Михаил Саакашвили жаңа Грузияны құруға шақырды

Михаил Саакашвили жаңа Грузияны құруға шақырды

Михаил Саакашвили. ©REUTERS

Грузияның бұрынғы президенті Михаил Саакашвили грузин халқын елді дамытудың жаңа моделін талқылауға шақырды, - деп хабарлайды "Новости-Грузия". Саакашвилидің мәлімдемесі оның Facebook-тегі парақшасында жарияланды.

2013 жылдың қараша айында елдің жаңа басшысының ұлықтау рәсімінен кейін бірден Грузиядан кетіп қалған Михаил Саакашвилидің үндеуі Facebook-те "Жаңа күнге арналған бірыңғай платформа" деген тақырыппен пайда болды. Экс-президент өз парақшасын ел болашағын талқылауға арналған платформа ретінде ұсынды.

"Қымбатты отандастар және достар! Біз бәріміз елдің кері қарай - бейберекеттік, ойран және жазасыздық ретінде күйзеле еске алатын кезеңге қарай кетіп бара жатқанын көріп отырмыз. Оппозиция жетекшілері ұсталды, экономика ақсап тұр, ірі құрылыстар мен инфрақұрылымдық жобалар тоқтап қалды, бюджет тапшылық көріп отыр, түрмелерге бақылау орнатып алған қылмыс әлемі серкелерінің жағасы жайлауда жүр", - деп жазды Саакашвили. Бұрынғы президент бүкіл проблеманың түп-тамыры қазіргі биліктің келешекті бағдарлай алмауында - "ертеңгі күннің қалай болатыны туралы бірыңғай идеяның болмауында" деп есептейді.

Ол жаңа Грузияны қалыптастыруға негіз болатын жеті басым бағытты атап көрсетеді: еркін әрі қорғалған азамат; дамыған экономика мен соған жанашырлық; орталықсыздандыру; төзімсіздіктен аулақ, еркін, ұлттық, толерантты, дәстүрлерге негізделген қоғам; Еуропаға бет бұрған Грузия; теңгерілген билік. "Менің пікіріме сіздердің кеңестеріңіз қосылып, бәріміз бірге Грузияның жаңа күнінің манифестін - жаңа Грузия идеясын жасаймыз деп үміттенемін", - дейді экс-президент.

Еске сала кетейік, өз отанында Михаил Саакашвилиге іздеу жарияланған болатын. Ол елдің мемлекеттік күзет қызметі бюджетінен бес миллион долларды талан-таражға салды деп айыпталып отыр. Кінәсі дәлелденсе, оның 11 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Саакашвили 2007 жылдың 7 қарашасында ереуілді тарату және Грузия парламентінің бұрынғы депутаты Валерий Гелашвилиді соққыға жығу туралы істе қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды деп те айыпталып отыр. Бұл әрекеті үшін оған сегіз жылға түрмеде отыру қаупі төніп тұр. tengrinews.kz