Қытай да Ресейге қыр көрсете бастады...

Қытай Ресейдің стратегиялық жақтастығынан қысас жасаушы қарсы тарапқа шығып кетті. Бұл осы аптадағы әлемдік саясаттағы нөмірі бірінші талқы тақырыбы боп жатыр деп жазады бірқатар халықаралық басылымдар. Мұндай жағдайда не болады?.. "Алаш айнасы" бұл сауал жауабына отандық мамандарды тартып көрді... 

Бүгінгі таңда халықаралық құқықты бұзып жатқан Ресейге ашық келген Еуропалық одақ пен АҚШ қана десек те болады. Күндердің күні олардың қатарына Қытай келіп қосылады деген кім-кімнің де өңі түгілі түсіне енбеген. Өйткені Пекин бүгіндері Мәскеудің ең мықты стратегиялық әріптесі әрі досы боп саналады. Қалай дегенмен де осыған дейін ол солай боп келген... Негізінен, халықаралық құқықты қанша жерден таптаса да бүгінгі дейін Путинді ашықтан-ашық масқаралауға ешбір ел басшысының дәті жетпеген. Өйткені оның қолындағы ядролық қару кез келгенді мәймөңкелетіп жіберуге қауқарлы. Алайда Қытай одан мүлде сескенбейтін сияқты. еizvestia.com. сайтында жарияланған "Путинді жоғары деңгейде ашықтан-ашық мазақ қыла бастады. Ең бірінші қытайлар бастады"деген мақалада алдымен Австралия сыртқы істер министрінің астарлы сөзі келтіріліпті, бірақ Қытай жасаған іс-әрекет жанында оның шыбын шаққан құрлы болмай қалғандығы айтылады. Сөзбе-сөз келтіре кетелік: "Ғаламдық мәселелерге арналған G20 басты экономикалық форум боп табылатындығына толықтай кепілдік беретін мемлекеттер Ресей президенті мұнда келіп, Украинадағы өз әрекеттеріне қатысты халықаралық айыптауларды естіп кетуі керек деп санайды" дейді кекесінмен Австралия СІМ басшысы Джулия Бишоп. Алайда басылым, шынтуайтында бұл жиынға Путин қатысса, оның қателігін бетіне басып, қатты сөз айтатын бірде-бір саясаткер табылмайды, себебі барлығы да Ресейден қатты қорқады деп жазады. Мысалы 19 қыркүйекте Ресей үш бағытқа: Ұлыбританияға, Швецияға және АҚШ-қа қарай стратегиялық атқылаушы ұшақтарды жіберген. Бұл мемлекеттер де қарап қалмай, бірден өз атқыштарын көкке көтерген. Бірақ, Құдай сақтап, әскери қақтығыс орын алмаған. Осылайша әлемге айбат шеккен Путин ядролық бомба тастап жібере алатынын ашық білдірген. Алайда жаңа "стратегиялық әріптесі" – Қытай Путинді мазақ ете алатын боп шықты деп жазады еizvestia.com сайты. Естеріңізде болса, 13 қыркүйекте Тәжікстанда Қытайға тасымалданатын жаңа газқұбырының учаскесі ашылған. Оның ашылу салтанатына Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонов пен КХР төрағасы Си Цзиньпин қатысқан болатын. Ал оның алдында бір апта бұрын "Сібір күші" орыс-қытай газқұбыры құрылысының іргетасын қалау салтанатына Кремльден Путиннің өзі келген, ал Қытай екінші адамын, Цзиньпиннің орынбасарын жіберген. "Бұл кездейсоқтық емес, себебі қытайлар жоғары деңгейдегі кездесулерге қатты мән береді. Демек, бұлай ету арқылы Қытай Ресейге енді менен қашып құтыла алмайсың, сенде таңдау да жоқ деп осал тұсын емеуірінмен бетіне басып отыр. Тәжікстан құрлы сыйың жоқ деген ойдың өзі селт еткізеді, бұл нағыз масқара" деп жазады ресейлік тілші Юлия Латынина бұл ретте. Ал бір күн бұрын Қытай ғасыр жобасы атауына ие болған "Сібір күші" газқұбырын қаржыландыруға дайын емес екендіктерін мәлімдеді. Бұл да халықаралық қауымдастықты елең еткізген ақпар болды. "Келісімшарт бойынша алдын ала берілуі тиіс аванс ақшаға қатысты Қытай әлі бір шешім қабылдаған жоқ, бірақ біз оны талап етпейміз. Авансты Қытай бағаны тағы түсіру үшін ықпал тетігі ретінде пайдаланғысы келетін сияқты. Сондықтан біз аванссыз-ақ құрылысты бастап кеттік" деп бұл жайтқа түсініктеме берген "Газпром" АҚ басқарма төрағасының орынбасары Александр Медведеев кешегі баспасөз мәслихатында. Еске сала кетелік, ЮКОС-тың бұрынғы басшысы М.Ходорковский Қытаймен арадағы бұл жобаны экономикалық жағынан тиімсіз деп бағалаған: "Одан бізге бірде-бір ақшалай пайда келмейді. Ал шығынымызды өтеуіміз мүмкін. Бірақ бұл арада ақша шығарып жатқан Қытай емес, біз екендігімізді ұмытпауымыз керек. Бұл – олимпиадаға жұмсалған көлемдегі үлкен шығын". Қалай дегенмен де бұл жайттардан Ресейді Қытайдың уысына түсті деп қорытынды шығаруға бола ма? Нұрлан Сейдін, саясаттанушы: – Қытай Ресеймен ешқашан жауласпайды. Бірақ өзіне берілген мүмкіндік – ұрымтал сәтті де текке жібермейді. Ал қазір Ресей шарасыз күйде екендігі белгілі. Міне, осы осал тұсын жақсы пайдаланған Қытай қазір барлық есебін түгендеп қалуға барын салуда. Ол қолынан келіп те жатыр. Былтыр Ресей мен Қытай 25 жылға белгіленген 360 млн шикі мұнай тасымалы жобасына қол қойды. Ал биыл 30 жылға арналған газ келісімшартына отырды. Бұл ірі келісімшарттар қана. Одан тыс ұсақ нешеме түрлі жобалар тағы бар. Ең бастысы, Қытай Ресейден юанмен есеп-айырысуын талап етті. Ал Ресей юанды қайдан алады? Әрине, Қытай тауарларын көптеп сатып ала бастайды. Ресейдің Батыс тауарларына тыйымының астарында осы себеп те болуы ықтимал. Көлік, логистика, ауылшаруашылығы және т.б. салалар бойынша да жобаларға келісіп жатыр, яғни Қытай орыс орманын ғана емес, енді қалаларын да игере бастайды. Демек, Қытай шикізатпен шектеліп қалмақ емес, Пекин өзінің халқына бөтен мемлекеттерден де жұмыс тауып беретін боп жатыр. Әрине, "Сібір күші" жобасы тоқтатылмайды. Қытайдың бұл арада ықпал тетіктері бар секілді. Сондықтан бағаны түсіру немесе басқа жобаларға келісу секілді бір жоспарлары бар шығар. Жалпы, геосаясатта АҚШ Қытайды көздейді. Ал Ресей Қытайға қалқан ретінде өте керек. Сондықтан олардың араздасуы екіталай. Керісінше, оларды бір-біріне қарсы қою үшінші тарап үшін өте ауадай қажет. Осы негізде ақпараттар құбылып берілуі мүмкін. Ал өткен айда Путиннің аяқ-астынан Қиыр Шығыстағы әскери нысандарға тексеру жүргізуін қалай түсіндіруге болады? Мамандар сол кезде мұны Мәскеу Қытайдың күш алуынан қауіптеніп жасады деп түсіндірген еді. Бұл ретте орыс қытайтанушысы Андрей Девятов былай дейді: "Мұның барлығы қаскүнемдердің насихаты. Қытай халықтық азат әскері құрамындағы жаяу әскерін жер-жерге лақтырғаны рас. Ондай үлкен әскер ешкімде жоқ. Бұл арада қорғаныс мәселесін бір демде шеше алатын мүмкіндігін айтып отырмын. Көктен қолдауды да олар жақсы жасайды. Шыңжаң әуе жайына, одан Қазақстанның әуе-жайына көшіп жүре алады. Олар кен орындарын, мұнайқұбыры стансасы сорғыштарын, барлығын өз қорғанысына толықтай ала алады. Парсы шығанағынан Каспий, Суэцк арнасынан Шыңжаңға дейін қаулауы ықтимал соғыс туралы болжам күнде айтылады. Міне-міне Сирия жарылып кетеді деп дабыл қағылып жатыр. Мұндайда шикізат нысандары қорғанысын қамтамасыз ету – кез келген мемлекеттің міндеті. Бұл – бүгінгі күннің қауіп-қатері. Ресей Қытайдан қауіптенбейді. Керісінше, бұл мемлекеттер бір-бірін барлық жағынан стратегиялық әріптес ретінде таниды".

Автор: Кәмшат Сатиева alashainasy.kz