Бала тәрбиесі - ортақ іс

Шимаш Рахат Шимашева, Алматы қалалық Білім басқармасының бастығы: БАЛА ТӘРБИЕСІ - ОРТАҚ ІС   «БІЛІМ ЖЫЛЫНДАҒЫ» БАҒЫНДЫРҒАН БИІКТЕР – Рахат Сейдахметқызы, биылғы жылды Алматы қаласының әкімі А.Есімов «Білім жылы» деп жариялағаны белгілі. Осы кезеңде ауыз толтырып айтатындай нендей жетістіктеріңіз бар? – Айтулы жыл біздің салаға жаңа серпін берді, әрі үлкен міндеттер жүктелді. Осы орайда, білім сапасын арттыру мәселесіне баса назар аударылып, жүйелі жұмыс жүргізудің арқасында өткен оқу жылын өте жақсы көрсеткішпен аяқтадық. Алматы мектептерінің оқушылары республикалық, халықаралық, олимпиадалар, ғылыми жобалар бойынша бірнеше жыл қатарынан бірінші орынды иемденіп келеді. 2014 жылы ғана біздің оқушыларымыз аталған сайыстарда 450 жүлделі орынға ие болды. Сонымен қатар, биыл үшінші жыл қатарынан түлектеріміз республика бойынша Ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижесі бойынша бірінші орынды иеленді. Мұның өзі біздің жеткен жетістігіміз. – ҰБТ нәтижесі бойынша Алматы қаласы көш басында тұрғанын білеміз. Осындай жоғары жетістікке жетудің сыры неде? – Мұндай жетістікке жетудің бірден бір жолы – директорлық бақылауды күшейту. Әр мектеп өзінің жоспарларын жасап, қандай бағытта жұмыс істейтінін мәлімдейді. Педогогикалық кеңесте директорлық сынақтың қорытындысы жасалады. Мектеп бітіруші түлектердің әр пән бойынша тапсырылған сынақтарының нәтижесі үнемі бақылауда болады. Жұмыс жүйелі түрде жүргізілгендіктен, біздің түлектеріміз ҰБТ бойынша алдыңғы қатардан көрініп келеді. Мұның өзі білікті ұстаздардың арқасы деп білемін. АЛМАТЫДА АНА ТІЛГЕ ДЕГЕН ҚҰРМЕТ ЕРЕКШЕ – Елбасымыз 3-6 жас аралығындағы балаларды 100 пайызға балабақшамен қамту мәселесін Үкіметтің алдына негізгі міндеттің бірі етіп қойған болатын. Бұл тапсырманың Алматы қаласында орындалу барысы қалай? – Алматы алып шаһар болғандықтан, мұнда келушілердің саны жыл сайын көбеймесе, азаймай отыр. Жұмыс бабымен еліміздің өзге өңірлерінен көшіп келген жас отбасылардың көп болуы өз кезегінде балабақшаға деген сұраныстың артуына ықпал етіп отыр. Соған байланысты үлкен құрылыс жұмыстарын бастауға тура келеді. Бұл бойынша Алматы қаласын­да 23 мың бала кезекте тұр. Биылғы бір жылдың өзінде 18 балабақша салынып жатыр. Олардың үшеуі 320 орындық болса, қалғандары 120 орынға арналған. Келесі жылы да осындай балабақша салу көзделіп отыр. Осылайша қарқынды жұмыс атқарылатын болса, алдағы уақытта балабақшадағы орын тапшылығы мәселесі біртіндеп шешілетін болады. – Алматы қаласында оқушылар санының көптігі белгілі. Олардың барлығын қамтуға қала мектептерінің мүмкіндігі бар ма? – Жаңа оқу жылында Алматы қаласында №178 лицейде математика пәні бойынша, №159 гимназияда тарих пәні бойынша атаулы мектептер құрылды. Бұл мектептер аталған пәндерді тереңдетіп оқытатындықтан, оқушылардың білім дәрежесін одан әрі көтеруге үлес қоспақ. Былтырғы оқу жылында Алматы қаласында жалпы оқушылардың саны 8 мыңға артқан болса, биыл олардың қатары 20 мың оқушыға көбейіп отыр. Жоспардан тыс оқушы санының артуына байланысты қала мектептерінде орын тапшылығы ішінара байқалып тұрады. Бұл олқылықтың орнын толтыру мақсатында жұмыс жүргізіп келеміз. Мәселен, Алматы қаласындағы Мамыр ықшамауданында орналасқан №173 мектеп-лицейде оқушы санының көптігіне байланысты жаңадан мектеп салу қажеттілігі туындап отыр. Осыған байланысты қазіргі таңда жер телімін алу мәселесі қарастырылуда. Жер мәселесі шешілсе, 1200 орынға арналған жаңа мектеп бой көтермек. Жоспар бойынша Қалқаман ықшамауданында да жаңа мектептің құрылысы басталмақ. Қаламызда бұдан өзге де оқушысы көп мектептер бар. Олардың да сұранысын алдағы уақытта қанағаттандырудың жолдары қарастырылуда. – Үш ауысымды мектептерді болдырмау – еліміздегі өзекті мәселенің бірі. Мұндай мектептер Алматы қаласында бар ма? – Негізінде, Алматы қаласында үш ауысымда оқитын мектептер болған емес. Биылғы жылы Алматы облысынан Алматы қаласына 15 мектеп қосылуына байланысты 3 ауысымда оқитын 4 мектеп және 2 шағын мектебіміз бар. Үстіміздегі жылдың маусым айында қабылданып алынған шағын мектептердің екеуі де осы жердің жергілікті оқушыларымен толығу арқылы негізгі орта мектепке айналды. Үш ауысымда оқитын мектеп­тердің де біраз балалары қала мектептеріне ауыстырылып, оқушы санын азайту арқылы қалыпқа келтірілді. Алматы облысынан қосылған әр мектепке 3 млн. теңге қаржы бөлініп, ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сөйтіп барлық мектеп аз уақыттың ішінде жаңа оқу жылына дайын болды. – Алматы мектептерінде мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту мақсатында қандай істер қолға алынуда? – Осыдан бес жыл бұрын Алматы қаласында 35 қазақ мектебі болса, қазіргі таңда олардың саны 62-ге жетті. Жыл сайын 4 мектеп ашылатын болса, олардың барлығы да сұранысқа сай қазақ тілінде ашылып отыр. Қазақ тілі мемлекеттік тіл болғандықтан, ана тіліміздің қолданылу аясын кеңейту мақсатында нақты істер атқарылуда. Орыстілді мектептерде қазақ тілі мемлекет­тік стандартқа сәйкес екі топқа бөлініп оқыты­ла­тыны белгілі. Ал қазақ мектептерінде қазақ тілін екіге бөліп оқыту елміздің ешбір аумағында кездесе бермейтін жағдай. Жергілікті бюджеттен осы мақсатқа қосымша 500 млн. теңге бөлініп отыр. Мұндағы мақсат – Алматы қаласы үлкен мегаполис болғандықтан ата-аналардың басым көпшілігі орысша сөйлеуге бейім болып келеді. Кейбір отбасыларда қарым-қатынас тілі орыс тілі болғандықтан, мұның ықпалы оқушыларға да тиіп жатады. Сондықтан да біз қазақ тілін тереңдетіп оқыту арқылы ана тілін жетік білетін, өз тіліне жанашыр ұрпақты тәрбиелеп жатырмыз. – Биылғы жылы мектеп оқулықтарын әзірлеу үшін жергілікті бюджеттен 1 миллиард теңгеден астам қаржы бөлініпті. Әйтсе де алматылық оқушылар кітаппен 100 пайыз қамтамасыз етілген жоқ. Оны қала мектептерін аралау барысында да көз жеткіздік. Қаладағы оқулық мәселесі қашан шешімін табады? – Еліміздің өзге өңірлеріндегі секілді кітап тапшылығы өте қатты білінді деп айта алмаймын. Өйткені Алматы қаласы биылғы жылды «Білім жылы» деп жариялағандықтан, жергілікті билік білім саласына өте қатты көңіл аударып отыр. Сондықтан да, өзіңіз айтқандай қомақты қаржыны мектеп оқушыларын оқулықпен қамтамасыз етуге бөлінді. Оқу жылының басында 20 мың баланың жаңадан қосылуына байланысты ішінара кітап жетіспеушілігі байқалды. Оның өзі де мектептердің бір-бірімен ауысуы арқылы толықтырылды. Неге десеңіз, бізде кітаппен қамту жоспары сол оқу жылында оқып жатқан балаларға ғана есептеліп, жасалады. Қосымша келіп қосылатын балалар туралы нақты мәлімет болмағандықтан, алдын ала кітап алынып қойылмайды. Соған қарамастан бүгінгі күні біз оқушыларды толыққанды кітаппен қамтамасыз еттік. АТА-АНАНЫҢ ТАЛАП-ТІЛЕГІ БАСТЫ НАЗАРДА – Қаланың бас ұстазы ретінде ата-аналармен байланыс жасауға, олардың талап-тілектерін орындауға қаншалықты көңіл аударасыз? – Ата-ананың да, мектептегі ұстаздардың да мақсаты – балаларға саналы тәрбие мен сапалы білім беру. Ата-ана мен мұғалім ортақ мақсаттың аясында жұмыс жасап жатқандықтан, тығыз қарым-қатынаста болуы қажет. Жыл сайын онлайн режимде ата-аналар жиналысын өткізіп, олардың барлық талап-тілегін, арыз-шағымын тыңдауға тырысамын. Жақында ғана сондай кезекті ата-аналар жиналысы өткізілді. Жиын барысында қала мектептерінде ата-аналардан артық қаржы жинамау керектігі айтылды. Бұл тұрғыда қалалық, аудандық білім бөлімдерінің басшыларына тиісті тапсырмалар беріліп, міндеттер жүктелді. Ата-аналардың талап-тілегі де тыңдалды. – Білім саласын дамыту үшін қыруар қаржы бөлінеді. Бірақ, неге мұғалімдер ата-аналардың қолдауына үнемі зәру болып отырады? – Қосымша қаржы жинау мәселесінің орын алуына кей жағдайда біздің Алматыдай ірі қалада тұратындығымыздың өзі әсер етіп жатады. Оқушылар қаржы жинап, топтасып Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрына барып жатады. Оған балаларға арналған түрлі концерттер мен циркті қосыңыз. Мұның барлығы да қосымша қаржыны талап етеді. Егер бүгінгі оқушылар театрға бармаса, өнерімізді, мәдениетімізді танымаса, ертең өскенде олардан қандай азамат шығады? Бүгінде жасөспірімдердің көпшілігі ғаламтордың жетегінде кетіп бара жатқандығы да бізді алаңдатады. Сондықтан, балаларға рухани нәр беретін «Айгөлек», «Ақжелкен», «Ұлан» сияқ­­ты мерзімді басылымдарға жазылуға үндейміз. Бірақ, қосымша қаржы жинау мәселесінде мұғалім ешбір оқушыны міндеттеуге хақысы жоқ. Барлығы ерікті түрде оқушының мүмкіндігіне қарай іске асады. Оның үстіне бүгінгі таңда мұғалімнің немесе директордың қал­тасына ақша сала қоятын ата-ана жоқ. Бар­лығы сауатты, қаржының не үшін жұмсалып жатқандығынан хабардар болып отырады. Негізсіз қаржы жиналды деген ақпар көбінесе түсінбестіктің салдарынан туындайды. МҰҒАЛІМНІҢ БЕДЕЛІ ҮШІН ҚОҒАМ БОЛЫП КҮРЕСУІМІЗ КЕРЕК – Өзіңіздің ұстаздықты таңдауыңызға не түрткі болды? – Ілгеріректе мұғалім деген қоғамдағы ең қадірлі де, қастерлі мамандық болатын. Ұстаздың айтқаны ата-ана үшін де, оқушы үшін де заң болатын. Сол заманда мектеп бітіруші түлектердің дені ұстаздық мамандықты таңдайтын. Мен де солардың бірі ретінде үлкен сүйіспеншілікпен осы мамандықты таңдадым. – Сонда бүгінгі ұстаздар қауымында бедел қалмады ма? – Қайсыбір мектепте болсын, бір мәселе туындай қалса, оған ұстазды кінәлаймыз. Бір ата-ана «мектеп ақша жинап жатыр» деп дабыл қақса болғаны, соны тез арада телеарна арқылы болсын, газет арқылы болсын таратып жібереді. Журналистердің негізгі жұмысы – ақпаратты халыққа тарату екенін білемін. Бірақ мәселеге біржақты қарауға болмайды ғой. Екінші тараптың да пікірін біліп, материалды мектепке бас сұғып, мәселенің ақ-қарасына көз жеткізіп барып жарияласа екен деймін. Таң атқаннан кешке дейін телеарнада адамның да, маманның да қоры – ұстаз болып жатса, айтыңызшы ол ұстазда қандай бедел болсын? Оны көріп отырған теледидар алдындағы бала ұстазды қайтіп сыйласын?! Ұстаздың беделі бір ғана ұстазға ғана емес, ол жалпы қоғамға байланысты. Мұғалімнің беделі үшін бір ғана мұғалім емес, бәріміз бірге қоғам болып күресуіміз керек. – Рахат Сейдахметқызы, бірақ кейде керісінше БАҚ өкілдерінің көмегіне ұстаздардың өзі жүгініп жатады ғой. Біздің шәкірттерге білім беруімізге қағазбастылық кедергі келтіреді, я болмаса бізді адам қарасын толтыру үшін үнемі жиналыстарға, конференцияларға жібереді деп арыз-шағымын айтып жатады. Мұғалімдерге алаңсыз білім беру ісімен айналысатын күн қашан туады? – Ұстаздың өз міндетін адал орындап, қала көлемінде, республика деңгейінде өтетін мәдени іс-шараларға қатысып, үн қосқанында тұрған ешнәрсе жоқ. Мұндай шаралар тоқсанына бір немесе екі рет болатындықтан, сабақтан тыс кезде оған уақыт табуға болады. Оның үстіне тағылымы мол игі шаралардың ұстаздарға да, шәкірттерге де берері мол екені даусыз. Ал, енді қағазбастылық дегеніміз де ауыз толтырып айтарлық күрделі мәселе емес. Мұғалім мектептің жүрегі болғандықтан, үнемі ізденісте болып, тынбай еңбектенуі тиіс. Ол ұстаз болғасын, журнал толтыруға, мемлекеттік стандартқа сәйкес оқу жоспарын жасауға міндетті. Өйткені білім алу барысында баланың бір тақырыпты жіберіп алуға қақысы жоқ. Сондықтан, барлық мұғалім міндетті оқу жоспарын жасап, сабаққа тыңғылықты дайындалуы тиіс. Таяу арада қағаз толтырудан түбегейлі бас тарта алмаймыз. Өйткені ол біздің міндетіміз. Оның бәріне түсіністікпен қарауымыз керек. Мүмкін болашақта заман талабына сай электронды нұсқаға көшуіміз мүмкін. Бірақ оның өзі де уақыттың еншісіндегі дүние. – Сөз соңында, білім саласында сізді қандай мәселе қатты алаңдататындығын білсек... – Білім саласында мені ең бірінші оқушылардың тәрбиесі қатты алаңдатады. «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деп әл-Фараби бабамыз айтқандай, әрбір оқушы үшін тәртіптің маңызы зор. Демек, ең бірінші кезекте оқушыларға тәрбие беруді жолға қоюымыз керек. Өз баласы тәртіпсіздік танытса да, кейбір ата-ана оған мектепті кінәлап жатады. Бұл тұрғыда барлық міндет мұғалімге жүктелмеуі тиіс. Ата-аналар да күйбең тіршіліктің қамымен жүріп, бар міндетті мұғалімге ысырып тастамай, бала тәрбиесін басты назарда ұстауы қажет. «Тәрбие басы – тал бесік» демекші, негізгі тәрбиені беретін ата-аналар өздері екенін естен шығармаса екен. Ата-аналар ұстазға деген көзқарасын өзгертіп, бала тәрбиелеу жолында бірлікте жұмыс істесе, онда біз бағындырар белестер көп болмақ. – Әңгімеңізге рахмет! Сұхбаттасқан Гүлмира САДЫҚОВА