БІРЛІККЕ БАСТАҒАН БАЙРАҚТЫ АСТАНАМ

Ассамблея Астаны Қазақ халқы қашанда бірлік пен татулық мәселесіне ерекше мән беріп, оны тірліктің тұтқасы, өмірдің өзегі ретінде бағзы заманнан бағалап келген. «Бірлік бар жерде – тірлік бар», «Береке басы – бірлікте», «Ырыс алды – ынтымақ» деген сияқты көптеген мақал-мәтелдер соның айғағы. Болашақтың бірліксіз болмайтынын болжай білген бабаларымыз бала тәрбиесінде де осы қағиданы басты бағыт етіп ұстаған. Ол атадан балаға мұра болып, әлі де жалғасын тауып келеді. Бірлік пен татулық тәлімінің қазіргі көпұлтты Қазақстан жағдайында маңызы ерекше. Мемлекет құраушы, елдің, жердің иесі ретінде қазақ халқы өзге ұлттар мен ұлыстарға оның асқан үлгісін көрсетіп келеді десек артық емес. Тарихымызға үңілсек, оған анық көз жеткізе аламыз. Қиын-қыстау кезеңге тап болған өзге ұлт өкілдеріне қашанда қамқор болып, ағалық мейрімін аямаған. Алаш елі тағдырдың жазуымен жер аударылып келген түрлі ұлыстарға төрінен орын беріп, бір үзім нанын бөліскені белгілі. Сол үшін көптеген ұлыстардың өткен және бүгінгі буыны қазақ халқына шексіз риза. Қазақ жерінде қазір 140-тан аса ұлт пен ұлыс өкілдері өмір сүріп жатыр. Оларға Қазақстан азаматтары ретінде тең құқық берілген. Олар білім алу, емделу, жоғары лауазымды қызмет атқару мүмкіндіктеріне ие. Елімізде мекен еткен ұлт пен ұлыстарға өз мәдениетін дамытып, салт-дәстүрлерін сақтауға лайықты жағдайлар жасалған. Олардың әрқайсысының ұлттық мәдени орталықтары тұрақты жұмыс істейді. Мәдени орталықтар әр халық өкілдерінің өз ұлттық дәстүрлері сақтауға зор ықпал жасап келеді. Сонымен бірге, көпұлтты Қазақстанның мәдени жағынан әртарапта дамуына үлес қосып келеді. ЫНТЫМАҚ ҰЙЫТҚЫСЫНА АЙНАЛҒАН ҰЙЫМ Халықтар достығының, бірлік пен ынтымақтың ұйтқысы ретінде танылған ұйымдардың бірі - Қазақстан халқы Ассамблеясы дер едік. Ол 1995-жылғы 1-наурызда Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Мемлекет басшысы жанындағы консультативті-кеңесші орган ретінде құрылған болатын. Елбасы Қазақстан халқы Ассамблеясын құру идеясын алғаш рет 1992-жылы Тәуелсіздіктің бірінші жылына арналған Қазақстан халқының бірінші форумында жариялады. Мұндай институтты құру қажеттілігі саяси тұрғыдан, сондай-ақ жаңадан құрылған, тәуелсіз, полиэтносты, поликонфессиялық мемлекеттің тұрақты дамуы тұрғысынан туындаған-ды. Аталған бастама мәдениетаралық диалогты нығайтудың жаңа кезеңінің негізін қалап, этносаралық қатынастарды дамыту мәселелерін жоғары деңгейде шешуге мүмкіндік жасайтын әлемдік тәжірибедегі тың бағыт болды. Айта кетуіміз керек, бұл әлем бойынша бірінші бастама болып табылады. Өзінің жиырмаға жуық жылдарғы тарихында Ассамблея қарқынды дамып, елеулі өзгерістерді бастан кешірді. Оның дамуы барысында Н.Назарбаевтың этносаралық толеранттылық және қоғамдық келісімнің қазақстандық үлгісі қалыптасты. Осы жылдар ішінде Қазақстан халқы Ассамблеясының институционалдық құрылымы нығайып, қоғамды ұйыстырушы әлеуеті толысты, ол халық дипломатиясының маңызды күретамырына айналды. Бүгінде Ассамблея ел Президенті Төрағалық ететін конституциялық тұрақты орган ретінде танылды. Аталмыш бірегей институт еліміздегі барлық этнос өкілдерін ортақ мақсатқа ұйыстыра отырып, республикадағы тұрақтылықты сақтау мен ел дамуының мақсатына айтулы үлес қосып келеді. Ассамблея қызметінің арқасында Қазақстанда этностық немесе діни ерекшелігіне қарамастан әрбір азаматтың Конституциямен кепілдік берілген азаматтық құқықтары мен еркіндігі толығымен қолданылатын этносаралық және конфессияаралық келісімнің айрықша үлгісі қалыптасты. Қазақстанның көпэтностық бай кеңістігінде сенім, келісім мен өзара түсіністік үлгісі орнады. Этномәдени бірлестіктердің саны тұрақты өсуде, қазір олар 800-ден асады. 15 тілде газет-журнал, 8 тілде радиобағдарламалар, 7 тілде телебағдарламалар шығады. Білім беру толықтай өзбек, тәжік, ұйғыр және украин тілдерінде жүргізілетін 88 мектеп жұмыс істейді. 108 мектепте 22 этностың тілі жеке пән ретінде жүргізіледі. Қазақ және орыс театрларын қоспағанда елімізде тағы төрт ұлттық өзбек, ұйғыр, корей және неміс театрлары жұмыс істейді. Әр жыл сайын Қазақстан этностарының тілдерінде бірнеше жаңа кітаптар жарық көреді. Жыл сайынғы халықтық мерекелер 22-Наурыз – Ұлыстың ұлы күні, 1-мамыр – Қазақстан халқының бірлігі мерекесі, масленица, сабантой сияқты ұлттық тойлар жалпыхалықтық мерекеге айналды. Егер мемлекеттің қалыптасу кезеңінде басты міндет этносаралық төзімділік пен қоғамдық келісім негізінде қоғамды ұйыстыру болса, ел дамуының жаңа кезеңінде, стратегиялық басымдық ретінде, қоғамның барлық азаматтары мойындаған ортақ құндылықтар мен қағидаттар жүйесіне негізделген ұлт бірлігіне жету болып табылады. Сондықтан, 2010-жылы сәуірде азаматтық қоғам мен мемлекеттік институттардың, азаматтардың сындарлы ұсыныстарын жинақтаған Қазақстанның Ел Бірлігі Доктринасы қабылданды. Қазақстанның Ел Бірлігі Доктринасы – халықтың, уақыт талабына сәйкес, бірігу қажеттігін түсінуіне негіз болмақ. Бұл – болашаққа бірігіп ұмтылудың соны серпіні. Қазақстандық үлгі Біріккен ұлттар ұйымында, ЕҚЫҰ-ға қатысушы елдерде, Копенгагенде, Венада, Женевада, Нью-Йоркте өткен халықаралық форумдарда лайықты бағасын алды. БҰҰ-ның Бас хатшысы Пан Ги Мун елімізге сапары барысында Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметімен танысып, Ассамблея принципі БҰҰ-ның жұмыс принципімен толық сәйкес келеді деп атап өтті. 2008-жылғы 20-қазанда Қазақстан Республикасының «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Заңына қол қойылды. Осы заң этносаралық қатынастар саласындағы негізгі принциптерді айқындай отырып, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен оның құрылымдарының мәртебесін заң деңгейінде бекітті. Заң Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік ұлттық саясатты іске асыруға, қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуге, мемлекеттік және қоғамның азаматтық институттарының этносаралық қатынастар саласындағы өзара іс-қимылының тиімділігін арттыруға бағытталған. Ассамблеяның мақсаты қазақ халқының топтастырушы рөлін арқау ете отырып, қазақстандық патриотизм, Қазақстан халқының азаматтық және рухани-мәдени ортақтығы негізінде қазақстандық азаматтық бірегейлікті және бәсекеге қабілетті ұлтты қалыптастыру процесінде Қазақстан Республикасында этносаралық келісімді қамтамасыз ету болып табылады. Қазіргі уақытта Ассамблея құрамында 394 мүше бар. Парламент Мәжілісіне Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланған 9 депутат еліміздің барлық этностары атынан өкілдік етеді. Келесі жылы бұл ұйымның құрылғанына 20 жыл толады. Осыған орай, Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІ сессиясы барысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 2015-жылды «Қазақстан халқы Ассамлеясының жылы» деп жариялады. «2015-жыл бұл Ассамблеяның құрылымы ретінде тойлайтын мереке емес, Ассамблея жылы дегеніміз, Тәуелсіз Қазақстанның бейбіт және келісім саясатының 20 жылдығы. ҚХА 20 жылдығы - Қазақстан халқының жарасымды ынтымағы мен берекелі бірлігінің арқасында жеткен жемісті жетістігінің 20 жылдығы» - дейді Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов. АСТАНА – БЕЙБІТШІЛІК ПЕН КЕЛІСІМ ҚАЛАСЫ Халқының саны жағынан Алматымен салыстыруға келмегенмен, Астана қаласы еліміздегі ең көпұлтты қала болып саналады. Қаланың шұғыл дамуына байланысты Елорда өзіне түрлі ұлт өкілдерін тартуда. Шаһарлық әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуы барша жұртты қызықтырады. Әсіресе, болашағынан үлкен үміт күткен жастар Елордамыздан тұрақты мекен табуға талпынады. – Бірлігіміз берік, тірлігіміз серік болып бір аспан астында 140 этнос өкілі бір атаның балаларындай тату-тәтті өмір сүріп жатырмыз. 2015-жыл Елбасы Жарлығымен «Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы» деп жарияланды. Бұл жыл Астанада Бейбітшілік пен келісім қаласы ұранымен өтеді, – деді Астана қаласының әкімдігінде шаһар басшысы Иманғали Тасмағамбетов Қазақстан халқы Ассамблеясының қалалық XIV сессиясында. Қазақтың Жамбылының «Жігерлі болса – ер болар, бірлікті болса – ел болар» деген сөзі бар. «Қазақстандық патриотизм контексіндегі Астана феномені: көпұлтты және көп конфессиялық қоғамның табысы» тақырыбында Астанада өткен бұл жиын ұлы ақынның сол сөзіне кепіл болса керек. «Астана патриотизмнің феномені деуге болады. Өйткені мұнда дүниежүзілік деңгейдегі ірі шаралар өтеді. Ал, Қазақстан халқы Ассамблеясының әлемде теңдесі жоқ. Таяуда Қазан қаласының Астанадағы мәдени күндері өтеді. Ол жақтан басқасын айтпағанда, 300-ден астам әртіс келеді. Татар халқының салт-дәстүрі көрсетіліп, әні айтылып, биі биленеді. Мұндай шара ұлттар достығын нығайта түседі» - дейді «Таң» татар-башқұрт этно-мәдени орталығы төрағасының орынбасары Рафик Валиев өз мәдени ошақтарының жоспарларымен бөлісіп. Астанада 28 этно-мәдени бірлестіктер тұрақты жұмыс істейді. Оның әрқайсысы өз мүмкіндіктеріне қарай түрлі іс-шараларды іске асырып келеді. Солардың бірі – «Қырғызстан-Астана» этно-мәдени орталығы. «Қазақстан халқының тату-тәтті өмір сүретіндігін Астанадағы жағ­да­йымыздан қарап-ақ пайым­дауға болады. Біздің орталық 2 жылдан бері мүмкіндігі шектеулі жандарға, аз қамтылған отбасыларға кө­мектесіп келеді. Соңғы бір жылда 135 мүмкіндігі шектеулі жанды компьютерлік сауаттылыққа үйреттік. Соның ішінде алтауы жұмысқа орналасты» – дейді бірлестіктің төрағасы Шавкат Исмаилов. «Жалпы, этно-мәдени бірлестіктер болып бөлініп жатқан жоқпыз. Біздің мақсатымыз бір, мүддеміз бір, келешегіміз де, еліміз де бір. Елбасының айтқан бағдары бойынша Қазақстан халқының бірлігі мен қоғамдық келісім үшін «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып» жұмыс істейміз» деген өзекжарды ойын қазақ тілінде жеткізген Астана қаласы түрік этно-мәдени орталығының төрағасы Әскер Пириевтің сөзі Елорданың бірлік бастауы болып отырғанын білдірсе керек. Қазақ тілі – Қазақстан Рес­пуб­ли­касының Мемлекеттік тілі. Бүгінде қазақ тілінде еркін сөйлеп, оның мәртебесін көтеріп, тұғырын нығайтып жүрген өзге ұлт өкілдері аз емес. «Қазақстан халқы Ассамблеясының қоры» мен ҚР Білім және ғылым министрлігінің Жастар ісі жөніндегі комитеті «Отанымның тілі – өз тілім» байқауын дәп осы күні қорытындылады. Ынтымаққа ынталы жиын соңында ұлттар арасындағы қарым-қатынасты дамытып, олардың өзара байланысының күшеюіне үлес қосқан этно-мәдени бірлестік басшылары, Ассамблея мүшелері ҚХА мен Астана қаласы әкімінің атынан арнайы грамоталармен марапатталды.Бұл жай ғана ресми кездесу емес, бірлігі берік, тірлігі жарасқан көптеген ұлт өкілдерінен тұратын астаналықтардың жылы шырайлы жүздесуі болғанын ерекше атап өткен жөн. Астана бейбітшілік пен келісім қаласы екенін бүгіннің өзінде нық сеніммен айтуға болады. Сырымбек ТӨЛЕУҰЛЫ, Астана қаласы