Оңтүстік Қазақстанда тіс дәрігері мектеп оқушысын зорлаған

Оңтүстік Қазақстан облысының Қарабұлақ ауылында екі жылдан бері оқушы қыздар арасында өз-өзіне қол салу оқиғасы жиілеп кеткен. Оның нақты себебі қазір ғана белгілі болды, деп жазады «Время»

 Бірнеше жылдан бері ауылды суицид толқыны жайпап келген. Өз-өзіне қол салғандардың дені жоғары сыныпта оқитын немесе кеше ғана мектеп бітіріп кеткен қыздар. Өлім-жітімнің нақты себебін ешкім білмеген, білсе де, тіс жармаған. Арада екі жыл өткенен кейін ғана ақиқат анықталды. Ауылдың басына төнген нәубет жайында алғашқылардың бірі болып Мехрибон есімді (қыз бала мен оның ата-анасының есімдері этикалық себептерге байланысты өзгертілді – редакция ескертпесі) 15 жасар қыздың ата-анасы ауызға алыпты. Олардың айтуынша, қыздарын ауылдық тіс дәрігері зорлаған. 24 шілдеде Мехрибонның жақында ғана анасымен бірге тіс дәрігеріне барып қойған пломбасы түсіп қалады. Тісі ауырып маза бермеген соң, қыз анасын күтпестен әжесінің рұқсатымен тіс дәрігеріне жалғыз кетеді. «Ол бұған дейін жасаған жұмысының нәтижесін көріп, бәрін қалпына келтіретінін айтты. Тек ауыруды сездірмейтін дәрі егу керек деді, - деп болған жайтты есіне алды Мехрибон. – Тістің етіне салынған дәрі әсер етпеді. Тамырыма жасалған екінші екпеден кейін мен есімнен танып қалдым. Есімді жиып, көзімді ашсам, көлікте келе жатыр екем. Дала қараңғы. Базардың, дүкендердің жанынан өтіп бара жатқанымызды аңғардым. Соңынан білгенімдей, бұл Шымкент қаласы болған екен. Басым, арқам, тісім шыдатпай ауырып барады. Кейін ол маған күштеп су сияқты, ащы әрі иісі жаман сұйықтықты ішкізді, мүмкін арақ шығар. Мен тағы есімнен танып қалдым». Келесі жолы қыз бөтен пәтерде өзгенің төсегінде оянған. Стоматолог тырдай жалаңаш күйі қасында жатыр екен. Шешіндіремін деп ұмтылғанда Мехрибон қарсылық көрсеткен. Қызды сабасына түсіру үшін қаскөй оны басынан ұрып, соңынан зорлауға кіріскен. Оқушы қыз қайта-қайта есінен тана беріп, кейін көзін ашса, бірде, тағы да сол дәрігердің көлігінде оның достарының ортасында, бірде, баяғы бейтаныс пәтерде отырғаны есінде. Жігіттер қызға тамақ бермей, тек ішімдік ішкізе берген. Аш құрсаққа құйылған арақтан Мехрибон тағы есінен танады. Бұл сұмдық тәулік бойы жалғасыпты. Көңілдерін көтеріп болған соң тіс дәрігері мен оның достары (енді олардың саны үшеу болған) түнгі үштер шамасында қызды босатпақ болады. «Олар мені көліктен түсіріп, қолыма телефон ұстатып, ағаңды шақырт деп бұйырды, - деп әңгімеледі қыз бала. – Одан артық айтуға тыйым салды. Мен қайда екенімді және тірі екенімді айтуым керек-тін. Айтқандарын орындаған соң олар мені қайта көлікке отырғызып алып кетті». Шымкентті біраз аралап шыққан соң Мехрибонды қала ортасында түсіріп кеткен. Құр сүлдері қалған қаршадай қыз қатты қорқып, бейтаныс қалада қайда барып, кімнен көмек сұрарын білмеген. Осы сәтте қыздарының қайда жоғалып кеткенінен бейхабар ата-ана жанын қоярға жер таппай отырған. Ауылды шарлап, еш хабар болмаған соң, полицияға шағымданған. Мехрибон жайында қандайда бір мәлімет білер деген үмітпен стоматологтің кабинетін күзетумен болыпты. «26 шілдеде бізге ауылдық учаскелік инспектор хабарласып, үйде отырыңдар, қыздарыңды қазір алып келеді деп бұйырды, - деп еске алды қыздың анасы Санобар. – Жаңағы стоматолог пен учаскелік инспектор ағайынды болып келеді. Егер қызымыз табылмаса, арыз жазамыз деп оларды қорқытқан болатынбыз. Шынымен, бір сағаттан соң стоматолог, жанында тағы бір жігіт бар, Мехрибонды Қарабұлақтың бір көшесінде түсіріп кеткен. Ол жерден қызды полицейлер алып кетеді. Тіпті, үйге алып келуге де шамалары жетпеді». Біраз уақыт өткен соң полицияға тіс дәрігері де жеткізілді. 28 жасар жігіт камерада көп отырмады. Зорлау оқиғасы бойынша іс жабылған соң, ол тіпті құтыра бастаған. Есесіне, Мехрибон істің әділетсіз аяқталғанына налып, өз-өзіне қол жұмсай жаздаған. «Қызым сарайға тығылып, сірке суын ішкен, - деп көзіне жас алды Санобар. – Аллаға рахмет, уақытында үлгердік. Есікті бұзып кірсем, қызым жерде, аузынан көбік ағып дірілдеп жатыр екен. «Жедел жәрдем» жеткенше айран бердім. Бір апта жансақтау бөлімінде жатты. Қызымнан айырылып қалам ба деп қорықтым. Аллаға шұкір, аман қалды. Бірақ қазір қызымның сау жері қалмады: асқазаны, бауыры, бүйректері ауырады, үйіміздегі ең сау адам осы еді. Ал анау оңбаған ауылды талтаң басып, бостандықта рақаттанып жүр. «Сүттен ақ, судан таза» болып шықты, себебі, әкесі – ауыл «дөкейлерінің» бірі». Стоматологтің әкесі бірнеше жыл бұрын Қарабұлақ ауылының әкімі болған екен, қазір аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінде қызмет істейді. Ал Қарабұлақ ауылында шенеуніктің ұлы жолы болғыш әрі қыздарға қырындағыш келеді деген әңгіме тарап кеткелі қашан. Ең аз дегенде, тағы бір қыз оның үстінен «зорлады» деген арыз түсірген еді. Бірақ, жергілікті тәртіп сақшылары осы оқиға бойынша қылмыстық іс қозғаудан бас тартыпты. Ресми мәліметтерге сәйкес, Сайрам ауданында өткен жылы 16 адам өз-өзіне қол жұмсап, оның жетеуін ғана аман алып қалу мүмкін болған. Осы жылдың тоғыз айында тағы төрт адам өз еркімен өмірден өткен. Сегіз адам суицид жасамақ болыпты. Ал учаскелік инспекторлар мен медицина қызметкерлерінің қатысуынсыз қанша қызды туған-туыстары өлім аузынан аман алып қалғаны белгісіз.

bnews.kz