Қазақ жырының қара жорғасы

Карибаев

                ҚАЗАҚ ЖЫРЫНЫҢ ҚАРА ЖОРҒАСЫ

          Ақын Үмбетәлі Кәрібаевтың туғанына 125 жыл

Алматы қаласының оңтүстік батысына қарай кететін күре жолды қақ жарып өтетін Жамбыл ауданының топырағына табан тиген кезде «Ақындар мен батырлар елі» деген айшықты әріптермен жазылған жазу бірден көзге түседі. Осы сәтте өзіңді шын мәнінде ән-жыр ұялаған киелі өлкеге келдім деген сезім баурай жөнеледі. Бұл өлкеде асқан өнерімен елге танылған, атақ-даңқы жер жарған өнер дүлдүлдері мен бұлбұлдары, ақын-жырау, жыршы, сал-серілер аз болмаған. 

Ақиық ақындарымыз, жыр сүлейлері Сүйінбай мен Жамбыл, халық ақындары Өмірзақ Қарғабайұлы, Үмбетәлі Кәрібаев, Әбдіғали Сариев, Өтеп Оңғарбаев, Әсімхан Қосбасаров, Әлімқұл Жамбылов, Есдәулет Қандеков сынды жыр саңлақтары өздерінің ел аузында мәңгі сақталған асыл жырларын осы жерде дүниеге келтірген. Бұл тұрғыдан алғанда Жамбыл өңірінің шоқтығы әрдайым биік екендігі белгілі.

Осы өңірде кіндік қаны тамған, өткен тарихымыздың күрделі де қызық беттерін өз өмірімен, өлең жолдарымен өрнектеген, жыр жампоздары Сүйінбай мен Жамбылдың ақындық өнерін арықарай дамытып, жалғастырушы, әрі олардың талантты шәкірттерінің бірі, көркемсөз шебері, Қазақстанның халық ақыны ретінде көпшілікке танымал болған көрнекті тұлғаларымыздың бірі – Үмбетәлі Кәрібаев. Ол 1889-жылы Жамбыл ауданының Шолаққарғалы өңірінде, ел жайлауға көшіп жатқан уақытта дүниеге келген. 1937-жылдан КСРО Жазушылар одағының мүшесі, 1960-жылы «Қазақ КСР-інің халық ақыны» деген жоғары атақ берілген. Талантты ақын көзі тірісінде зор құрметке ие болған тұлғалардың бірі. Ұстазы Жамбылдың өзі «өлең жырдың қара жорғасы» деп, оның ақындық өнерін жоғары бағалаған. Қалың нулым, Тұнық сулым, Туған жерім Қарғалы! – деп өзі жырлағандай, Үмбетәлі ақын Қарғалы тауының баурайындағы Майбұлақ деген жерде өсіп, ер жеткен. Әкесі Кәрібай орта шаруа, ұлы жүз, шапырашты, айқым, оның ішінде Әйтек деген атадан тараған. Анасы Бөпежан – шапырашты, көшек руының қызы. Ақын өзінің ата-тегі жайлы шежіресін «Өзім туралы» өлеңінде былайша өрнектейді: – Шапырашты – әсілім, Айқым деген – нәсілім. Әйтек деген – арғы атам, Кәрібай менің – өз әкем. Үмбетәлі – шын атым, Сөз айтпаймын жасырын. Он төрт жасқа келгенде, Оқыдым ілім тәсілін. Он бес жасқа келгенде, Домбыра болды машығым. Өлең болды көбіне, Он жеті жастан кәсібім. Қыр соңынан қалмадым, Секілді менің ғашығым. Өлең-жырды айтқанда, Тау суындай тасыдым. Әкесі Кәрібай момын ғана шаруа адамы екен де, шешесі Бөпежан той-томалақта өлең құрастырып жіберетін әнші келіншек атаныпты. Сегіз баланың ішінде мұқтаждық зарын көп көріп өскен Үмбетәлі ерте есейеді. Табанына шөңге кіріп, маңдайы күнге қақталып, қаршадайынан жалшылықта болып, қозы бағып, жылқы күзеткен. Ақын жетімдікпен өткен балалық шағын, мұң-шерге толы тағдырын, малшылықпен, жалшылықпен өткізген күндерін өзінің «Жетімнің зары» толғауында: – Кеңітіп тар құрсағын тапқан анам, Зор қамқор тәрбиеші болған панам. Жетім қап, шер көкірек болып өстім, Тағдырға еш айла жоқ, бар ма шарам? Бес жаста қалған сізден жетім едім, Артыңа тастап бізді кетіп едің. Жеңгеге жетілгенше жексұрын боп, Ер жетіп жігіт болды жетімегің... – деп күйінішпен тебірене жыр етеді. Әкесі Кәрібай бала Үмбетәліні 1901 жылы он екі жасында қабырға ағайыны Бертай байға қозы бағуға жібереді. Сөйтіп, Жамбыл мен Кенен секілді ол да бала кезінде байдың малын бағыпты. Бертайдың қолында үш жыл алты ай жүреді. Осы кезде шешесімен еріп, той-томалақта ақын-жыршыларды, қыз бен жігіттің айтысын көреді. Үмбетәлі Жамбылды 12 жасында көреді де, ақындығына қатты тәнті болады. 18 жасында Майтөбеге ұлы жырауды әдейі іздеп барып тұрып: – Жасыңнан ақын Жамбыл атанғаның, Атақты Сүйінбайдан бата алғаның. Шәкірті Сүйінбайдың болғаннан соң, Үйіңде тыныш қана жата алмадың. Әдейі ат арылтып інің жетті! Қолыңды жай келеді бата алмағым, – дегенде: – Қара тілге ұста екенсің, қарағым, – деп Жәкең топ адамның көзінше қолын жайып, ақ батасын берген екен. Өнерге осылай жолдама алған, тұсауын кескен Үмбетәліге Жәкең көп көмек көрсетіп, өмірінің соңына дейін ұстаздық еткен. Бірде алқалы жиынға келіп, бар ақынды жеңіп отырған Үмбетәліні Жамбыл айтысқа шақырады. – Сіз менің бата алған ұстазымсыз. Мен өзіңізбен ешқашан айтыспаймын, – деп бас жүлдені өз қолымен Жәкеңе апарып тапсырыпты. Үмбетәлі Жәкеңнің ең сүйікті шәкірті, әрі ізбасары. Мәскеуден орден алып қайтқанда: – Ассалаумағалейкум! Ардақты Жамбыл шалымыз. Шәкіртің келді алдыңа Сәлемін қабыл алыңыз, – деп шырқаған Үмбекең жыр алыбының өмірінің ең соңғы сәтіне дейін жанында бірге болған жан. Жырауды жерлерде Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов және басқалар: «Жәкең ақынның пірі еді, құдірет еді. Жыршылардың ішінде дүлдүлі еді. Енді кім оны жоқтап айтады? Жоқтайтын адамның жыры да Жәкең атына лайық, соған барабар болсын», – дегенде, Үмбетәлі орнынан қарғып тұрып, бейіттің басында ертеден түске дейін зарланып, жырымен жоқтап, бүкіл елді егілдіріп, көздерінен мөлтілдеген жас төгілдіріп, ұлы ақынға бағыштап, жоқтау айтқан екен. Үмбетәлі 12 жасында ауыл молдасынан қара біліп, хат танитын халге жетеді. Бір ғажабы, Жамбыл да, Кенен де, Үмбетәлі де өз өлеңдерінде молдаларды оңдырмаған. Ауыл арасында суырып салып өлең айтып, өнерпаздығымен аты шыққан Үмбетәлі қолдан домбыра жасап, той-думанда ақынмын деп суырылып өлең айта бастайды. Үмбетәлі ақын Жамбыл тәтесіне еліктеп, қолына он үш жасынан домбыра алып, өлең шығарумен айналысқан. Әкесі бұған қатты намыстанып, қарсылық білдіріп, алғашқы жасаған домбырасын екі бүктеп, шарт сындырып, отқа жағып жібереді. Қайсар, кеудесін өнерге деген құлшыныс буған жеткіншек қайта домбыра жасайды. Бала Үмбетәлі малға құлықсыз, ал әкесі өлең-жырға құлықсыз болады, сөйтіп отбасында әке мен баланың арасында кәдімгідей шиеленіс өрбиді. Әкесі алғашында баласының бұл бастамасын «әншейін ет пен терінің арасындағы желік» деп түсініп, «жарапазаншылағаныңды қой» деген екен. – Оқуды алты айдан соң кеттім тастап, Ақындық жетектеді мені бастап. Домбыра ақындықтың серігі деп, Басыма алып келіп, жаттым жастап. Үйрендім, домбыра да безек қақты. Деп әкем бұл даңғырды қайдан тапты. Сындырып ортасынан екі бүктеп, Талайын домбыраның отқа жақты, – деп осылардың барлығын «Өз өмірімнен» толғауында жырға қосады. Ауылдың той-томалағы онсыз өтпейді, жиын-сауықтың гүлі болады. Қайткенмен де әке баласының ақын екенін мойындайды. Мұны ақын: – Жалынды от жас жүректі тыншытпады, Биіктен кімдер түсіп, кім шықпады. Жан-жақтан табыс келе бастаған соң, Әкемнен айтпа деген үн шықпады, – деп жыр етеді. Бұған қарап оқырман әкесінің бар ойы тек «малда ғана болыпты» деп ойлап қалмауы керек. Әке баласының тіршіліксіз сенделіп жүрмей, өмірден өз орнын тапқанына келісім берген шағы деп қабылдаған ләзім. Ақын он сегізге толғанда «Айқымнан ақын бала шығыпты» деп айнала жұрт аузына ала бастайды. Енді Үмбетәлінің ақындық даңқы айнала ағайыннан асып, Жетісу жұртына жайыла бастады. Ақынның осы жылдары жазған жырларына назар аударайықшы: – Жақсы қыз майдағы атқан таң секілді, Сарайда жанып тұрған шам секілді. Аршын төс, алма мойын, қолаң шаштың, Көңілінде бір арманы бар секілді,- дейді жас ақын. Қандай шынайы, қандай көркем жырлар! Осы өлеңдерге қарап отырып-ақ тұлпардың аяқ алысын байқауға болады. Атағы кеңге таралып, Үмбет ақын атанады, жанына қыз-бозбала жиылып, сауық құрып, нөкер ертіп Жетісу өлкесін аралайды. Оны Үлкенсаз, Ботасаз, Үшқоңыр, Майтөбе, Суықтөбе, Қордайдағы бүкіл ел-жұрт кезек-кезек той, асқа шақырып айтысқа түсіреді. Жасынан домбыра тартып, өлең-жыр шығарған ол, өлеңді тек өз жанынан шығарып немесе суырып салып айтып қана қоймай, Бақтыбай мен Тезектің, Сүйінбай мен Қатағанның, Жамбыл мен Құлмамбеттің айтыстарын, «Мың бір түн», «Тотынама» дастандарын жатқа айтып, олардың ел арасына дендеп енуіне елеулі ықпалын тигізген. Өзі де Иса, Кенен, Нұрила, Есдәулет, Саяділ, Қалқа, Жақсыбай сияқты өнер саңлақтарымен айтысқа түскен. Алатаудың арғы бетіндегі айыр қалпақты қырғыз ағайындардың Оспанқұл мен Жаманқұл, Батырша сынды жыршыларымен де тығыз байланыста болған. Шығыс әдебиетінің мазмұнында «Үш өнерпаз», «Патша мен ұрылар», тарихи сюжетке құрылған «Кемпірбай мен Қисық батыр», бүгінгі өмірге байланысты «Марқа», «Мәлікбек» дастандарын шығарды. 1916 жылғы Жетісудағы ұлт-азаттық көтерілісіне қатысып, оны жырға қосты.Үмбетәлі шығармалары «Өлеңдер мен дастандар» (1938 ж.), «Өлеңдер» (1951 ж.), «Өлеңдер мен толғаулар» (1958 ж.) деген атпен жарияланды, 1962-жылы таңдамалы шығармалары жарық көрді. Ақын туралы ең бірінші, оның Сүйінбай, Жамбыл жырларын жалғастырушы, шашасына шаң жұқпас суырып салма ақын екенін айтуға болады. Айтыс өнерінің алып өкілі. Өлеңді суырып салып та, жазып та айтатын болған. Жыр алыбы Жамбылдың өлең жырларын түгел дерлік қағазға түсіріп, осы күнге жеткізді. Ақын өз заманында Жамбыл, Кенен, Нартай, Нұрлыбек сынды ақындармен сөз жарыстырып, қазақтың заңғар тұлғалары Ілияс Есенберлин, Сәбит Мұқанов, Мұхтар Әуезов, орыс жазушысы Михайл Шолоховтармен шығармашылық байланыс орнатқан. Ол жайлы деректерді ақынның мұражай-үйінен табуға болады. Ал енді күш атасы Қажымұқанмен, Ораз Жандосовпен, Тоқаш Бокинмен достық қарым-қатынастары өз алдына бөлек әңгіме. – Өлеңге – Жамбыл жүйрік, әнге – Кенен, Су жорға Үмбетәлі Қара дөнен, – деп Ілияс ақын жүйріктігіне баға берсе, Жамбыл: – Мен сені келіп едім сынағалы, Бұйырған алып жүрмін сыбағаны. «Қара жорға» деп саған ат қоямын, Сөзімнің болсын осы тиянағы, – деп оның ақындығына бата беріп, қайда жүрсе де «Қара жорғам» деп соңынан ертіп жүреді екен. Жақсы туындының философиялық астары тұңғиық тереңде жатады. Үмбетәлі ақынның да өлең-жырларын, қисса-дастандарын жіті талдау арқылы философиялық ойын аршып алуға болады. Өйткені қазақ өлеңі – философиялық ойдың бірден-бір өмір сүру формасы. Осы тұрғыдан келгенде, әлеуметтік-философиялық және философиялық-этикалық мұраттарға толы ақынның шығармашылығын айрықша атап өткен ләзім. Жалпы, Үмбетәлі ақынның шығармашылығын екі кезеңге – Кеңес дәуіріне дейінгі және Кеңес дәуірінен кейінгі деп бөліп қарастыруға болады. Ақынның шығармалары өзіне дейінгі және замандас ақын-жыраулардың жыр-толғауларымен іштей үндесіп жатады. Азат болуды, бас бостандығы мен еркін тұрмысты көксеген халық ақынның іштей ұлттық идеяны сақтаған өлең-жырларынан бойына қуат, жанына медет, үмітіне рухани тірек тапты. Мұны ақынның «Халықтың ыза-ашуы» атты өлеңінен айқын аңғаруға болады: – Бір тартыс ел ішінде қызып жатыр, Кедейлер мұң мен шерге жүзіп жатыр. Қыршындай боздақтарды есепке алып, Болыстар тіркеп жатыр, тізіп жатыр. Аңырап абзал ана жылап жатыр, Күндіз-түн көздің жасын бұлап жатыр. Патшаға, бай-болысқа лағынет айтып, Құлағын ащы күйдің бұрап жатыр. Қайнайды қазандай боп ашу-ыза, Зіл түсті кәрімізге, жасымызға, Құтылып қармағынан қанқорлардың, Күн бар ма теңдік тиер басымызға! – деп, патшаның қазақтан солдат алу жөніндегі жарлығын қатты сынайды, ұлт-азаттық көтерілісіне қатысушылармен бірге болады. Ақынның дүниетанымдық көзқара­сындағы арқау болған өзекті мәселе, ол – адам. Ол өзінің «Біреу бар» деген толғауында: – Жақсыға бітсе дәулет, бақ айналар, Жаманға бітсе дәулет, әуе айналар. Басына ер жігіттің бір іс түссе, Арасы қас пен достың абайланар. Біреу бар жар боп жүрген қолдаушылар, Біреу бар теріс кетіп болмаушылар. Бақ, ырыс, ақылменен қатар қонса, Солар ғой дүниені болжаушылар, - деп жақсы мен жаман адам жайлы ойын тереңірек тұжырымдайды. Әсіресе, ақынның халықты әділеттілікке, адалдыққа, ізгілікке, бірлікке шақыруы бүгінгі таңда да өзекті әрі маңызды болып отыр. Ақын өзінің «Не пайда», «Не артық», «Ауданы кең ақ қайық», «Ақсұңқардың кәдесі», «Дүние деген бір құйын», «Адамнан адам кем емес», «Мен ақынмын демеймін», «Әр нәрсеге қанағат» және тағы да басқа көптеген жыр-толғауларында адам, оның адалдығы, бостандығы, батырлығы, ой еркіндігі, азаматтығы, мұң-арманы, күйіну-тарығуы жайлы терең толғаныспен жырлайды. Кеңес үкіметінің алғашқы жылдарында поэзия өзінің ғасырлар бойғы арнасынан ауытқып, тек идеологияға қызмет еткені баршаға аян. Халықты жалаң ұранға құрылған, науқандық шығармалар мезі қылған еді. Үмбетәлінің жастық шақ жырларынан санаулы ғана өлең сақталыпты. Себебі, кеңес үкіметіне оның төңкеріске дейінгі жазған жырларының қажеті болған жоқ. Осылайша, ақынның он шақты жылдық төгіп айтқан жырлары қағаз бетіне түспей қалған. Бұл бір өзегіңді өртейтін жағдай. Амал нешік, заман сондай болған соң! 1913 жылы Ресей патшалығында Романовтардың таққа отырғанына 300 жылдық мерекесі Жетісу губерниясында, Верный қаласында қалай өткендігі туралы деректерді де ақынның «Өз өмірімнен» атты толғауынан табуға болады. Толғауда уезд бастығы Лихановтың Жамбылды соққыға жығуы, оған Сәт болыс пен Тоқаш Бокиннің араша болуы тартымды суреттелген. Ақын өміріндегі ендігі бір үлкен белес – 1916-жылғы ұлт-азаттық көтеріліс. – Қайнайды қазандай боп ашу- ыза, Зіл түсті кәрімізге, жасымызға. Құтылып қанқорлардың қармағынан, Күн бар ма теңдік тиер басымызға, – деп жырлаған екен. Ақын сол көтерілістің жыршысы болды. Жетісу өңіріндегі аса үлкен көтерілісті басқарушы Бекболат Әшекеұлын жақсы таниды, соның сарбазы, жыршысы болады. Көтеріліс көсемі Бекболаттың қасында жүрді. Соның нәтижесінде «Иса Дәукебаев» деген бүркеншік атпен «Бекболат» поэмасын жазған. Поэманы автордың өзіне қайтару мәселесі әлі күнге шешімін таппай отыр. Бекболатты дарға асар кезде бүкіл халықты жинап апарған ғой. Ұрпақтарының айтуынша, осы оқиғаны көзімен көрген ақын: «Шіркін, Бекболат! Өлім аузында кірпігін қақпай, қасқайып қарап тұрды» деп еске алып отырады екен. Кезінде кеңес өкіметі 16-жылғы ұлт-азаттық көтеріліс тақырыбы, жалпы батырлар жырын жариялауға тыйым салған. Отан соғысы жылдарында халықтың рухын көтеру үшін батырлар жыры қайта насихаттала басталды. Үмбетәлінің о баста өз поэмасын бүркеншік атпен жариялауына осы жағдай себеп болса керек. Сонымен қатар, ақынның солақай саясатты сынап айтқан жерлері де аз болмаған. Ол жырлар, әрине, баспа бетін көрмеген. Бірақ ішінара ел аузында сақталып қалған жырлар әлі де болса кездеседі. Солардың бірі: – Кәртөшке болды тамағың, Латынша болды сабағың. Айналайын қазағым, Ашылмады-ау қабағың. Жамбыл ақынның жанында Мәскеуге баратын өнерпаздарды арнайы комиссия іріктеген кезде, ақын жырының соңын: Қазы мен қарта жеген қайран қазақ, Арақ пен колбасаға қарық болдың, – деп аяқтағаны үшін тізімге ілінбей қалады. Ақынның кезінде жазған бірқатар арнау-наз өлеңдерінен оның жырларын сол кездегі әдебиет саласындағы буын ескере қоймағандығын байқаймыз. 1946-1954 жылдары Қазақстан Орталық комитеттің бірінші хатшысы болған Жұмабай Шаяхметовке: …Өмір сүр, өркендей бер армай-ашпай, Қатыр да дұшпаныңды қара тастай. Каз ОГИЗ қырық жетінші жылдан бері, Сырғытып өлеңімді отыр баспай... Ақын басынан кешкен оқиғалар осы жырда баяндалып тұр. Оған алып қосар ештеңе жоқ. Немесе Асқар Лекеровке: Атаусыз қалған сөзде арман жоқ па, Жүрмісің шығарғалы барды жоққа. Жарыққа жазасы не шықпайтұғын, Жатуы жаны тыныш қанған жоқ па. Айтыңыз басылмаудың себебі не, Жетпеп пе, жатып, пісіп кемеліне. Жаратып, оқып көріп алып едің, Қарама, шындыққа көш, беделіме. Бір белдің біз жатырмыз тасасында, Жауапты сұрағанда ашасың да. «Шаршады, шалдық жетті» дегенің бе, Жеткенде басым жерге басасың ба,-дегені нақты дәлел. Асқар Лекеров 1954 жылдан өмірінің соңына дейін Қазақстан мемлекеттік көркем әдебиет баспасында (қазіргі «Жазушы») редактор қызметін атқарған. Кеңес кезінде ақын-жазушы қаламақымен күн көрген заман болды. Әдеби басылым басшыларының абырой беделі зор еді. Жазғаның жарыққа шығу үшін алдымен солардың көңілін табу керек болатын. Жасыратыны жоқ әдебиетте рушылдық, жершілдік деген нәрсе күні бүгінге дейін бар. Халқымыз ат үстінде күн көрген кезде қалыптасқан Үмбетәлі ақынға 50-60 жылдардағы буынның ішкі сырын түсіну қиын еді. Ініме сәлем (Қонаевқа арнау): … Есікте қорғаушы жүр, кіргізбейді, Рұқсатсыз жалғыз қадам жүргізбейді. Айтқалы мұң-мұқтажын барған адам, Інішек, сізді іздемей кімді іздейді. Жақсының алды базар кең дейтұғын, Аумайтын үзеңгісі тең дейтұғын. Жетпісте жетім қыздың тойын істеп, Айналып екі жетпіс келмейтұғын. Көп жаса, өміріңе тілектеспін, Деген бар «тірі еткенді құр етпеспін» Қалғам жоқ қартайғанша қатарымнан, Халықпен мен де өзіңдей жүрек­тес­пін,-дейді. Ақынның 1959 жылы жетпіс жылдығы «жетім қыздың тойы» деген сөзіне қарағанда өз деңгейінде аталып өтпегенге ұқсайды. Бір жылдан кейін Орталық комитеттің бірінші хатшысы болып Д.Қонаев тағайындалады. Мұң-мұқтажын айтпақ болған ақын оның да қабылдауына кіре алмайды. Үмбетәлі өлеңдері сан қырлы. Ол – лирик, философ, сатирик. Ақынның мол мұрасы жөнінде жеке-жеке, нақты мысалдармен кеңейтіп әңгімелеу алдағы күннің еншісі. Үмбетәлі – ірі айтыс ақыны. Ол өзі тұстас сөз шеберлерінің бәрімен: Кенен, Саяділ, Қалқа, Есдәулет, Қайып, Өмірзақ, Бармақ, Өтеп, Әбдіғали, Жартыбай, Арғынбай сияқты ақындармен айтысқа түскен. Әсіресе, оның Нұриламен айтысы қазақ айтыстарының ішіндегі асқар шыңдарының бірі. Ақынның қырғыз арасындағы өнер сайысы, ауызекі шешендік сөздері, әзілі өз алдына жеке зерттеуді қажет етеді. Ақынның шығармашылық мұрасын зерттеу бірнеше ғасырдың еншісінде. Үмбетәлі Кәрібаевтың өлең-жырлары Қытай елінде көп жарияланған. 1916 жылғы үркіншілікте өрдегі суандар Қытайға ауа көшкенде Ораз Жандосов қасына Үмбетәлі ақынды ертіп алып, арғы беттегі қазақтарды атақонысына қайта алып келуге үгіттеп, елге қайтуына көмектескен. Шын мәніндегі халық ақыны Үмбетәлінің жыр-дастандарының, ол жайлы естелік-әңгімелердің жас ұрпаққа әлі де талай жылдар рухани азық болары дау тудырмайтын шындық. Тіпті, ұлы Жамбылдың қасына еріп жүріп, Жәкеңнің өлеңдерін жаттап, бүгінгі ұрпаққа жеткізгені үшін де біз Үмбетәлі ақынға қарыздармыз. Өйткені, ол төкпе жырдың шебері ғана емес, сол кездегі ақындардың өлең-жырларын, дастандарын жаттап алатын ерекше қабілетті құймақұлақ жыршы да болған. Аты аңызға айналған «қара жорға» Үмбетәліге тек қана кітап шығарып, естелік жазбай, тіпті ескерткіш орнатса да артық болмас еді. Өйткені, Үмбетәлі ақын қай жағынан алсақ та марапатқа лайықты. Үмбетәлі бір ауылдың емес, қазақ халқының ортақ мақтанышы. – Асылдан ізде нәсілін, Басыңды әуел қосарға. Ер асылын таба алмай, Басыңды қоссаң осалға, Таппассың жөнді қашарға. Көптің болса қаумасы, Жалғыз қалып қасарма. Ағайынның жаманы, Алдыңа түсіп бас болмас. Артыңа еріп дос болмас, - деп төге жырлаған, «Өлеңге Жамбыл жүйрік, әнге – Кенен, су жорға Үмбетәлі қара дөнен», – деп Ілияс Жансүгіров баға берген жыр тұлпары, жер жаннаты Жетісуда сонау Қабан жыраудан бастап, Бақтыбай, Сүйінбай, Жамбыл, Кенен, Қалқа, Әбдіғали, Өмірзақ сияқты аузымен құс тістеген сөз зергерлерінің арасында қазақтың қара сөзін қара судай қайнатқан өлеңнің қас шебері, Халық ақыны Үмбетәлі Кәрібаевтың туғанына 125 жыл толып отыр. Ақын дүниеден өткелі жарты ғасырға жуық уақыт өтіпті. Ақын өзінің саналы ғұмырын өлеңмен өрген орны бөлек дара талант. Оның қаламынан туған жыр шумақтары ұрпағына мирас болып қалды. Әрбір өлеңі тайға таңба басқандай, ал, айтыстағы сөз саптасы мірдің оғындай екен. Өміршең өлең заман көшіне ілесіп, Тәуелсіздігіміздің қанаты қатайған кезеңін бүгінгі буын ұрпақпен бірге басынан өткеруде. Ақын мұрасын зерттеу, екшелеу, бүгінгі күн тұрғысынан зерделеу – уақыт талабы. Асқар таулар алыстан айбынданып көрінетіні сияқты, Үмбетәлі ақын мұрасының жылдар өткен сайын маңызы арта түсері анық.                   Лесхан Әмірханұлы АСҚАР,                  Әл-Фараби атындағы Қазақ                 ұлттық университетінің доценті,                 философия ғылымдарының кандидаты.