Ауыздықпен алысқан асау еді...

Свет Ораз-1        АУЫЗДЫҚПЕН АЛЫСҚАН АСАУ ЕДІ...        немесе бір хат төңірегіндегі сыр Сонау сексенінші жылдардың орта тұстарында қазіргі Қарағанды облысына қарасты Ағадыр кентінде аудандық газетте бірге қызмет еттік. Өзі бұрынғы Талдықорған облысының тумасы екен, бірақ түрмеден босап келе жатқан жолында ауылына да бармастан осынау елде қалып қоюды ұйғарады. Жүрдек пойызбен Алматыны бетке алып толқып-тасып келе жатқан Сәкең Ағадырдың тұсына келгенде купелес көршілерінен: – Мынау қай жер? – деп сұрамай ма. – Бұл – Сәкеннің елі. Кәдімгі Сейфолланың Сәкені... – Тағы кімдер бар мұнда? – Бәленше бар... Түгенше бар... – А-а, онда дұрыс екен... Сол сәт сезімтал ақын жүрегін, әсіресе, тар жол тайғақ кешуді көп көрген «Сәкеннің елі» деген сөз толқытты ма екен, кім білсін, пойыз стансаға тоқтағанда көп ойланбастан: – Бұл да бір киелі мекен ғой. Сәлем бере кетпесе болмас, – деп түсіп қалады. Содан Ағадырдың дәм-тұзы жібермеді ме, мүмкін, өзін сағынған ұлындай құшақ жая қарсы алған ел-жұртты қимаған шығар, әйтеуір, сол жерде тұрақтап қалып қояды. Бірталай уақыттан кейін осы өңірдің қызы Сәуле апайымызға қосылып, отбасын құрады. Бірақ, естуімізше, абақтыдан босаған Свет ағаның газет редакциясына жұмысқа орналасып, үй болуына дейінгі оншақты ай өмірі жатқан бір шырғалаң сияқтанады. Нағыз «адасқақ» ақын бірталай уақыт көшедегі қағылған-соғылған қаңғыбастармен «дәмдес» болып, азып-тозып көп жүреді. Тасымал базасында жүк түсіреді. Вокзал түбіндегі қазандықты паналап, сонда от жағушы болып жұмыс істейді. Бір жақсысы, қаламды тастамайды. Қолы қалт етіп, оңаша қалған сәтінде кеудесін кернеген сезімін өлеңге төгеді. Жанын тебіренткен мұң-зарды жырмен өрнектейді. Жастық дәуреннің бірталай кезеңін Оралда өткізген Қасым Аманжолов ағасындай, Оразайдың Светінің де іздерінің бүгінгі Батыс Қазақстан облысында сайрап жатқанын байқаймыз. Ақын, соған қарағанда, қазақ даласының қай өлкесін де ешбір жатсынбаған. Қарқалпақ елінде абақтыда жатқан кезінде біраз уақыт жеңілдік алып, емін-еркін жүріп-тұратын мүмкіндік туыпты. Яғни, «химияға» шыққан. Сөйтіп, бірде түрме әкімшілігінің тапсырмасы арқылы жұмыспен қалаға жолы түсіп, өте кездейсоқ Шыңғыс Айтматовпен жүздесіп қалады. Әйгілі жазушыны тани кетіп, бас салып сәлем берсе керек. Оған жалма-жан, мұқият қаптап, ылғи төс қалтасында ұстайтын қос өлең жинағын көрсетіп, жағдайын мәлімдейді. Бір сәт Светтің жырларына көз жүгіртіп, мән-жайды түсінген Шықаң ақын қазақты арқасынан қағып, қалтасына едәуір ақша салып кеткен секілді. Сондай-ақ осы аймақта басшылық қызметте жүрген атақты Кәкімбек Салықов ағамыз да Свет бауырына көмек қолын созған көрінеді. Бұл, әлбетте, бізге кейінірек белгілі болған жәйттер... Свет ағам туралы сөз қозғалса, орыстың көрнекті жазушысы Виктор Астафьевтің: «Ылғи көзім жетеді – талант деген, бір жағынан, табиғат сыйы, екіншіден, азап. Иә, азап. Қанша сендірсеңіз де, жер бетінде керемет бақытты болып өткен жазушы да, суретші де болған емес. Адамзаттың ең ұлы кітабы «Дон Кихоттың» авторын алыңыз. Мертіккен, талай рет өлімші халде болған, түрмеде отырған...» дейтін сөзі ойыма оралар еді. Қалай болғанда да, мұның бәрі маңдайға жазған тағдыр да шығар, кім білсін. (Одан соң, бір есептен, алақұйын мінезі үшін Свет ағамды сөге де алмаймын-ау. Ақыр соңында өреміздің тарлығынан, аядай ғана, белгілі қасаң қағидалар шеңберінде тірлік кешуге дағдыланып алып, алмағайып жан әлемін мүлде түсіне алмай, ақынды жиі шамдандырған біздің өзіміз айыпты болып шығуымыз да ғажап емес. Бұл төңіректе біржақты байлам жасай салу ретсіз. Өмір дегеніңіз, адамның болмысы дегеніңіз, бәріміз де жақсы білетініміздей, қым-қуыт, шым-шытырық, өте күрделі, қайшылықты дүние). Әйтеуір, оның өзінің кіндік кескен жерінен тым жырақтағы Ағадырда қалып қоюы, расында да, нағыз серілік, ақындық мінезінің бір көрінісі екені анық. Екеуміз жас айырмашылығымыз жиырма жылдан асқанымен, ағалы-інілі адамдардай тез табысқан едік. Оған Ағадыр жерінде Марал Хасенов, Төрехан Майбас сынды жергілікті қаламгерлер көп жәрдемдескенін соңырақ барып білдім. Кеуделі, тентек ақынның қайтадан ел қатарлы шаңырақ көтеріп, алаңсыз шығармашылық жұмыспен айналысуына жағдай жасап, қамқорлыққа алған, міне, осы азаматтар екен. Дегенмен, бастапқыда, тіпті, жеке басын куәлендіретін құжаты да жоқ және ұзақ уақыт зайырлы ортадан қол үзіп қалған жартылай «жабайы», тіпті, «бұзылған» адамды баптап, қайтадан жыр бәйгесіне қосудың оңай болмағанын өзіңіз-ақ түйсіне беріңіз.  Светтің дүр сілкініп, үлкен өмірді «қайта бастауына» сонау сыртта жүріп-ақ тікелей ықпал еткен тағы бір інісі болды, ол – бүгінгі танымал шайыр Ғалым Жайлыбай-тын. Жас Ғалымның сол тұстарда Свет ағасына арнаған: – Соғамын деп жүргенде мұнарамды, Құлагері арманның құлаған-ды... Арынды өзен Ақсудай асау толқын Ағадырға жеткенде тұна қалды. Тұна қалды зәмзәмін мөлдіретіп, Тереңінде толқыды көл дір етіп. Сарыарқаның самалы сергітті оны, Жырларының жалауын желбіретіп, – деп басталатын әжептәуір көлемді өлеңін оқыған адам көп жәйтке тез қаныға қояр еді. Түрлі «қуғын-сүргінмен» жағдайы әлгіндей болып, шығармашылық одақ мүшелігінен де шығып қалған Свет Оразаевтың жазушылық билетін қалпына келтіріп, сөйтіп оны Алматыдан апарып өзіне қайта табыстаған... Одан елу жылдық мерейтойына байланысты әдеби кешін өткізуге мұрындық болған да; кезекті кітабын шығаруға жәрдемдескен де осы Ғалым еді. Әлгі жаңа ғана мысалға алынған «Тағдыры жоқ ақындар ақын емес» деп аталатын өлеңінде ол: – Ауыздықпен алысқан аласұрып, Сол ақынның бұл күнде наласы ұмыт. «Жынданба» деп ұрысты Жыланды тау, «Қош келдің» деп қуанды Қарашілік. Өн-бойынан өлеңнің жанады аптап, Сол аптапка күй-дағы, қанағат тап. Кейде маған кеткендей кәрінеді – Өр Ілияс тентектеу бір інісін Ер Сәкеннің еліне аманаттап. Ит үреді, керуен көшеді көп, Бүгініне жетті ақын неше жүдеп. Оразайдың Светін сыйлаңыздар, Өлең деген өлкенің ұлы еді деп, Мұқағали марқұмның досы еді деп. Қара өлеңде жабы бар, қазанат бар, Бұлбұлдар бар үндері таза мақпал. Оразайдың Светін аялаңдар, Ағадырлык, ақиык, азаматтар! – деп ақынды жерлестеріне ықтияттап табыс­тағандай да болған. Свет ағамыз ең алғашқы «Мен даланың ұлымын» аталатын жыр жинағын баспаға жиырма үш жасында тапсырыпты деп естиміз. Соның дер шағында жарық көруіне белгілі бір үлкен жазушы бөгет болыпты... Шалт мінезді жас ақын сол әділетсіздікке төзбей, барып, әлгі қаламгер атамыздың үйінің есігін сындырыпты... дейтін. Сенуші ек. Себебі, Сәкеңнің қызуқанды, өте өр кеуделі жан екені рас еді. Әйткенмен, осынау асау... адуын ақын өле-өлгенше Ғалымдай қамқор бауырын хан көтере құрметтеп өтті. ЬІлғи хабарласып тұратын, Алматыға жолы түссе ең алдымен соның үйіне түсетін. Мына төмендегі хат сол қалтқысыз қатынастың бір ғана көрінісі сияқты: «Ғалым бауырым, аман-есенсің бе? Бибіш келінім мен балалардың хал-ахуалы нендей? Қандай жаңалықтарың бар? Өзім әзірге аман-саумын. Жағдайымның кей тұстарын Тәбәрік-Тәбенім (жергілікті баспагер азамат. Қ.С.) айтқан болар. Отбасымның берекесі кеткен. Алпысқа келгенімде каңғырып қалуыма тура келді. Алпысым атаусыз қалды. Ең болмаса бірер адамның басын косып, мерейтойымның «ырымын» да жасай алмадым... Бұрын да талай «өліп», талай «тірілген» едім. «О дүниеге» тағы да барып қайттым. Бұл жағдайдың қысқаша мазмұны мынандай. Өткен жылдың желтоқсан айының 3-інен 4-іне қараған күні Қарағандыда бір топ қара маскілі қарақшылардың «қармағына» ілініп, көресіні көріп, тағы да тіріліп кеттім. Иә, ит жанды екенмін, жаным сірі екен. Қайтейін, сол күні мендегі «байлықтың» барлығы, ішінде қолжазба өлеңдерім бар дипломатым да «қолды» болды. Өзің туралы жазылған өлеңім де қоса кетті. (Бес мың жолдай өлеңім сөйтіп «өліп» тынды). ...Саған арнаған он үш шумақ өлеңімнің екінші варианты қайтадан жазылды. Ол жиырма үш шумақтың басын құрайды. Ол өлең Тәбен арқылы жолдаған өз сәлемдемеңнен кейін түнгі сағат екі мен бес аралығында дүниеге келді. Оның бір данасын Тәбен колыңа тигізер... Ғалым, Иманасов Сәкен досым мен Раушанов Есенғалиыма сәлем айт! Жағдайымның шет-жағасын жеткіз. Қолдың қысқалығынан Алматыға жолым түспей жүр ғой... Көре қалсаң, Өтепберген бауырыма да Свет ағасының ақ сәлемін «сыйла»! Тәбен арқылы жағдайды айтып, бірер ауыз сөз жазып жібер... Құрметпен, өзіңе үлкен шығарма­шылык, табыс, ұзақ өмір, отбасыңа базарлы бақыт тілеуші – Свет ағаң». Енді бір сәт Сәкеңнің осы хатқа қоса жолдаған әлгі жиырма үш шумақтың басын құрайтын өлеңіне шолу жасайық. Оны өзі «Жұлдызы жанған (Ақиық ақын бауырым Ғалым Жайлыбаевқа)» деп атапты: – Амалсыз кейде жабырқап, «жалаңбас» жүрмін, Жалауын жықпай, алайда, ақ алмас жырдың. Жығармын қалай бар кезде қара қылыңды Қақ жаратындай зерделі замандас-құрбым. Құлақ бар жерде сөзіңе түріле білмек Адал жанымен ақ сөйлеу – тіріге міндет. Бір шындық мынау: ілбімей, Ілгері басқан Ірі тұғырлы, Іргелі інлерім көп. Арғымақтан да олардың арыны басым, Қиырға сілтеп келеді бәрі құлашын. Сойылын соғып сал-сері солардың, сірә, Бас иетіндей ақындық дарынына Шың. Барлығына да әу бастан ақыл дарыды, Бабында бәрі, Бәрінің батыл да үні... Інімнің бірі – Жаңарқа, Сарыарқа жақтың, Күллі қазақтың арқалы ақын Ғалымы, – деп бір кетеді де, бірталай орағытып келген соң, тым жақсы көргендігінен де шығар, осы інісіне өз бойындағы мінездерді тели бастайды: – Кей жағдайларды бұрыннан ішім білетін, Білетінімді сәт туды түсіндіретін: Бұл ақын Ғалым кезінде «тентек» те болған, Қос жұдырығы, яғни, «қышып» жүретін. Көлеңке түспей, иншалла, еш кеудесіне, Бөгелмей әр кез бөліскен доспен несібе. Кедейлеу кезде-ак, бір тобын «қомағайлардың» Ертіп келетін аядай қос бөлмесіне. Сөкет қой қонақ алдында қынжылып өту, Асыл жарына сондайда бір жүгінетін. Бибіш келінім мұндай сәт қарызға батып, Дүкенге карай ентелеп зыр жүгіретін. Төменге қарай талай-сан ұшып бұл өрден, Мұқағалиша шектен тыс ішіп те көрген. Бай азаматша-ақ жомарттық жасаған талай, Кішілерге де соңынан «күшік» боп ерген. Түспей-ақ, бірақ, өлеңдік тағынан ақын, Қыранша еркін қанатын тағы қанатын. «Жоғалып» кетсе Ғалымы, Бибіш келінім Іздеу сап оны бір жақтан тауып алатын. Зер сала жүріп үр жаңа ғасырға мына, Құрмет көрсетіп Ілияс, Қасымдарыма. Ақын інімнің сол үшін ақ ниетімен Айтуы керек мың алғыс асыл жарына. Әйел-ай, шіркін, ақынның сөзін жақтаған! Сезгенім осы, Сәулесіз сезім жат маған. Әйтеуір, оның даралау ақындығына Үлесі бар зор Бибіштің өзін баптаған! «Бұл өлең «қолды» болған қыруар қолжазбаның бірі. Мынау екінші варианты. 20.01. 2000 жыл», – деп аяқталады хат. Ал енді сөзіміздің басында «Бұ кісі туралы ылғи толғанамын» дегеніміздей, Свет ақынның өмір жолы неліктен осынша ауыр болды деген сауалға қысқаша түрде ғана жауап ұсынып көрейікші. Тегінде, «Әркім – өз тағдырының ұстасы» деген бекер сөз емес. Айталық, біз білетін Свет ағамыз сексен бес пайыз сезімге бой алдырған жан еді. Демек, ақылға тек он бес проценттей орын қалады. Бұған ұдайы алып-ұшып тұратын оттай ыстық ақын жүректі, аңғал көңілді қосыңыз... Міне, Сәкең кезекті мәрте адасатынын біле-тұра кілең албырт сезімі мен аптап жүрегінің әміріне ғана ессіз бағынған адам болатын. Ал мұндай, басқа да көпшілік лирик ақындарша, жоқ қайғыны «Құдайдан сұрап алып» жүретін... және іштегі жалынның бетін үнемі мелдектеген зәһар – шараппен қайтаруға әдеттенген кісінің бір сәт көзсіз көбелекке де ұқсап кететіні рас қой. Осынша жас баладай дәрменсіз ақынды алдағы «қауіп-қатерден» қақпайлап, сақтандырып отыратын сенімді қол – сүйген Жар қолы да Сәкеңде болмаған. Болған күннің өзінде көп жәйтті қанағат тұтпаған кіді... күрделі мінезді ақын оңайшылықпен «анау-мынаудың» ақылына көне қоя ма?! Ғалым інісіне арнаған жоғарыдағы өлеңінде ол сондай Сүйген Әйел алақанын аңсайтынын аңдатып алады – ақын інісінің үйіндегі Бибіш келініне – «Әйел-ай, шіркін, ақынның сөзін жақтаған!» деп ода жаза кететінін өзі де байқамай қалыпты. Қызығады оған. Әттең, менде дәл сондай жар болмады деп опынады. Қарап отырсақ, Свет ағамыздың кезекті хаты өзі қайтыс болар алдында жазылған. Демек, ілгеріде сөз еткеніміздей, шарқ ұра іздеген жан үйлесімін осынау жомарт пейілді һәм өзі айтатынындай, ірі тұғырлы шайыр інісінің маңайынан тапқан ол жарық дүниеден озар шақта тек Ғалым бауырын іздеген. Ылғи соның қанатының астын саялауға ынтығу себебі де осынысынан, әрине. Қалай десек те, Сәкең аса бір бақытсыз да ақын емес. Артында «Дала дауысы», «Шырқау биік» және «Өлеңім – өзім» жыр жинақтары қалды. Тағы бір үмітіміз, ақынның жоғалған қолжазбасынан бөлек, соңғы қосағы, марқұм Сәуле апайымыздың шаңырағындағы қара шабаданда жарияланбаған дүниелері жатуы мүмкін.                Құлтөлеу МҰҚАШ