Рухани әкеміз еді

2                                             Ардақты ұстаз, профессор                                      Серік Мақпырұлы туралы үзік сыр Еліміздің алғашқы жоғары оқу орны, ғылым мен білімнің қасиетті ордасы – Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің қабырғасында алғаш ашылған сәттен-ақ, талай-талай есімі елге танылған тұлғалар, білікті ғалымдар мен біртуар қаламгерлер жастарды білім нәрімен сусындатып, ғылымның әр саласынан егжей-тегжейлі мәлімет беріп, ұстаздық мамандығының қыр-сырымен таныстырғандығы белгілі. Бұл игі дәстүр бүгін де заңды жалғасын табуда... 2000-жылдың күзі... Сөз құдіретіне тәнті болып, көркем сөз бен қызыл тілдің сан салалы иірімдерін тереңінен танығысы келіп, жүректері лүпілдеп алғаш рет осы қарашаңырақ қабырғасынан аттаған талапты жастарды «Әдебиеттануға кіріспе» пәнінің дәріскері – профессор Серік Мақпырұлы қарсы алды... Күні кеше мектеп бітіріп, бала шақтан болашаққа қадам басқан жастар кең дәрісханаға жайғасып, сілтідей тынып отыр. Бір кезде дәрісханаға жасы елу-алпыстар шамасындағы жылы жүзді ағай кіріп келді. Өре түрегелген жастарға «отырыңдар» дегендей ишара танытып, байыппен өз орнына жайғасты. Осы кезде әрбір жастың жүрегі аттай тулап, бір жағынан студенттік өмірдің басталғанына қуанып жатса, екінші жағынан қобалжып та отырған сыңайлы. Дәрісханадағы шәкірттердің бәрін түгендеп болған соң, профессор қолына кішкене қағазын алып, сөз өнерінің құдіреті жөніндегі алғашқы дәрісіне кірісті. Дәрістің жоспары мен маңызды мәселелері түртілген бір жапырақ қағазға анда-санда қарап қойғаны болмаса, оның бар назары студенттерде еді. Бір жарым сағат бойы көсіле сөйлеп, шәкірттерді тіл көркемдігімен баурап алу, оларды дәріс барысына белсенді түрде тарту –тәжірибелі тәлімгерге, ұлағатты ұстазға ғана тән қасиеттер екендігі айтпаса да түсінікті. Тоқсан минут бір сәттей өте шықты... Алғашқы дәрістен алынған баға жетпес әсер студенттердің төл әдебиет пен тілге деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, талаптандырып та, қанаттандырып та жіберді... Ең қызығы, алғашқы дәрістен кейін-ақ алдыңғы қатардағы орындарға талас басталды... Мақсат анық – алдыңғы қатарда отырып, ағай айтқан әрбір сөзді қағазға қондыру, санаға сіңіру, жадыда сақтау... Балалықтың нышаны болар, орынға бола ренжіскен кездер де болды. «Дәрістің тек керек жерін түртіп алып отырыңдар. Бәрін жазу міндет емес», дейтін еді сонда Серік ағай. Ал студенттер болса жанталасып, маржандай төгілген әрбір сөз бен кестелі тіркестерге көмкерілген терең ойды қағазға түсіруге тырысатын. Ол кісінің құнды да құнарлы ойларын жазып алмасақ, өкініш өрті өзегімізді өртейтіндей көрінетін еді. Иә, сабақ барысында Мақпырұлы бәрімізді баурап алатын. Дауысының жарқын, тілінің көркем, білімінің көл-көсір екендігінен де болар, ағайдың әр дәрісі біз үшін ұстаздықтың ұмытылмас үлгісіне айналды... «Әдебиеттануға кіріспе» мен «Әдебиет теориясы» пәндері – студенттердің теориялық білімін ұштап, талғам таразысын қалыптастырып, көркем сөздің құдіретін тереңінен тануға, келісті өрілген көркем сөз кестесінің кереметтігі мен әсерлілігінің сырын аша білуге үйрететін пәндер. Теория «асаулау» келеді ғой, бірден жалын ұстатып, тереңіне бойлата қоймайды... Теорияны тәжірибемен ұтымды ұштастырғанда ғана жалаң ұғым, негізсіз пайымдаулардан арылып, ғылымилыққа негізделген көркем шығарманы жүйелі талдауға қолжеткізуге болатындығы сөзсіз. Серік Мақпырұлының көздегені де осы еді. Шәкірттеріне әрбір көркем шығарманың мәнін ашып, мағына мен пішін бірлігіне көңіл бөліп, қасиетіне үңіле оқуға, сөз салмағын бағамдап, әдебиет тұнығынан сусындауға баулитын. Семестр бітуге таяды. Ағай топ студенттерінің үлгерімі мен бағаларын алдын ала айтып, құрбым екеумізді ерекше атап өтті. Қасына шақырып, қолыма «Ізденіс» атты ғылыми журналды ұстатты. «Ізденістеріңнің басы болсын, қарағым! Талабыңа нұр жаусын!» – деді. Жанды жадыратып, көңілді босататын әкелік-ұстаздық мейірімге толы неткен тілек десеңізші! «Рақмет, ағай!..» – деп алғысымды айтып жатырмын. Әрине, қатты қуандым, әрі толқыдым да. «Сеніміңізді ақтаймын, ағай! Қара шаңыраққа іздену үшін келдім ғой. Ізденемін, талпынамын!» дедім ішімнен. Үміт-сенімге берілген серт еді бұл... Сол журнал күні бүгінге дейін жеке кітапханамның ең жоғарғы сөресінде сақтаулы тұр. Бойтұмардай болған бұл басылымның мен үшін орны бөлек... Ал ағайдың ұстаздық тілегі мен берген батасы әлі күнге шейін оқуда да, зерттеу жұмысында да, қызметте де серпін беріп, ізденіске үндеп, қанаттандырып тұратын секілді... Ағайдың тілегі қабыл болғаннан шығар, 2-ші курстан бастап мақалаларым баспаға ұсыныла бастады. Мақаланы қандай басылымға беруге болады екен деген ойға шомып жүргенімде, сол кездегі ғылыми жетекшім мені Серік ағайға ертіп келді... Профессор Мақпырұлы талапты жастарға қамқорлық көрсетуді, жол нұсқауды және бағыт беруді өзінің өмірлік кредосы санайтын. Мақалаларымды бір қарап шығып, өзі қызмет ететін «Қазақстан Жоғары мектебі» баспасынан шығатын «Ұлт тағылымы» журналына беруді ұйғарды. Алғысымды айтып, кафедрадан қуана-қуана шықтым. Екінші курсты жаңа бастаған студент үшін республикалық басылымға мақала жариялау, әрине, үлкен қуаныш еді. Үшінші курста ғылыми жетекшім басқа қызметке ауысты да, мен жетекшісіз қалдым... Осы кезде дипломдық жұмысты қай саладан алсам екен деген ой мазалай бастады. Бір жағынан, екі жылдай жүргізілген шағын ізденістер аяқсыз қала ма деген қыжыл да жоқ емес. Ізденіс көшіне енді ілесе бастаған студент үшін шағын зерттеудің өзі үлкен бір ғылыми жобадай көрінетіні бар ғой... Бір күні топбасшылар жиналысына барғанымда, деканатқа Серік Мақпырұлы келді. Мені көре сала ағай: «Зерттеулеріңді жалғастырғың келсе, ғылыми жетекші болайын. Бұрынғы зерттеулеріңді толықтырып, диплом жұмысын жазып шығуыңа болады ғой. Өзің қара енді. Бәлкім, басқа жетекші таңдарсың, болмаса басқа салаға кетерсің... Жетекшің кетіп қалған соң, жазғандарың аяқсыз қалмасын дегендік қой менікі. Асылы, әр ғалымның өз зерттеу аясы бар дегендей... Ойлан, сосын хабарласарсың», – деді. «Әрине, келісемін, ағай. Рақмет сізге!» дедім қуанышым қойныма сыймай. Сөзсіз, ағай бұл жолы да ұстаздық қамқорлығын көрсетті... Университет бітіргеннен кейін «Қазақ әдебиеті» мамандығы бойынша аспирантураға қабылданып, Серік ағайдың жетекшілігінде зерттеу жұмысын жүргіздім. Диссертация қорғайтын кезде рухани әкем менен кем қобалжыған жоқ, білем. Иә, көрсетпеуге тырысып бақты, бірақ менің ата-анаммен қатар, ол кісінің де тақымын қысып отырғаны бет-жүзінен анық көрініп тұрды. Мінберге шығып, қорғаудың алдында аудиторияға бір көз салып едім, ағай басын изеп, «қорықпа, бәрі дұрыс болады» дегендей ишара танытты. Сарапшылардың сұрақтарына жауап қайтарған соң, ағай жаққа тағы көз салып едім, ол кісі басын қайта изеді. Қобалжу біраз басылды. Өз-өзіме деген сенімім артты... Айта кететін бір жайт, профессор Мақпырұлы шәкірттерінен әкелік қамқорлығын аямайтын. Бейне жарық шамдай бойынан ізгілік, адамгершілік пен парасаттылықтың сәулесі әрдайым шашылып тұратын. Шәкірттерінің бәрі ұстазының осы жылылығы мен білімінің сәулесіне бөленіп өсті. Албырт жастықтың оты кеудесінде жанып тұрған студенттер үшін ұстаздың айтқан әрбір сөзі, көрсеткен үлгісі, нұсқаған бағыты мен айтқан ақылының орны ерекше екендігі белгілі. Шәкірттерін бақша ағаштарындай баптап, мінін түзетіп, ғылым мен білімнің ғана емес, жалпы өмірдің де жолына дайындап шығаратын ұстаз тумысынан дарынды психолог еді. Мінездегі мінді шәкіртіне жайлап қана уытты әзілмен дәл жеткізе білетін. Профессор Серік Мақпырұлы филолог-оқытушылардың, зерттеуші-ғалымдар мен мектеп мұғалімдерінің неше толқынын теорияның қыр-сырына қанықтырып қана қоймай, жүректеріне адамилық дәнін егіп, ұстаздық ұлағаттың ұмытылмас үлгісін көрсетіп кетті. Білікті ұстаз бойындағы адамгершілік, парасаттылық пен кішіпейілділік сияқты асыл қасиеттер оның шәкірттер жүрегінде айрықша орын алуының бір себебі. Шәкірттерінің бірі естелік жазар, бірі жазбас... Мәселе мұнда емес... Ең бастысы, шәкірттерінің қай-қайсысын әңгімеге тартсаң да, ұстазының адами болмысы мен ұстаздық тұлғасы туралы тебірене сыр шертетіні анық. Бүгінде шәкірттері еліміздің қай түкпірінде, дүниенің қай бұрышында жүрсе де, профессор Мақпырұлы мектебінің дәстүрін жалғастырушы, білім мен адамгершілікті қатар алып жүретін азаматтар екендігіне сенімдімін.                                 Әсел Жәкім,                               филология ғылымдарының кандидаты, докторант                                    Ұлыбритания.