БЕЛСЕНДІ ДЕПУТАТТАР БЕЛГІЛІ БОЛДЫ

404747 Жақында елімізде ең белсенді депутаттардың рейтингі жарияланды. Отандық социологтар Мәжілісте батыл мәлімдеме жасап, Үкіметті жиі сынайтын алғашқы ондыққа іліккен халық қалаулыларының есімін атады. Белсенді топтың тізімін Дариға Назарбаева бастап тұр. Вице-спикер әсіресе, Білім министрлігін аяусыз сынап келеді. Әрі депутат халықтың мұң-мұқтажын жиі көтеретіндіктен басқа әріптестерінен оқ бойы озық шыққан. Шенеуніктердің үрейін ұшырмаса да, көкшетаулық мүгедекті жекпе-жекке шақырумен аты шыққан Тәңірберген Бердоң­ғаров та күтпеген жерден белсенді топтың қатарынан табылды. Үздік үштікті ән салуды ұнататын Мұхтар Тінікеев тұйықтады. Кейінгі орындарға Мәжілістің ақсақалы Владислав Косарев, тағы бір коммунист Айқын Қоңыров, Азат Перуашев, Нұртай Сәбильянов, Майра Айсина мен Мәулен Әшімбаев жайғасқан. Тізімге гейлерге ауқымды күрес жариялаған ауған соғысының ардагері Бақытбек Смағұл да еніпті. Неге екенін белгісіз, белсенділігімен үнемі көзге түсіп жүрген Рауан Шаекин шет қалыпты.