"ҚАЗАҚТЫ салғаннан КӨПШІЛ қылам демей, әуелі ҰЛТШЫЛ ҚЫЛУ КЕРЕК!"

turhanbaev

     Ғайса пайғамдар тумастан төрт ғасыр (ғасыр – жүз жыл) бұрынғы ғалымдардан Платон деген білімді кісінің тұрмысын бір түзу жолға салу туралы ойланып, түрлі ереже шығарған. «Адамның санасы адамдардың ойыншығы болды» – деген еді. Одан бері де Ғайса, Мұ­хаммед пайғамбарлар да тұрмыс туралы жалпылық жол үйретіп, жөн сілтеген. Біздің пайғамбардың адам баласын бір санайтындығына дәлел қылып, көрсе­темін. Құран Кәрімдегі аяттар алғы кісіге арналып, «Палиа алнас!» (Ей, кісі) деп айтылған. Мысалы, «Еренғайып», деп бір қауымға арнап келген емес, Иран, Рома сияқты мәдени халықтардан талай білімділер шығып, жалпы адам баласының қаліне қайғырған, кісінің тұрмысын түзетемін деп зарлаған. Осы жалпының қамын ойлаушыларды «кісішілдер» дейміз. Кісішілердің қыран жолы, өз жұртының жетіліп, қатарға кіріп, басқа қауымдардың табанына түспеу жағы. Ол адамдар дүниедегі барлық адам баласы үшін қайғырмайды. Өзінің тар ауданды ел-жұрты үшін қайғырады. Міне, мұндай адамдарды «ұлтшылдар» деп атаймыз. Кісішілердің ұлтшылдарға қарсы айтатыны: «Дүниені ұлтшылдар бүлдіреді: бір ұлтты екінші ұлтқа дұшпан қылып өсіреді. Ұлтшылдар құрыса, дүниедегі жалпы жұрт бір ауыл, бір бауыр болып кетер еді, – дейді. Ұлтшылдар айтады: «ұлтшылдықтың кісішілдікке ереуілдігі жоқ: әр ұлт тегіс мәдениетті болып теңелсе, кісішілдік өзі де өркендейді, ұлтшылдардың мақсаты басқа ұлттарға қастық ету емес, өз ұлтын қатарға қосу. Кісішілердің өзі де мәдени жұрттан шықпақ. Ұлтшылдық намысын білмеген жұрттан кісішілдік қайдан шықсын!» – дейді. Осы көрсетілген екі пікір елдің бірі, біздің қазақта болса, бұл пікірлер кіре бастаған көрінеді. Адам баласында «өзімшілдік» деген нәрсе бар. Бұл өзімшілдік кісінің табиғатына тәңірінің орнықтырып жаратқан нәрсесі. Кісі өзімшілдіктен құтылам дегенімен оңай құтылуы мүмкін емес. Әке мен бала суға бастаса, ортасында жалғыз тақтай болса, екеуі су бетінде сол тақтайға таласады.

Теңіз бетінде адасып, азықтары таусылып, аштан өліп бара жатқан адамдар бірін-бірі пісіріп жейді, кісіде өзімшілдік қандай күшті екенін осы мысалдар көрсетеді. Дұрыс кісі де өзімшілдік күшті дедік. Дүниедегі кісінің бәрі алғы өзімшіл болса, бас пайдасынан басқаны ойламаса, бірігіп жұрт болып жасау мүмкін емес қой. Олай болса өзімшілдіктен құтқарып, көпшіл қылатын нәрсе болуға тиіс. Ол бар нәрсе тәрбие деп білемін. Тәрбиені ғылымдар мойындаған. Тәрбиенің жалпы ережелері бар: жақыннан алысқа, аздан көпке, оңайдан қиынға, жеңілден ауырға қарай бару керек деген. Сол сияқты кісі ең әуелі баға беріп, өзін сүйсін, онан соң жаны ашып ағайын-туғанына күйсін. Онан кейін ел-жұртын сүйсін. Ел үшін құрбан болсын, жанын қисын. Сонан соң бар адамды бауыр тұтып, пайдасы көпке тисін. Міне, әуелі өзін, онан кейін жақынын, онан Отанын, онан кейін бар адам баласын сүю боп табылу керек. Жақыннан, ұлтын сүймеген адам салғаннан барлық адамды жақсы көреді дегенге сенбеймін. Енді осы айтылған сөздеріміздің жобасын ұстап Қазақ жұртына келейік. Қазақ жұрты бұл күнге шейін көпшілікке үйренбеген жұрт. Бұрынғы заманда ел қамын жеген ерлер көп шығып, көпшілік мінездері болса да, Россияға қарағаннан кейін ол мінезден айырылды. Қазақ баласын оқытқанда, біліп шықса мал тауып береді, төре болып, беделімді күшейтіп, биік болады, дұшпанымызды мұқатып кек алып береді деген ойда болады. Білім алып көпке пайдасы тисін деген ой хабарында болмайды. Жақындарына мінерге көлік, сауарға сауын берсе, өзіне қоғам, күш қылу үшін береді, көмегі тиген адамын біржолата иемденіп алады. Не күшінен, не сөзінен, не еңбегінен пайда тимейтін кісіге (бірдемені көздемей) қайырылысқан қазақ болмайды. Газет, журнал ал, серіктікке жазыл десең әуелі өзіңнен тиетін пайдасы бар ма? – деп сұрайды. Жан пайдасын, көпшілік пайдасын ұғындырсаң, жұрт жұмылса көреміз. Я жазылған теріс емес, бәрі де жазылсын, пәленше неге алмайсың. Біз пәлендерден естірміз. Бір маған деп арналған нәрсе емес шығар деп аяқсыз қалдырады. Мұқтаждарға жәрдем, игілік жұмыс деген нәрселерге жүре қарайды. Шариғатқа мойындаймыз десе де, бұл күнге шейін шариғатты таңдап неке, талақ, сират, зекет сияқтыларды орнына келтіріп отырған жері жоқ. Жаумен алыс­тан күн туса, неше есе көп болып, жеңу­лерін анық біліп тұрса да, қолға түс­кен­дерін құтқармақ түгіл, тастай қашып, өздері жан сауға қылып тозып кетеді, осы айтылғандардың бәрі қазақтың бас пайдасын көп пайдасы үшін құрбан қылмайтындығын, ұлтын анық сүймейтіндігін, сүйсе де жанын қимайтындығын, көп көгерсін демейтіндігін көрсетеді.

Қазақ қатарға кіріп жұрт болсын деген кісі тәрбиенің жолынан айрыл­масқа керек, әуелі қазаққа өзінің кім екенін, адамшылық құқығын біл­діруге, онан соң Отанын танытып, жақсы көргізуге, сонан соң дүниедегі барлық адам баласы бауыр екенін білдіріп, көпшіл адамды сүйгіш қылуға тырысу керек. Ұлтшылдық кісішілдікті айыра білмеген, бас пайдасынан иіп іске асырмаған, мәдениеттен жырақ жатқан қазақ секілді жұртты салғаннан көпшіл қылам демей, әуелі ұлтшыл қылу керек. Қысқасы: ұлтшылдардың мақсаты әрбір ұлттарға мәдениет кіргізіп, бақыт таңының атуына себепші болмақ. Мәдениет күшейген соң өздері-ақ кісішілдік пікірін тауып алады. Ұлтшылдар әр жұртты шиеленістіріп, қырылыстыру, өз ұлты үшін басқаларды құрбан қылу деген ойдан жырақ.

Ұлтшылдар іс жүзінде кісішілердің пікіріне қарсы келмейді, тұтынған жолдарын жұртты кісішілдікке басқыштап жеткізу деп ойлайды. Ұлтшылдар тәрбиенің ережесін көз алдынан кетір­мейді. Үйрету секілді ғып қазақ арасына адамшылдық пікірін танытуға ұлтшылдардың ешбір қарсылығы жоқ. Бірақ, ұлтшыл болу қата, адамшылыққа ылайық емес, ілгері басқыштағы жұрттардың терең пәлсапасын қазаққа қазір кіргіземін деушілерге қарсы болады. Жас балаға дүниедегі ләззат: нәрселердің бәрін дайындап, жасап қойған дастарханнан пайда жоқ. Ең пайдалы нәрсе – анасының сүті.

Мәннан Тұрғанбайұлы.

«Абай» журналы, 1918 жыл

Уикипедиядағы ақпарат: 

Мәннан Тұрғанбайұлы Тұрғанбаев 1886 жылы Семей губерниясы Қарқаралы уезі Абыралы болысының «Сарыапан» ауылында туған. Алғашқыда Мәннан оқу іздеп, Семей қаласына барып, Кәмәлиден хазіреттен арабша дін оқуын оқиды. Алты жылдай Семейдегі медреседе оқиды. 1906-1910 жылдар аралығында туған ауылында ұстаздық қызмет атқарады. 1910 жылы Уфадағы «Ғалия» медресесіне түсіп, оны 1915 жылы бітіріп шығады. Ел ішіндегі 1916 жылғы жарлыққа қарсы дүрбелең мен күйзеліс күйлер Мәннанға өз ықпалын тигізбей қоймайды. Осы кездерде ол Орынборда Ахмет Байтұрсынұлының жетекшілігімен шыға бастаған «Қазақ» газетіне шақырылады.

1917-1919 жылдары Семейдегі (Алаш қаласындағы – Жаңасемей бөлігі) педагогикалық курстың меңгерушісі және осы курстың мұғалімі. 1919 жылдың маусым айында қайта Орынборға шақырылып, ондағы «Ұшқын» газетінде редакторлық қызмет атқарады. Мектеп оқулықтарын жазады. 1919 жылы “Қазақ тілі” газетінің жауапты редакторы, тұңғыш шығарушы болған.

1930 жылдың 4 сәуірінде ОГПУ сот коллегиясының үкімімен М.Тұрғанбаев Семейде қамауға алынып, Қапал түрмесіне айдалады. 1932 жылы айыптары дәлелденбегендіктен түрмеден босатылады. 1937 жылғы 20 тамызда ату жазасына кесіледі.

Жарық көрген еңбектері: «Пайғамбар заманы», «Тіл қүралы», «Есеп», «Этика» т.б.

Намыс.kz