Алтыншы ерлік

111 Осыдан бірталай бұрын белгілі қаламгер Қорғанбек Аманжол майдангер жазушы Қалмұқан Исабайдың бейбіт күндегі бес ерлігі туралы ой қозғаған-ды. («Ісі ұлық, өзі кішік Қалағаң». «Егемен Қазақстан», 25-тамыз. 2010 жыл). Мұнда қарт сардардың халықтың рухани өміріне қосқан өлшеусіз үлесі жөнінде баяндалады. Ал біз Қалекеңнің қазақ зиялыла­рының шарждық портреті галереясын жасағанын тағы бір ерен еңбекке балаған болар едік. Оның бұл істі тым ертеден бастағанын байқаймыз. Әм әріптестерінің әзіл суреттерін салуды ұзақ жылдар бойы үзбей жалғастырған. Егер Қалмұхан қылқаламына іліккен ақын-жазушылар есімін келтіре бастаса, сала құлаш тізім пайда болады. Бұл сонау алыптар тобынан басталып, Ғали Орманов, Дмитрий Снегин, Қалижан Бекхожин, Жекен Жұмаханов, Ілияс Есенберлин, Жұбан Молдағалиев, Сырбай Мәуленов, Өтебай Қанахин, Николай Ровенский, Зейнолла Қабдолов, Әнуар Әлімжанов, Олжас Сүлейменов... деп жалғаса береді. Яғни, қазақ әдебиетін биік белестерге көтерген бір дәуір буынының келбетін көреміз. Ден қоя қараған кісі Қалмұхан әуестігінің әшейін ғана ермек емес, қатпар-қатпар сыры терең, жатқан бір ілім екенін аңғаратыны анық. Мәселен, «Көз – адам жанының айнасы» деп жатамыз, ал замандастар болмысын зерттеуші үшін олардың ерекше қас-қабағы, жалпы бет-пішін, түр-тұлға, жүріс-тұрыс, қимыл-қозғалыстың бәрі кәдімгі физиогномика; дайын «кітап», тұтас адамтану ғылымы болып шыға келмекші. Дегенмен, назарға алған құбылысты нәзік талғам сүзгісінен өткізіп, белгілі жанр заңдылығы арқылы қайта бейнелеп шығу оңайға түспейді. Жеңіл не бар дейсіз. Әрбір өнердің құпиясы жеткілікті. Ол туралы Қалекеңнің өзі де айтады: – Кей адамды тез кескіндейсің. Бұл, көбіне, таңдаған кейіпкеріңнің табиғатына, мінезіне байланысты келеді. Мысалы, Әбділда Тәжібаев өмірде аса дархан, көңілшек жан еді, содан ба, ақын портреті жеңіл салынды. Ал қайсыбір нысан оншақты нұсқадан кейін бір-ақ шығады... Қарап отырсақ, Қалмұхан қолтаңбасы да айрықша сияқты. Суретші іске әрдайым өзгеше мәнер, өзіндік қырынан келеді. – Көпшілік шеберлер бейнені фотосуреттен көшіріп салады. Бұл ешқашан да шынайы әжуа болып шықпақшы емес. Мен ойдан кескіндеймін. Былайша айтқанда, жұмыс жады бойынша атқарылады. Белгілі нәтижеге бірден қол жетпеуі мүмкін. Әйтеуір, көрініс айқындалғанша қайталай беремін. Әлбетте, құбылыс мәнін зерттеу, зерделеу үдерісі біразға созылмақшы. Мәселен, кісінің көзі, мұрны, иегі, құлағы үлкен болуы ықтимал немесе керісінше. Осыны дөп басып ұстап, ұтқыр көрсете алсаң жұртшылыққа жақсы көңіл-күй сыйлайсың. Езуге амалсыз күлкі үйірілмекші. «Тегінде, шарж – үлкен мәдениеттің бір түрі» дейді жазушының өзі. Бұл атау француздың «charger» – «әсірелеу» деген сөзінен шыққан көрінеді. – Кең танымал совет суретшілері – Борис Ефимов, Иосиф Игин, Кукрыниксы, Николай Радлов, Лев Бродаты, Гарри Иорштарды ұстаз тұттым десем артық емес. Бұлар ұлы карикатурашылар саналады. Міне, негізінен, осылардың «Правда», «Известия», «Красная звезда» газеттеріне шыққан жұмыстарына қарап жүріп шыңдалдық... Суретшілік машық жүре қалыптасқанымен, түпкі дарын туа бітетін болса керек. Қалмұхан да қылқаламға, тіпті, төменгі сыныптарда оқып жүргенде үйірленген екен. – Мектептегі қабырға газеттерін шығару, мерекелік ұрандар жазу үнемі менің мойнымда-тын. Полкта да казармалардың ішкі-сыртқы безендірулері маған жүктелді. Кейінірек әскери округ басылымдарына арнап суреттер сала бастадым. Бұл істі Германияда жүргенде де тастаған жоқпын... Соғыс аяқталған жылы аллея шетінде Гете ескерткішінің бейнесін қағазға түсіріп отырған жас қазақ офицерін көрген неміс кемпірі: «Апырай, біздің әскерлер мыналардың қалаларын талқандады. Ал мынау болса айдаладағы тас мүсінге табынып отыр!» деп таңдай қағыпты. Бұл – Қалекеңнің Ильменау қаласының коменданты қызметін атқарып жүрген кезі болса керек. – Менде түрлі блокнот, альбом дегендер баршылық. Көбінесе үлкен жиындарда біреулердің сұлбаларын сызып отыру – әдетім. Жұмыстарды қолқалап сұрап жататындар болады. Бірақ суретшілікті кәсіп қылған емеспін. Ермек қой, әшейін. Он бес жыл бойы Ертіс-Қарағанды каналының құрылысына жүр­генімде де көптеген ресейлік инженерлер мен өз жерлестеріміздің бейнелерін салдым. Бәрі шетінен газеттерге, кітаптарға шығып жата­тын. Бірақ арнайы іздеп, жинастырған емеспін... Айтуынша, Қалекеңнің соғыс тұсындағы көп еңбегі «Советский воин» басылымында жарияланған көрінеді. – Оларды да түгендемеппін. Қызығатын зерттеушілер болса, содан табар дегенім ғой. Негізі, суретшілікті демалыс, бой жазу орнына қолданған сияқтымын. Жазу шаршатады. Машинкаға өзім басамын ғой. Соның ара-арасында қылқаламды қолға алсаң, дереу сергіп қаласың... Біз Қалағамыз, тегінде, үлкен жазушылыққа әуесқой суретшіліктен келген екен-ау деген ой түйдік.                         Құлтөлеу МҰҚАШ