Биыл Қазақстан атынан Нобель сыйлығына Әбдіжәміл Нұрпейісов ұсынылды

Биыл Қазақстанның атынан Нобель сыйлығына халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісов ұсынылды. Бұл туралы бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихатында Қазақ ПЕН-клубының президенті Бигелді Ғабдуллин мәлімдеді.

Биыл Қазақстан атынан Нобель сыйлығына Әбдіжәміл Нұрпейісов ұсынылды
Фото: time.kz. Әбдіжәміл Нүрпейісов
Оның айтуынша, атақты жазушы өткен жылы да ұсынылған болатын. "Өткен жылы Әбдіжәміл аға тіпті Нобель комитетінің 5 адамдық қысқа тізіміне ілінді! Биыл да Қазақ ПЕН-клубы Әбдіжәміл ағаны ұсынып отыр. Негізі Қазақстанның атынан Нобель сыйлығына ақын-жазушыларды ұсыну бойынша тек әдебиет институты мен Қазақ ПЕН-клубының ғана құқығы бар", - деді өз сөзінде Бигелді Ғабдуллин. Сонымен қатар, Қазақ ПЕН-клубының президенті бүгінгі таңда қазақтың классик жазушыларының туындыларын ағылшын тіліне аудару жұмыстары жүргізіліп жатқандығын жеткізді. "Бұған дейін Әбдіжәміл Нұрпейісовтың "Қан мен тер" романы аударылған болатын. Ол батыс елдері оқырмандары арасында өте жақсы қабылданды. Қазір түрлі елдерден Нобель комитетіне мыңдаған ұсыныс хаттар жолдануда. Сондай-ақ қазір Әбіш Кекілбаевтың шығармалары аударылып жатыр. Бұдан кейін Мұқағали Мақатаевтың, Смағұл Елубайдың шығармалары аударылады" - деді Бигелді Ғабдуллин.
Источник: ИА "Казинформ"