Мұрат етіп Меккені сапар шекті

Бұл күндері әлемнің төрт бұрышынан қасиетті шаһар – Меккеге ұлы сапарға аттанатын мұсылмандар көші көбейеді. Ұлық ғибадат – қажылық уақыты да таяп, бүгінгі таңда оған елімізден бес мыңға жуық отандасымыз аттанды. Солардың қатарындағы бір топ елордалық ағайындарымызды күні кеше Астанадағы «Төлебай» мешітінде шығарып салу рәсімі өтіп, игі тілектерге арналған ақ дастархан жайылды, деп хабарлайды Ummet.kz.

«Төлебай» мешітінің бас имамы Ибраһим Келдібайұлы ізгі сапарға ниет еткен ақ пейілді ағайындарға өз тілегі мен лебізін жеткізді. «Жыл сайын елімізден қажылық сапарына аттанушы ағайын қатары артуда. Бұл – еліміздегі Ислам дінінің өрісінің кеңейіп келе жатқандығының белгісі, бейбітшілік пен тұрақтылықтың нышаны,тәуелсіздігіміздің жемісі» деп атап өткен бас имам барша ағайынға сәт сапар тілеп, дұға етті. Өз кезегінде қажылыққа ниетті ағайын да ыстық ықыластары мен рахметін айтып, қажылық рәсімі мен шариғат төңірегінде ақыл-кеңес беріп, арнайы дайындық курстарын ұйымдастыруға ұйытқы болған елорданың бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлына, барша дін қызметкерлері мен дін жанашырларына алғыстарын білдірді. BNews.kz