Семейде мектепке хиджаб киген оқушы қызбен күрес жүруде

Шығыс Қазақстан облысында мектепке хиджабпен келген оқушы қызға қатысты мәдениет және спорт министрлігі түсініктеме берді.

Семейде мектепке хиджаб киген оқушы қызбен күрес жүруде
Бұл туралы yk-news.kz сайтына сілтеме жасап NUR.KZ хабарлайды. 15 жастағы Айзере Шыңғысбаева ислам қағидаларын берік ұстанатын отбасында тәрбиеленген. Сол себепті, 1 қыркүйек күні Семейдегі мектептердің біріне хиджаб киіп барды. Алайда, мектеп директоры оның киімі жалпы формаға сай келмейтінін айтып, Айзерені сабаққа кіргізген жоқ. Осыдан соң, қыздың ата-анасы ғана емес, облыстық дін істері жөніндегі басқарма мен мәдениет министрлігі де іске араласты.

Мәдениет және спорт вице-министрі Марат Әзілханов мектептерге діни белгілердің бой көрсетуіне жол берілмейтінін айтты. "Мектепте бәрінің құқығы тең, сондықтан балалар арқылы қандай да бір нәрсені насихаттауға жол жоқ", - деп нақтылай түсті вице-министр.

Дін істері жөніндегі басқарма жетекшісі Манарбек Мұхаметжановтың айтуынша, жалпы білім беретін мектептерде барлық оқушыға бірдей форма кию міндеттеледі. Себебі, бұл оқушыларды әлеуметтік жағдайына, діни көзқарасына қарай бөлуге мүмкіндік бермейді. Ал мектептке хиджаб киюге бола ма деген сұраққа Мұхаметжанов: "Ұйымның заңына бағыну керек. Егер мектеп формасы бекітілген болса, соны кию қажет", - деп жауап берді. Ал Айзерені орамал таққан күйінде мектепке кіргізбеген директорды сотқа берген оқушының ата-анасына заң орындары жауап берген жоқ. Бірақ Айзеренің анасы Жанар Тамашева қызының ұзын белдемше мен орамалдан бәрібір бас тартпайтынын айтады.
Источник: NUR.KZ