Қазақ мемлекеті және Еуразия кеңістігі

жиыннн Тартысты да, тағдырлы ғұмыр кешу бақыты бұйырған Алаштың аймаңдай тұлғалары қай заманда, қай қоғамда болсын, қазақ әулетінің елі мен жері, тілі мен діні хақында күдік тудыратын күмәнді ой-пікірлердің барлығына дерлік тегеурінді қарсылық білдіріп отырған. Қаншама ғасыр бойына еуропалық, ресейлік авторлар сіңірген стереотип ықпалынан енді шығып келе жатқанымызда, қоламтаға айнала бастаған отқа май құйған секілді елімізге қатысты қаңқу сөз де қайта лаулайтыны бар. Осы тұрғыда, мемлекеттік деңгейде ойлай алатын және ұлтқа төнген қауіпті жұрттан бұрын сезінетін ойлары ұшқыр, жанартаудай жарқ етіп оянған жарқын сәуле іспетті зиялыларымыздан бойға қуат, ойға көз бітіретін даналық күтетініміз де анық. XX ғасырдан құр сүлдерін сүйретіп шыққан халық үшін XХІ ғасырдағы бұқараға қызмет ету үшін тарихи әділдікті қалпына келтіруді көксеген бір топ зиялылардың жуан ортасына түскен қандай ғажап..... Азат Перуашев пен Қазыбек Иса бастаған Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясының өкілдері таяуда Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өткізілген үш бірдей айтулы іс-шараға қатысты. Оқу орнында қалыптасқан дәстүр бойынша Лев Николаевич Гумилев атриумына гүл қою рәсімін өткізіп, Қазақстан білім тарихы музейіне экскурсия жасады. «Қазақ мемлекеті және Еуразия кеңістігі: тарихы мен қазіргі кезең» атты ХІ Еуразиялық ғылыми форумға танымал ғалымдар, саяси қайраткерлер, қоғамдық ұйымдар, білім беру, ғылыми-зерттеу, мәдени орталықтар мен ұйымдардың өкілдері қатысты. Форум жұмысын Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов жүргізіп отырды. Жиын барысында Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашев «Казахская государственность началась в XVІ веке», «Нұр Отан» партиясы қоғамдық-саяси институты директорының кеңесшісі Ғалым Байназаровтың «Евразийский экономический союз: от идеи к практике», Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығының директоры, ф.ғ.д., профессор Тұрсын Жұртбайдың «Мәңгі ел» ұстанымы және біртұтас алаш идеясы», Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының директоры Ханкелді Әбжанов «Н.А.Назарбаев и возрождение казахской государственности», Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ «Түріктану, алтайтану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Қаржаубай Сартқожаұлы «Байырғы түріктердің мемлекеттілігі және ел басқару жүйесі», «Алаш» мәдениет және рухани даму институтының директоры Сұлтан Хан Аққұлы «Некоторые аспекты и последствия присоединения Казахстана к Российской империи в трудах интеллигенции «Алаш», Орталық ұлттар университетінің профессоры Дүйсенәлі Әбділәшімұлы­ның «Ханқожа Уаңның қоныс аударуына байланысты Қытай архивтерінен табылған бір парша хат», С.С.Суразаков атындағы алтайтану ғылыми-зерттеу институтының директоры Николай Екеевтің «Исторические факты и их интерпретации» тақырыбындағы баяндамалары тыңдалды. Форумға қатысушылардың баяндамаларында жаһанда болып жатқан қауіп-қатерлер ескеріле келе, Еуразия халықтарының ғасырлық бірегейлігі, қатынастары мен бірігу идеялары тереңінен пайымдалды. Көбінде оқылым барысындағы зерттеудің ғылыми объективтілік әдісіне және ғалымдардың этикасына баса назар аударылғаны анық байқалды. Қазақстан мен Еуразия халықтарының мемлекеті мен мәдениетінің ерте кезеңдегі тарихын жаңғырту және қазақ хандығы тарихының еуразиялық кеңістік тарихына әсерінің өзектілігі мен олардың мәдени-өркениеттік бағыттағы орнын айқындау, сондай-ақ қазіргі этносаяси, геополитикалық, әлеуметтік-мәдени ахуалды жан-жақты түйсініп, саралау мақсатындағы сараптамалық еңбектер ұсынылды. Әйтсе де, XX ғасырдың І жартысында-ақ қазақ жұртын қараңғылық қапасынан алып шығуға ұмтылған Алашорда үкіметінің төрағасы Әлихан Бөкейханның: «Ұлтына, жұртына қызмет ету – білімнен емес, мінезден» дегеніндей, бүгінгі жиналған ірі саясаткерлер, ғалымдармен зиялы қауым өкілдері де жатжұрттық Жириновский сияқты әлдекімнің еліміздің атына қарата айтқан кісімсінген сандырағына теориялық тұрғыдан болса да, жаппай қарсылық білдіре алды. Мәселен, Азат Перуашев: «Әрине, Жириновский-Россия емес. Өзінің әкесінің кім екенін де білмейтін ондай адамның, жеті атасына дейін жатқа айтатын қазаққа қатысты сөз айтуға, тіпті, хақысы да жоқ!». Осы тұста, «Тым кісімсінген адам парасатты болудан қалады. Егер де пікір айту мен шешім қабылдауды тасыр, топас адамға тапсырса, онда орасан зор қателіктерден құтыла алмайсың» деген ғұн көсемі Атилланың сөзі де ойымызға оралады. Сондай-ақ, осы жиынның аясында «Университет жанындағы «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсын Жұртбайдың пайғамбар жасы 63-ке келуіне орай, «Қазақ мемлекеттілігі және Алаш» атты ғалымның шығармашылығына арналған ғылыми конференция өтті. Онда профессор Т.Жұртбайдың өмірі мен шығармашылығына қатысты баяндамалар, ғалымның қазақ мемлекеттілігі, алаш ұлт-азаттық қозғалысы, ұлт зиялыларын ақтауда атқарған үлкен еңбегі кеңінен талқыланды. Форум барысында «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, қытайтанушы-ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, белгілі ақын, аудармашы Дүкен Мәсімханұлының 50 жасқа толу мерейтойына орай, «Қазақстандағы қытайтану ғылымы: тарихы, бүгіні мен болашағы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті. Іс-шара соңында «Тарихшылардың ұлттық конгресі кітапханасы» сериясы бойынша «Фолиант» баспасынан жарық көрген профессор Д.Мәсімханұлының «Қытай туралы қырық сөз» атты зерттеу кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Конференцияға ҚР Парламент Мәжілісінің депутаттары, Ресей, Қытай елдерінің белгілі ғалымдары мен еліміздің зиялы қауым өкілдері қатысты. Конференция жұмысын Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов жүргізіп отырды. Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мұхтар Құл-Мұхамед Елбасы Н.Назарбаевтың, Парламент Мәжілісінің депутаты Қуаныш Сұлтанов ҚР Парламент Мәжілісі жанындағы Халықаралық қатынастар жөніндегі комитет төрағасы Мәулен Әшімбаевтың, Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетовтың құттықтау хатын Астана қалалық Тілдерді дамыту департаментінің басшысы Ербол Ерденбек жеткізді.             Айдын Ырысбекұлы, «Ақ жол» ҚДП Орталық аппаратының                                                   идеология бөлімі директорының орынбасары