Тағдырлы туындылар

Баяғыда жас Олжас Сүлейменовке ақын Борис Слуцкий: «Мүсінді ұнатасыз ба? Мен жақында ғана әуестене бастап ем, міне, көрдіңіз бе, қаншасын жинап алдым! Ақын шумақ құрастырумен ғана шектелмей, бәріне де қызығуы тиіс. Бір мезгіл өлеңді доғара тұрыңыз; бүйткенде, әлемдік поэзия зардап шегіп қалады деп ойламаңыз. Сонда өлең жүреді. Ал тесірейіп бір нүктеге қадалып алсаңыз, Музаны тіксінтіп аласыз. Ол тілемсектікті жек көреді» деп ақыл қосқан екен.

Кейінірек Олжастың кейбір тәуір өлең жолдарын қолқалап сұрап алып, өз шумақтарына пай­даланған осы Слуцкий шал сол сәт жас ақын­ның мүсін мен сұңғатқа қызығып қана қой­май, сурет те салатынын білмеген болуы керек. 1954 жылы мектеп бітіргеннен кейін Қазақ мемлекеттік университетінің геологиялық-барлау факультетіне түсіп, инженер-геолог мамандығын игеріп шыққан Олжастың қолынан ұзақ жылдар бойы ватман мен қара тушьқа матыратын қаламұш түспегенін аңдай беріңіз. Болашақ кен барлаушысын түрлі чертеж нұсқаларынсыз қалай елестетуге болады. Қиялы ұшқыр, аңғарымпаз жігіт аудиторияларда отырып, толғантқан әсерлерін «шимайлап», тастай берген. Ал оларды кейбір жолдастары жинап алып жүреді. Шашылып, қала бергендері де аз еместей. Ақын бұларды іске асыруды мақсат тұтпаған. 1990 жылы студент Олжастың қолынан туған сызбалардың бес-алтауы менің қолыма да тиген еді. Сонда қылқаламға бейімдікті шығармашылық лабораторияның бір қыры ретінде байқап, «ол тегінде, өлеңдегі образды алдымен сурет тілімен кескіндеп алатын сияқты» деп жазғаным да бар. Көп өтпей осыларды белгілі суретші Ма­ғауия Аманжоловқа көрсеттім. Сонда бұлар­ды айналдырып ұзақ қараған ол толғана отырып: – Биік ой-парасат иелерінің жан-жақты қабілетті болғаны түсінікті ғой. Мысалы, жиырма тоғыз жасында «Давидті» жасаған әйгілі Микеланджело аса дарынды ақын да екен. Пушкин мен Лермонтовтың суреттері әуелден мәлім. Репин мен Крамской сияқты қылқалам шеберлеріне білікті кеңесші бола білген Лев Толстой қолтумаларын мектеп оқулықтарынан өздерің де көріп жүрсіңдер. Сондай-ақ, Шыңғыс Айтматовтың «Жәмиласындағы» образы мөлдіреген суретші баланың прототипі сол жазушы ағамыздың өзі емес деп кім айта алады. Олжастың бойында да тылсым қасиеттер жеткілікті секілді. Қоғамды кері кетіргеннен басқа бітірері болмаған шен-шекпен иелері аз емес. Немесе белгілі бет-бейнесі жоқ, жағдайға қарай сан құбылатын екіжүзді, көркеуде замандастарымыз арамызда жүр. Қолында билігі тұрғаннан кейін арсыз күлкі мен ішкен-жегеніне мәз мерездер мен соларға жағынып күн көретін бұралқылар да жетіп-артылады. Мына кескіндемелерден сондай типтерді танимыз. Жалпы, Олжекең Шоқанды есіме түсіреді, – деп еді. (Айтқандай ақ, Олжастың өзінің де «Менің Шоқаным» деп аталатын керемет мақаласы бар. – Сулейменов О. Литература – это жизнь. О литературе и литераторах. – Издательский дом «Библиотека Олжаса», 2011. – с. 38). Кейінірек сол Мағауия ағам хабарсыз кетті... 2004 жылы Олжастың алты кескіндемесін досыңызға тапсырарсыз деп, ақынмен жақын араласатын қаламгер ақсақалдардың біріне бергенмін. Жеткізбеген сияқты. О кезде де Олжекең көбіне шет елдерде жүретін. Ұзамай әлгі жазушы қайтыс болды. Сөйтіп, кейбір дүниесін Олжас ағаның қолына 2010 жылы зорға тигізіппін. Ал Мағауиядан күні бүгінге дейін еш дерек жоқ. Осынау аса дарынды суретшіні ойлағанда, неге екенін, Олжастың Шоқан туралы мақаласындағы: «...Тек адам қоғамының ішінен – ең надан, ең айуандары қорыққандарынан таланттардың көзін жояды» деген сөздер тілге оралады... Олжас Сүлейменовтің кейінгі ермегі волейбол, шахмат, этимология, палеография екенін көзіқарақты жұрт жақсы біледі. Алайда, ақынның «Таңбалар тілі» деп аталатын көп жылғы зерттеу еңбегін жай әуестік шеңберіне сыйғыза алмаймыз-ау. Жазушы Тимур Зұлпықаров «Тағылық кеңістігіндегі Олжас пирамидасы» деген мақаласында 1998 жылы Италияда жарық көрген осы дүние туралы: «Таңбалар тілі» кітабын ақ тер-көк тер болып жұмыс істеген бөлімдері мен кафедралары бар тұтас ғылыми-зерттеу институты жасап шыққан сияқтанады... Мұнда лингвист-ғалымның салқын, математикалық ақыл-ойы көреген ақынның сұңғылалығымен астасып жатады» деген-ді. Әйткенмен, осынау теңдессіз жұмысты Ресей елегісі келген жоқ. Дәл солайша өз ағайындарымыз да селқос рай танытқандай. Бірақ кітап 2006 жылы украин тілінде Киевте басылды да, автор «Ярослав Мудрый» орденімен марапатталды. Ал Олжекеңнің сонау шәкірт шақтағы сызбалары әлі де біреулердің тартпасынан табылуы мүмкін. Менің қолымда баяғы суреттердің үш-төрт көшірмесі жатушы еді, бертінде олар да қолды болды. Осындайда, қарап отырып, бұл туынды­лардың да тағдыры бар ма деп таңырқамасқа лаж қалмайды.

Құлтөлеу МҰҚАШ