АЛАШ ИДЕЯСЫ ДЕГЕН АУҚЫМДЫ ҰҒЫМ...

1 – Өтен аға, Алашорда ұлттық үкіметінің тарихына тікелей қатысты жаңадан табылған тарихи жәдігер ретінде саналатын «Мұрат үшін майдан» пьесасын жандандыруды қолға алдыңыз, жүрексінген жоқсыз ба? – Жүрексінесің, әрине. Өйткені, қолға алған қандай шығарма болсын авторды ойлантуға да, қиналтуға да тиісті. Біріншіден, Алашорда ұлттық үкіметінің қысқа ғұмырлы, аз күндік қызметі жайында қазақ әдебиетінде үлгі қалдырып, шығарма жазылмаған. Екіншіден, Мұқтызар Титақовтың 1935 жылы бастаған «Мұрат үшін майдан» атты пьесасынан біздің қолымызға жеткені, әдеби көркемдік жағын айтпағанның өзінде, үш-ақ көрініс. Жалпы тарихи тақырып үлкен жауапкершілікті жүктейді, алдымен соған назар аударған жөн. Халқымыздың бастан кешкен өткен тарихына байланысты замандастарымның білгенін мен де білген шығармын деп ойлаймын. Бірақ дерегі аз, дәйектемесі кемшін, көбіне аңыз ізімен кететін және өз руынан шыққан белгілі-белгісіз адамдарды дәріптеу үшін эмоцияға құрылған шығармалар қатарын көбейткім келмегені рас. Оның орнына осыған дейін өзім өмір сүрген ортама, заман құбылнамасына көңіл бөлгенді жөн көріп келгенім де шындық. – Жезқазғанның кеншілері, Балқаштың мыс қорытушылары, Теміртаудың болат балқы­тушылары, Қарағандының шах­терлері, Қарқаралы мен Нұраның малшы-механизаторлары туралы әңгімелер, хикаяттар, романдар, пьесалар жазғаныңыз, жаныңызға жақын тақырыптар болғаны ғой? – Әркім өзі игерген тақы­рыпқа қалам тербеуі керек. Ол өз басыңнан өтсе тіпті жақсы, шынайылық болады ондай жерде. Мен бірінші класты аттап, екіншіден бастап оқыдым. Себебі, темір жол бекеті басында мектеп болған жоқ. Ең жақын мектеп аудан орталығы Қармақшыда, бізден он шақырым жер еді. Үйде жүріп өз бетімше әріп таныдым, оқуға, жазуға үйрендім. Жа­сым озыңқырап кетті. Сол се­бепті бірден екінші сыныпқа кірдім. Кейін екі жыл үңгуші (проходчик) болып жұмыс істеп, кешкі мектеп бітіріп, оқу іздегенімде Мәскеу, Киев, Ленинград, Ташкент қалаларына жолдамалар болған-ды. Мен өзіміздің Алматыны, Қазақ Мемлекеттік университетін таңдадым. Ойым журналист болу еді. Журналистика филология факультеті құрамындағы бөлімше ғана болатын. Комиссия журналистикаға бір балың жетпей қалды, әзірге филологияға қабылдаймыз, бірінші семестрден кейінгі ауыс-түйіс кезінде ауысып алуыңа болады деді. Оқу барысында журналистика негізінен сөйлем құрап, мақала жазуға үйрететінін, ал салалық терең білім алу үшін филологияда қала бергенімнің дұрыстығына көзім жетті. Мен солай еттім де. Соның арқасында Мұхтар Әуезов лекцияларын тыңдадым. Бейсенбай Кенжебаев, Темірғали Нұртазин, Зейнолла Қабдолов, Белгібай Шалабаев сынды ғұламалардан дәріс алдым. Бірақ журналист болсам-ау деген бастапқы арманымнан әсте де айныған жоқпын. Мұғалім болып жүрсем де тұрақты түрде мақалалар жазып, газеттермен байланысымды үзген емеспін. Сол себепті «Орталық қазақстан» облыстық газетіне қызметке шақырылып, меншікті тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактор қызметін де атқардым. Облыстық радионы басқардым, телеарнаның бас редакторы, телера­диокомпанияның төрағасы да болдым. Қайда істесем де еңбек адам­дарының өмірін көрсетіп, кейін олар әдеби шығарма­ла­рым­­ның кейіпкерлеріне айналды. – Сіз соңғы уақытта Алаш ардақ­ты­ларының қилы тағдырына қалам тартып, ұлтымыздың рухани көсемі Ахмет Байтұрсынұлының өмірлік жары болған «Александра –Бәдрисафа» атты пьеса жазға­ныңызды білеміз. – Алаш идеясы деген ауқымды ұғым ғой. Біз оны әлі толық ашып болғанымыз жоқ. Менің де кеудеме ол біртіндеп ұялады-ау деймін. Әкем марқұм әкесінен төрт жасымда жетім қалдым деп отырушы еді. Әкемнің өзінен екі жас үлкен Өтемахан деген ағасы 1938 жылы халық жауы болып сотталып, бір жылдан кейін Қиыр Шығыс түрмесінде көз жұмыпты. Жазығы – сайлауды жақсы өткіздік деп қуанып, бастаңғы жасағандардың ішінде болғаны үшін. Дастарқаннан тыс қалған біреулер қызғаныш қылып ,істің өңін айналдырып тиісті жерге арыз түсірсе керек. Нағашы ағам Нұржан Власов армиясының қатарында болғаны үшін біраз жыл түрмеде отырды. Бала кезімде ауылдан бір кейуана көрдім. Аштықтан өлген баласын жоқтап жылаудан екі көзі бірдей ағып кеткен дейтін-ді. Таңғалғаным, сол кейуананы ел сөкпейтін, біртүрлі аянышпен қарайтын сияқты еді. Ағам сонау Балтық жағалауына оқуға аттанарда, қаржы жинап беру үшін әкеміз екеуміз жалданып, кесек құйдық. Балшық дайындау кезінде әкемнің кетпені теп-тегіс саз тақыр астынан бірер мәрте адам сүйегін алып шыққаны бар. Әкем оларды шүберекке орап, ит-құс баспайды-ау деген жерге апарып қайта көміп, күбірлеп құран оқығаны есімде. Егін өсіп, мал жайылып жүргенде аштық қайдан келеді деп жүргенде, кеудеме алаш ұғымының ұрығы сол кезде түсті білем. Жаппай ашаршылық та алаш жұртының басына түскен үлкен нәубет болды ғой. Ал, ондай қиындықтар қазақта аз болмады. Шахтада істеп жүргенімде, бригадирім Ильин деген кісі болды. Белоруссияны немістер басып алып тұрған кезде, полицей қызметін атқарған. Қандай статьямен сотталғаны белгілі ғой. Бірақ мен оның бойынан жаман қасиетті көрмедім. Ешуақыт саясат тақырыбын қозғаған емес. Кеңесті жамандап, сөз айтқан емес. Жазықсыз жапа шектім деп те тіс жарғанын естігем жоқ. Сол бір сабырлы да байсалды кісінің кәнігі ұстазға тән шебер басшылығы арқасында еңбек тәртібін сақтауы­мыз, ісіміздің өнімділігі жағынан кеніштегі озат ұжымның бірі болдық. Тоқсан сайын бәйге алып жүрдік. Социалистік қоғамда қосым­ша құн қалай жасалады, оның қа­рапайым еңбек адамы үшін қа­уіп­ті жағы неде деген сұрақтың жауа­бын мен алғаш сол кісіден үйрендім. Студент болғанымда ұстазым Бейсенбай Кенжебаевтан «Жиырмасыншы жылдардың әдебиеті» курсын тыңдадым. Айтқан қисын­дарының астарын біртіндеп тү­сіндім. Ғұлама ұстазымыз Сұлтан­махмұт Торайғыров бастаған Алаш идеясын ту еткен ақын-жазу­шылардың еңбектерін ебін тауып жайлап жадымызға құя берген екен ғой жарықтық. Осы кезде Алаш ұғымы кеудемде бүр жара бастады-ау деймін. Зейнетке шыққан соң, Алматы облысының Жамбыл ауданына қарасты Мыңбай ауылындағы осындағы шапырашты еліне келін-қарындасым Бақыттың қасына көшіп келіп, алты жылдай мектепте бала оқыттым. Қазақ ауыз әдебиетін, жазба әдебиетін түгел қопара қайта қарап шығуыма, жаңаша пайымдауыма тура келді. Желтоқсан қайғылы оқиғасына арнап және М.Жұмабаевтың «Батыр Баян» поэмасының ізімен шағын пьесалар жазып, талапты оқушылардың күшімен мектеп сахнасында көрсеттік. Авторлары өзіме ұстаз болған З.Қабдолов, М.Базарбаев, Х.Әдібаев, бірге оқыған курстасым Р.Нұрғалиев жазған, кезінде бәйге алған 11 сынып оқулығын «Мәмбет Мырқымбай тегі емес пе? Немесе телпегін теріс айналдырып киген оқулық» деген атпен «Жұлдыз» журналына зерттеу мақала жазып, қатты сынадым. Әрине, сол үшін талайларға жақпай қалғанымды білемін. Бірақ көкірегімде көктей бастаған Алаш арыстарының рухы мазамды алып, жазбасыма қоймаған да еді. Әлихан, Ахмет, Міржақып, Мағжан, Жүсіпбектердің мүлде басқа топырақтан жаралған жандар болғанын мен сол тұстарда шындап пайымдай бастадым. Менің «Кенесары-Наурызбай» және «Александра – Бәдрисафа» деген пьесалар жазуыма жан дүниемдегі сол дүмпулердің әсер еткені шындық. – Демек, «Мұрат үшін майдан» пьесасын қайта жаңғыртуға күшіңіз жететіндей дайындығыңыздың болғаны ғой? – Жас емеспін ғой. Иә, өз тә­жіри­бемнен де түйгенім, ішкі дайындықсыз шығарма жазуға отыруға болмайды. Оның үстіне М.Титақовтың сонау 1935 жылы екінің біріне халық жауы деген айдар тағылып, қуғын-сүргін күш ала бастаған ең қауіпті шақта Алаш үкіметінің қайраткерлері туралы ойлап қана қоймай, ойға алған пьесасының бірнеше көрінісін қағазға түсіруі –көзсіз ерлік. Қайсар рухтан туатын әрекет. Сондықтан елдік тарихымыздың аса құнды жәдігері ретінде қолымнан келгенше оның жетпегенін жетілдіріп, айтпағанын толықтырып, толыққанды пьеса етіп шығаруды өзіме абыройлы борыш санадым. – 78 жылдан кейін табылып, тұңғыш рет «Қазақ үні» газетінде жарияланған бұл пьесаны алаштанушы ғалымдар тарихи құжат ретінде қабылдады. Ал бұл Алашорда қозғалысы туралы алғашқы шығарманы «Ақ жол» партиясы сахналауға қолдау жасап отыр. Дегенмен, тар қапаста тергеушінің қысымында жазылған туындының идеясы түсінікті болғанмен, оқиға желісі мен кейіпкерлерінің іс-әрекеті екшеліп, дараланбаған үзік дүниенің иірімдерін табу оңай болмаған шығар? – Әрине. Әлі де қиналыс үстін­демін. Алаш қайраткерлеріне қатысты кейде «бар болғаны автономия сұрапты ғой» деген сияқты қомсынған сөздер естисің. Әділетке жүгінсек, сол кездегі экономикалық, әлеуметтік саяси ахуал жағдайында одан артықты сұрау мүмкін емес болатын. Еліміздің батыс, шығыс, түстігі мен терістігі әрқайсысы өзінше еді ғой. Тіпті «қазақ» деген ұлттық атауымыздың өзін айтысып-таласып жүріп кейін алдық емес пе. Ертіс сыртындағы ұлан-байтақ шұрайлы жерлер де Алаш қайраткерлерінің табанды талабы арқасында қайтарылды ғой. – Жалпы, Алашорда ұлттық үкіметінің қызметіне қатысты тағы не аңғарып, не білдіңіз? – Бір білгенім, Президентіміз Н.Назарбаевтың: «Біздің ұлы даламыз мыңдаған жыл бойы толерантты болып келді... Толеранттылық бұл – біздің қоғамның адамгершілік нормалары» деген қағидатының Алаш қайраткерлерінің ұстаны­мымен үндес, сәйкес келетінін байқағаным. Алаш Үкіметі құлап, мәжбүрліктен большевиктермен бірлесіп жұмыс істеуге көнгенде, арттарынан ерген жастарға тәуелсіздік үшін күресті іштей тілеп, «Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады» ұстанымын ту етіп, ақыл-парасат өрісіне шығуды өсиет етулері сондықтан. Олардың қазақ қоғамына қатысты қауіп қылған жәйттері де жоқ емес еді. Мысалы, өзара әңгіме кезінде Әлихан мен Міржақып ақтар, қызылдар боп шайқасқан аласапыран кезінде ауылдары аралас, қойлары қоралас отырған ағайынды екі рудың бірі ақтар жағында, бірі қызылдар жағында болғанына қатты қынжылады. Рушылдықты ұлттың берекесін кетіретін, күш-қуатын ортайтып, бірлігіне нұқсан келтіретін дерт деп есептейді олар. – Қазір де осы тақырып күн тәртібінен түсе қойған жоқ. Сіз қалай ойлайсыз? – Аурудың кей түрі асқынып барып қайтады. Мысалы, тұмау, ғылым тіліндегі грипп. Кеңес кезінде ататекті білуге тыйым салынғандай көрінетін. Адамдар ондайды ішке сақтаса да сыртқа шығарып айтпайтын.Негізінде одан ешкім жаман болған жоқ. Кез келген адам кез келген ортаға сіңіп кете беретін. Демократия жағдайында әруағын сыйлап, тегін іздегендердің іште булығып келген шері бұрқ етіп сыртқа атылды. Кейде онысы әсіре мақтан сипатында көрінетіні рас. Бұл енді асқынған түрі. Қазақ бұдан тұмаудан арылғандай әлі-ақ арылады. Қазір қоғам бұл жайға ой көзімен көңіл бөліп, біртіндеп арылып та келеді. Осылай бола берсе, ата тек шежіре қайтадан бұрынғы уақыттағыдай «Елге ел қосылса – құт» дегізіп, ұлт бірлігіне қызмет істейтін болады. Менің осыған сенгім келеді. – 60 жылдай қызмет атқарып­сыз. Қайда, қандай жұмыс істесеңіз де одан абырой тауыпсыз. Жасыңыз 80-ге қарай жөңкілсе де, қолда қаламды әлі де мығым ұстайсыз. Жақында ғана «Сахна сыртындағы адам» деген жаңа роман жазып бітірдіңіз. Павлодар, Қарағанды театрларында сіздің пьесаларыңыз бойынша қойылған спектакльдер жүріп жатыр. Жалпы, қыруар еңбек еткен сізге осы уақытқа дейін ешқандай атақ берілмеуіне, қоғамдық мәнді пікірлеріңіздің еленбей қала беретініне таңым бар. – Бұл енді басқа тақырып, ұзақ әңгіме. Қысқартып айтсам, соғыста алған атақ пен еңбекпен келер атақтың айырмасы үлкен. Соғыстағы атақ – жүрек ісі десек, еңбектегі атақ –шынайы талант, ақыл-парасат жемісі ретінде бағалануға тиіс. Сондықтан жазушының артында атағы емес, еңбегі қалғаны ләзім шығар. «Күніне жүз ойланып, мың толғанам, өзіммен бірге өлмесін өлеңім деп» деген Қасым Аманжолов қандай кемеңгер еді десеңізші. Ол атақ алған жоқ, ауасы тар, кісі зорға айналатын жертөледе бойын ауру дендеп күркілдеп жүріп мезгілсіз көз жұмды. Көк жағалы пальто, көк бөрік киіп кербезденіп, атақ алып марқайып жүргендер оның кейбір ақын-жазушылық тұстастарын қазір кім біледі? Әсілі, атақ алғанды кім жек көреді дейсің. Сонда да «Осы неме атақты не үшін алды?» деген жұрт табасына қалмаған да жақсы ғой. Мен Алматы облыстық Бикен Римова атындағы театрда алты жыл қатарынан атақ алу қағаздарын толтырумен де айна­лыс­тым. Атақтың кімге, қалай келе­тінін жақсы білгесін айтып отыр­мын мен мұны. Ендеше атағы бар, бірақ кісі тұшынып оқитын шығармасы жоқ деген баға кісіні мақтамен бауыздағанмен бірдей болмас па еді. Алла ондай бишара­лықтан сақтасын бәрімізді де. Сөзім басында негізінен бүгінгі өміріміз туралы жазып келдім деп айттым ғой. Менің түсінігімде, бүгінгі өмірді жазу тарихты жазудан да қиын. Өйткені бүгінгі өмірді білмейтін адам жоқ, әркім өзінше түсінеді, дау көп. Сол себепті де Стендаль өзінің «Қызыл мен қара» романын қабылдамай, келеке еткендерге, менің бұл шығармамның бағы жүз жылдан кейін ашылады деген жоқ па. Айтқаны келді ғой. Менің де уақыт сынынан өтетін бірді-екілі шығармаларым бар сияқты көрінеді өзіме... – Олай болса, Өтеке, қолға алған ісіңіз жемісін беріп, жазып жатқан Алаш жәдігері «Мұрат үшін майдан» атты пьесаның ойдағыдай аяқталып, халқымыздың жүрегінен ойып тұрып орын алуына тілектеспіз. Сұхбаттасқан, Айдын Ырысбекұлы «Ақ жол» ҚДП Орталық аппаратының идеология бөлімінің аға сарапшысы