ДОСАЕВ ДЕВАЛЬВАЦИЯНЫ КҮТПЕЙДІ

1 Коммунизмнің қауға сақалды көсемі Карл Марксше айтқанда «Еуразиялық Одаққа мүше елдерді девальвация елесі кезіп жүр» дейді доллардың дүрбелеңінен қауіп күткен көпшілік. Ресей рублінің рекордтық көрсеткішке дейін құлдырауы қазақстандықтарды да қатты алаңдатып отыр. Соңғы кезде 1 доллар­дың құны 40 рубльге дейін көтеріліп, кедендік одақ­тағы елдердің еңсесін тү­сірді. «Кемедегінің жаны бір» демекші, кіндігімізбен байланған көршілеріміздің басына түскен күн бізге де алыс емес. Алаңдайтындай-ақ бар. Қазір көрші елдегі жағдай теңгеге әсер етсе, девальвацияның дауылы бізді де тыс қалдырмайды. – Девальвацияға қатысты өткен жолы да сіздердің сұрақ­тарыңызға жауап бергенмін. Тағы айтам, девальвацияны күтіп отырған жоқпыз, - деді Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев сенімді түрде. Досаев дұрыс айтады, оны ешкім асыға күтіп отырған жоқ, ол біздің құшақ жая қарсы алатын қадірлі құдамыз емес қой. Девальвация шақырусыз-ақ өзі келеді. Бұл «девальвация дастанын» Ұлттық банктің басшысы Қайрат Келімбетов те айтқан болатын. Бір түнде жылдар бойы жиған-терген қаражатының қомақты бөлігінен айырылғандардың жанайқайын да естігенбіз. Көп­шілікке құпиялық емес, әңгі­менің ашығы керек. Алдынала ескертсе, халық сол жолы қапы қалмас еді ғой...