Елбасы Еуропаға сапарын қорытындылады

Назарбаев ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Италия Республикасына жұмыс сапарының қорытындысы бойынша брифинг өткізіп, «Азия-Еуропа» форумының 10-саммитіне қатысты және Бельгия Корольдігі мен Беларусь Республикасына жасаған соңғы сапарларының нәтижелері туралы әңгімеледі. Қазақстан Президенті әлемдік қаржы-экономикалық дағдарыс­тың салдары халықаралық нарық­тарға, соның ішінде, біздің елімізге де әлі теріс ықпал етіп отырға­нын айтты. Нұрсұлтан Назарбаев соңғы айда болған сапарлар түрлі мемлекеттермен арадағы екіжақты ынтымақтастықты терең­де­туге бағытталғанын, бұлар Қазақ­стан­ның іскерлік байланыстарын ны­ғай­туға және экономикасын әрі қа­рай дамытуға оң ықпал ететінін атады. Мемлекет басшысы Брюссельде қол қойылған ҚР мен ЕО-ның кеңейтілген серіктестігі мен ынтымақтастығы туралы келісімнің жобасы бойынша алты жыл бойы жүргізілген келіссөздердің аяқталғандығы жөніндегі құжаттың маңызд­ылығына назар аударды. Сондай-ақ Қазақстанның ДСҰ-ға кіруі аясында Еуро­палық одақпен екіжақты келіссөздерінің аяқталғандығы туралы құжат та айрықша мәнге ие екенін айтты. – Бұл кездесулер еліміздің әлемдік аренадағы беделін көтереді, жаһандық экономикадағы күрделі ахуал жағдайында Қазақстанға инвестиция тарту мүмкіндіктерін кеңейтеді, сондай-ақ республика­мызға деген оң көзқарас қалып­тастырады. Көптеген елдер қара­жат­тарын Қазақстанға салуға ұмты­лады, ол экономиканың да­муын ынталандырып, жаңа жұмыс орындарының ашылуы мен халқымыздың әл-ауқатын жақсар­туға септігін тигізеді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.