарына айналдырып жібергенімізді ұғып, есімізді әзер жинаған жоқпыз ба? Жекешелендіру атты жаппай «ханталапай» аяқталды. Сол кездегі қиялға құрылған жекешелендіру купондарының қайда кеткенін де білмей қалдық. Бар байлықтың қызығын сол тұста қолында билігі барлар көріп, әкесінен мұра алғандай, ешқандай ар-ұяттың алдында именбестен иемденді. Бір ғажабы, тойымсыздықтан көзі­міздің тұманданғаны соншалық, өзге бір бөтен елдің мал-мүлкін басып алып, бөліске салғандай жағдайға жеттік. Жылдар бойы жиналған қолдағы бар байлықты өзіміздің ата-бабаларымыз бен әкелеріміздің ұрпақтарына, біздер үшін тастап кеткенін де есепке алмадық. Қайткенде көбірек қарпып қалу керек деген қағида қалыптасты қоғамда. Біреулер өз елінен ұрлаған байлықты шетел асыра бастады. Сонда олар кімді тонап, кімнен қашып отыр десеңізші... Өткен өтті, оған өкінгеннен пайда жоқ, болары болып, бояуы сіңген соң. Бұл да өз тарихында қиын да қилы кезеңдерден көз ашпаған қазағымның иығына артылған кезекті ауыр жүктің, сансыз сынның бірі шығар. «Ақсақ қой түстен кейін маңырайды» демекші, өндіріссіз өміріміздің мәні болмайтыны түс ауа еске түскенде ғана жұмысшы мамандар қажет екенін ұқтық. Сөйтіп өз қолымызбен талқандаған кәсіптік білім беру орындарын жоқтай бастадық. «Алдымен экономика, сосын саясат» деген Елбасымыздан бастап, бәріміз кәсіпке, оның ішінде, жұмысшы мамандарын қалыптастыруға қайта бет бұрдық. Алдымен ақылға жүгінбей, аяғымызды алшаң басқандығымыз басымызға таяқ болып тиді. «Қолда бардың қадірін білмегеніміз» күні бүгінге дейін өзімізге сор болып келеді. Еліміз бойынша кәсіпорындарда қазір көптеген мамандықтар бойынша жұмысшы күші жетіспейді. Бүгінгі күні қолбайлау болып отырған жемқорлыққа көзді жұма қарағанның өзінде, ондаған мемлекеттік бағдарламалардың орындалмауының басты себептерінің бірі осыған келіп тіреледі. Дәлірек айтсақ, қолы алтын, білікті жұмысшы мамандар тапшы. Содан да болар қазір қайда барсаң да, әсіресе, құрылыс саласында Өзбекстан, Түркия, Тәжікстан сияқты шетелден келген жұмысшылар қаптап кетті. Ал, «құлбазар» деп аталып кеткен жұмыс іздеу­шілер алаңында қазақ жастары екі қолына бір күрек таба алмай сенделіп жүр. Бұл да біздің Үкіметтің дәрменсіздігі мен оңтайлы экономикалық саясат жүргізе алмауының салдары. Он шақты Үкімет басшысы, сансыз министрлер ауысса да еліміздегі мол мүмкіндікті пайдаланып, өндірістік саланы әлі де өз деңгейінде ұтымды ұйымдастырып, үйлестіре алмай отыр. Сондықтан да өзі жауапкершілігіне алған саланы ақсатқан талай басшы Елбасынан ескерту алып, біразы жылы орнымен қоштасты. Шенділер мен шекпенділердің бетке ұрған шындықтан ішектері үзіліп кетсе де, бұл туралы ашық айтуымыз керек. Аузымызды қу шөппен сүрте бермей, әділін де айтқанымыз жөн шығар. Соңғы жылдар жұмысшы кадрларды дайындауға ден қойыла бастады. Білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында тиімділігі жоғары инновациялық үлгіге көшу мақсатымен ел экономикасын кәсіптік-техникалық кадрлармен қамтамасыз етуге бағытталған арнайы техникалық және кәсіптік білім беру бағдарламасын жүзеге асыру басталып кетті. Бизнес-қоғамдастықтармен және Сингапур, Германия, Нидерланды секілді елдердердің жетекші оқу орындарымен серіктесіп, әлемдік санаттағы колледждер желісін дамыту үшін «Кәсіпқор» холдингі АҚ құрылды. «Кәсіпқордың» ұзақ мерзімді стратегиясы оқу орындарын білім алудың қос жүйелі бағдарламасына ауыстыруға негізделген. Бастапқы кезеңде «Кәсіпқор» холдингінің колледждерінде білім беру үрдісі арнайы кесте бойынша құрылатын болады. Оқудың 80%-ы білім беру орнында, 20%-ы өндірісте өтеді. Оқу орындарында өндіріске жақын жағдай қалыптастырылып, студенттерді өндірістік тәжірибеден өткізу үшін кәсіпорындармен келісімшарттар жасалатын болды. Жаңа әдістемеде мамандық бойынша қос жүйеде білім беру бағдарламалары әзірленді. Бұны енді кәсіптік білім беруге бет бұрудың басы деп атауға болады. ОРНЫНДА БАР ОҢАЛАДЫ Әрине, сырттай тон пішіп, «өйтпеді, бүйте қоймады» деп кімді болсын сынға алу оңай. Ал, көтерер жүгі ауыр нақты іс атқарудың жөні мүлдем бөлек. Бір кездерде ондаған алып зауыт-фабрикалары мен көптеген қуатты құрылыс мекемелері бар алып қала Алматыда қыл­тиған құрылыс кранының мұ­нарасын көруге де зар боп қалған күндерді бастан өткердік. Шүкір, бүгін кәсіптік білім беру өз бағытын тапқан секілді. Сондай оқу орындарының бірі – Алматыдағы №10 құрылыс техникалық колледжі. Сонау кеңестік кезеңнен сақталған бұл бұрынғы оқу орнында қазір 7 мамандық бойынша 1027 студент білім алып жатыр. Бұ­рынғы Алматы үй құрылысы комбинаты негізінде 45 жылдан бері құрылыс алаңдарына жұмысшы мамандарын дайындап келген оқу орнында көптеген тәжірибелі ұстаздар еңбек етеді. Үлкен ұжымда 45 жалпы білім беру, 43 өндірістік оқыту шеберлері оқушыларын мамандықтың қыр-сырына қанықтыруда. Бұл ұжымда өз шәкірттерінің бүгінгі еңбек нарығында өзгелерден шеберлік атты бәсекеде биік тұруы үшін күреседі. Сондықтан болар, оқу орны түлектері мамандық алып шыққан соң, жүз пайыз жұмыспен қамтылып келеді. Әрине, ол үшін бүкіл оқыту жоспарын жүйелі жүргізіп, әсіресе, кәсіби мамандықты игеруге баса көңіл бөлінеді. Бұрыннан базасы мығым оқу орны қазір заман талабына сай жаңа техника мен технологияға бет бұрды. Алдымен жыл сайын өзгеріп, толығып жатқан техникалық дамуға ілесе білу керек. Бұл жөнінен мемлекет және жергілікті бюджет тарапынан қаржылай көмек көрсетілуде. Колледждегі шеберханалар қайта жарақталып, өндіріс жағдайына мейлінше жақындады. Шеберханалардағы құрылғылар өндірістегілермен бірдей. Бұл жастардың ертең өндіріске барғанда жұмыс істейтін жабдықтарға жатсына, жатырқай қарамауына септігін тигізеді. Бірақ, бұл да аздық етеді. Сондықтан келісімшартқа отырған кәсіпорындарда тәжірибеден өту аса қажет. Біріншіден, тікелей өндіріс жас маман үшін өмір мектебінің алғашқы баспалдағы болып есептеледі. Олар ұжымда жұмыс істеуді, үлкен өндірістің ішкі иірімдерін өз көздерімен көріп танысады. Екіншіден, оқу кезінде ескерілмейтін кейбір тұстарды тәжірибелі мамандардан қосымша үйренетін болады. Үшіншіден, осы тәжірибе кезінде өзін жақсы жағынан көрсеткен жастарды кәсіпорын аттай қалап алатыны да белгілі. Өндірістік тәжірибе тіке­лей колледждегі өндірістік оқыту­ды жүргізетін ұстаздардың бақылауымен өтеді. Жасөспі­рімдердің техникалық қауіпсіздік ережелерін сақтау тәртібі мен күніне жұмыс күнінің 6 сағаттан аспауына баса назар аударылады. Сол сияқты оларды қосымша жұмысқа жегіп қоймай, барынша мамандық бойынша жұмыс істеуіне мүмкіндіктер жасалады. Ол жастардың шеберліктерін шыңдауына әсер етеді. МҮМКІНДІГІ ШЕКТЕУЛІЛЕРГЕ БЕРІЛГЕН МОЛ МҮМКІНДІК Алматыдағы көптеген кол­ледждердің ішінде жеңіл өнеркәсіп саласына жұмыс­шылар дайындайтын №8 оқу орны назар аударарлық дер едік. Бұл да бұрынғы оқу орын­дарының бірі болып табылады. Колледж жылына киім пішіп-тігуші, аяқ киім тігуші, ағаш, құрылыстағы әрлеу шебері, аспаз, шаштараз сияқты 150 жұмысшы мамандарды дайындап шыға­рады. Оған қоса, өзге оқу орын­дарында сирек кездесетін гүл өсіруші мамандығы да оқыты­лады. Оқу орнында алты маман­дық бойынша алты шеберханалар жаңа құрылғылармен жаб­дықталған. Өндірістік оқулар мамандықтар бойынша әр топтарға бөлініп жүргізіледі. Оқу орнында компьютер, мультиме­дия кабинеттері, оқу-әдістемелік, ғылыми және көркем әдебиеттер кітапханасы, дәрігерлік бөлім, спорт залдары, асхана, мамандықтар бойынша шеберханалар жұмыс істейді. Колледж өздерінің тәжірибелі, білікті ұстаздарымен мақтана алады. Солардың бірі жекелеген мамандық бойынша републикалық конкурстың гран-при жүлдесін жеңіп алған Гүлнар Суамбекова. Колледждің басты ерекшелігі Қазақстан бойынша бірінші болып мүмкіндігі шектеулі жастарды оқытып, мамандыққа баулу болып табылады. Оларға психологиялық жағынан қолдау көрсетіп, тәрбиелеу жұмыстарын жүргізу қосымша күшті қажет ететіні белгілі. Мамандық пен білім беріп қана қоймай, оларды одан әрі тұрақты жұмысқа орналастыруды да өз мойындарына алып отыр. Әрине, бұл өте жауапты да күрделі жұмыс. Қазір Үкімет тарапынан мүмкіндігі шектеулі жандарға көп жеңіл­діктер жасалуда. Дегенмен сол шараларды нақты іске асыруда көптеген кемшіліктер орын алып жататыны жасырын емес. Колледж болашақта өздерінің базасында жылыжай сияқты қосымша шаруашылық өндіріс алаңдарын ашып, оқушылардың жұмыс істеуіне мүмкіндік бермекші. Егер жаңағыдай мүмкіндігі шектеулі жандар жұмыстан шығып қалса, оларды осы қосымша шаруашылыққа өздеріне қабылдауды көздеп отыр. Бұл да жарымжан жандарды әлеуметтік жағынан қорғаудың нақты бір көрінісі болары хақ. АЙТАЙЫН ДЕГЕНІМ... Назгүл РАҚЫШЕВА, №10-кәсіптік құрылыс-техникалық колледжі директорының оқу ісінің орынбасары – Біздің оқу орнының 45 жылдық тарихы бар. Бүкіл елімізге танымал кәсіпорын Алматы үй құрылысы комбинатының құрамында болған кәсіптік-техникалық училищесінің мұрагері ретінде құрылыс саласына жұмысшы мамандарды тұрақты дайындап келеді. Әрине, бұрынғы оқу орны мен қазіргі колледжді тіпті де салыстыруға болмайды. Заман талабына сай білім беру бағдарламалары түбірімен өзгерді. Оқу бағдарламасы екі сатыдан тұрады. Алдымен жалпы білім бере отырып, кәсіпке баулимыз. Ең бастысы, өндірістік тәжірибеге баса мән беріледі. Қазір оқу орны заманауи техникалық құрылғылармен жабдықталған. Оқу орны бір жарым жыл бұрын лицей болса, енді колледж дәрежесіне көшірілген. Соған орай, біз құрылыс саласына жай ғана жұмысшыларды емес, білікті, білімді, жаңа техникалар мен жаңа технологиялар бойынша жұмыс істей алатын мамандарды дайындауға міндеттіміз. Әрине, колледжге айналғаны біздің ұйым үшін үлкен абырой. Бірақ, кез келген жаңалықтың жақсы да, тиімсіз де тұстары болатыны белгілі. Айтайын дегенім, бізге көбінесе 9-сыныпты бітірген жасөспірімдер келеді. Бір ғана алматылықтар емес, көрші аймақтардан да талапкерлер бар. Олар үшін жатақхана қарастырылмаған. Бұрын бір мезгіл ыстық тамақ тегін берілетін, қазір ол алынып тасталды. Рас, әлеуметтік жағынан жағдайы нашар жанұядан шыққан балаларға тегін тамақ беріледі. Ол үшін көптеген анықтамалар әкелуі керек. Лицейден бір артықшылығы колледж болғандықтан, оқу үлгерімі жақсы болса 12-13 мың теңге көлемінде шәкіртақы беріледі. Тағы бір мәселе ұстаздардың жалақысына байланысты болып отыр. Бұрындары мектеп мұғалімдері сияқты категорияға байланысты бағаланса, қазір еңбек өтіліне тікелей байланысты болып қалды. Келесі жылы мектеп мұғалімдерінің жалақысы көтерілетіні ресми түрде жарияланғаны белгілі. Бірақ, оның бізге қатысы жоқ. Жоғары оқу орындарында ғылыми атақтарына қарай жалақы да өсетіні белгілі. Біз осы екі санатқа да кірмейміз. Осыған байланысты кадр мәселесі туындауы заңды құбылыс. Нарықтық қатынас қалай десек те жалақыға назар аудартады. Әлеуметтік жағынан қорғалмаған ұстаз қандай білім беруі мүмкін? Бізде ұзақ жылдар еңбек етіп келе жатқан ұстаздар көптеп саналады, сондықтан олар өздерінің бауыр басқан ұжымдарында қалып отыр. Аталмыш жағдай біздің саладағы барлық әріптестерімізге де қатысты. Бұл мәселе жоғарғы жаққа да жеткен болатын. Тіпті Мәжілісте де айтылды. Бірақ осы күнге дейін шешімін таппай келеді. Айтбек СӘРСЕНҒАЛИЕВ, №8 технология және флористика колледжінің директоры: – Оқу орнымызда жеңіл өнеркәсіп саласына құрылысшы, түрлі тігіншілер, аспаз, шаштараз бен гүл өсіру мамандарын дайындайды. Айтайын дегенім, біздің өзге әріптестерімізге қарағанда бір ерекшелігіміз бар. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары өндіріс ошақтарының жабылуына байланысты мүмкіндігі шектеулі емес, он екі мүшесі сау адамның өзіне жұмыс табу қиын болғаны белгілі. Ал, денсаулығы нашар, кемтар жандар еңбек ету туралы армандамайтын да. Бүгінде бәрі де басқаша. Өндіріс орындарының қайта жанданып, кәсіпорындар көбейген қазіргі кезеңде жұмысшы мамандар аса қажет, тіпті жетіспейді. Осыған байланысты өндірісте мүмкіндігі шектеулі жандардың еңбегін пайдалану қолға алынды. Ең бастысы, жаңағы адамдардың да өзгелермен өздерін тең санауына, қатар еңбек етуіне мүмкіндіктер жасалуда. Үкімет үкімі бойынша кәсіпорындардағы жұмысшы-қызметкерлердің үш пайызын мүмкіндігі шектеулі адамдар құрау керек, бұл туралы арнайы қаулы да бар. Яғни олар да еңбек етіп, заң жүзінде кез келген Қазақстан азаматымен иық тірестіре алады. Қаулының аты қаулы. Ал, іс жүзінде кәсіпорындар кемтар кадрларды алмауға тырысатыны да рас. Ол үшін олар мамандықты жақсы игерген білімді болуы қажет. Қала колледждері ішінде, тіпті еліміз бойынша біз ғана мүмкіндігі шектеулі балаларды оқытуды бастап, бірнеше жылдық тәжірибе жинақтап үлгердік. Шынын айтсақ, бұл істің толып жатқан өзіндік қиындықтары баршылық. Дене мүшелерінің кемдігі өз алдына, көбісінің жүйкелері де сыр беріп жатады. Сондықтан медициналық көмекпен қатар, тәрбие жұмысына психолог мамандарымыз да тұрақты араласады. Олардың әрқайсысымен жеке жұмыс жүргізуге тура келеді. Моральдық жағынан қолдау көрсетіп, мамандыққа баулуда ерекше тәсілдер қолдану қажет. Ал, республикамыз бойынша осындай қаншама балалар қамтылмай қалып жатыр. Қаулыдан қорқып кәсіпорындар жұмысқа қабылдағанмен, арнайы дайындықсыз келген жандар көп ұзамай тағы да жұмыссыз қалады. Осыған байланысты біз өз ұсынысымызбен шығып, біздің оқу орны базасында мүмкіндігі щектеулі балаларды оқытып, кәсіптік бағдар беретін арнаулы колледж ашуды алға тартып отырмыз. Біздің зерттеуімізше бұндай тәжірибе дамыған шетелдерде бар екен. Ондай мүмкіндік бізде жеткілікті. Егер осы ұсынысымыз қолдау тапса, біздің көпжылдық тәжірибесі бар ұстаздар ұжымы мұндай әлеуметтік маңызы жоғары, жауапты да пайдалы істі атқаруға дайын. Ләззат ЖЫЛҚЫБАЕВА, Алматы қаласы Білім басқармасы кәсіптік-техникалық білім беру бөлімінің басшысы: КӘСІПКЕРЛІК БІЛІМНЕН БАСТАЛАДЫ – Мемлекеттік бағдарлама аясында жастарға кәсіптік білім беру бойынша Алматы қаласы алдынғы орында келеді. Халқының саны бойынша және кәсіпорындары көптеп ашылып жатқан алып шаһардың бұл бағытта атқарып жатқан істері айтуға тұрарлық. Бүгінгі күні қаламызда 83 кәсіптік-техникалық білім беретін колледждер тұрақты жұмыс істейді. Оның 22-сі мемлекеттік те, 61-і жекемешік иелігінде. Осы аталған оқу орындарында 60 мыңнан астам жастар білім алып жатыр. Соның ішінде, 22305 студент мемлекеттік тапсырыс бойынша оқытылуда. Ағымдағы жылы техникалық және кәсіптік білім беруді дамытуға бюджет есебінен 8 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінді. Оның 525 млн. теңгесі оқу-материалдық базаны нығайтуға бағытталып, 11 колледжде 17 шеберхана мен зертханалар заманауи талаптарға сай жасақталды. Техникалық және қызмет көрсету еңбегі мамандарын дайындау саласында дуальды оқыту жүйесін енгізу үшін 9 колледж 10 кәсіпорынмен меморандумдар мен келісімдерге қол қойылды. Олардың қатарында «Алматыэнергосервис» ЖШС, «Қазақтелеком» АҚ, «Қазақстан темір жолы» АҚ, «Қазпошта» АҚ, «Самұрық Қазына» қоры сияқты белгілі ұйымдар бар. Жылдың соңына дейін 20 колледжді дуальды оқыту жүйесіне енгізу жоспарланып отыр. Тағы бір айта кетерлігі, 2014 жылы мемлекеттік білім беру тапсырысы өткен жылмен салыстырғанда 650 орынға ұлғайып, 8600-ге артты. Биылғы оқу жылында біздің колледждерді 15664 студент сәтті аяқтап, өмірден өз орындарын тапты. Олай дейтініміз, біздің оқу орындарын бітірген жастардың 98 пайызы жұмыспен қамтылады. Бұл өте жоғары көрсеткіш деп айтуға болады. Шынын айтсақ, мақтаулы деген жоғары оқу орындарының өзі мұндай көрсеткішті маңайлай алмайды. Өздеріңіз байқағандай, бізде мемлекеттік емес оқу орындарының саны басымырақ. Бірақ, олардың мүмкіндігі мемлекеттік колледждерге қарағанда аз, техникалық базалары әлсіз. Сондықтан соңғы кезде олар біріктіріліп, қуаты көтерілуде. Ал, мемлекеттік колледждер бюджеттен тұрақты қаржыландыру арқылы өз мүмкіндіктері мен қуатын жылдан жылға арттырып келеді. Бұның бәрі кәсіптік білім беру сапасын арттыру мақсатында жасалып жатқан шаралар. Бүгінгі күні жұмысшы мамандағына баса назар аударылып отырғаны мәлім. Іскер, кәсіпкер деген сөз қазір жиі айтылатын болды. Ол өндіріс арқылы үлкен бизнеске жол ашса, соның бәрі сол кәсіппен айналысып жатқан адамдардың еңбегіне байланысты. Кәсіпкер өз саласын, өз мамандығын жақсы меңгерсе, жетістікке жетеді. Кез келген кәсіпкерлік білімнен басталады. Ал, біздер жастарға лайықты білім беру арқылы соған сенімді негіз қалауымыз керек. Оқу орындарымыздың түлектері айналысқан кәсібінің нәсібін көріп жатса, біздің де еңбегіміздің босқа кетпегені. ТҮЙІН Біз кәсіптік білім беру саласына шағын ғана шолу жасап, бүгін ерекше маңызға ие болып отырған жұмысшы мамандарды дайындау барысына көз жүгіртіп көрдік. Мемлекеттік қолдау тапқалы бұл саланың жұмысы ілгеріледі деп айтуға болады. Оны біз Алматы қаласындағы оқу орындары арқылы танысып білдік. Әрине, саланың төрт аяғы бірдей жорға деуден аулақпыз, шешілмеген мәселелер әлі де баршылық. Кәсіптің басы білім алудан басталған соң, мамандықты игеруге бірден-бір ықпал етіп отырған сала жұмысы соңғы жылдар өз сүрлеуін тапқаны қуантады. Яғни, кәсіпкерлер көші түзелді деген сөз. «Көш түзелді, кәсіпкер, сен де түзел!» демекпіз өндірісімізді өркендетіп, ел байлығын еселеуші қауымға. Зейнолла АБАЖАН