«ШӘКӘРІМ» – ТҮРІК ТІЛІНДЕ

SHakarim «ШӘКӘРІМ» – ТҮРІК ТІЛІНДЕ    Түркия Республикасының астанасы – Анкара қаласының атақты «Bengu» (Мәңгі) бас­па­сынан Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, тарих ғылымының докторы, халықаралық «Мәңгі Ел» ғылыми-көпшілік тарихи жур­налының бас редакторы Ерлан Сыдықовтың «Шәкәрім» атты танымдық-ғұмырбаяндық кітабы түрік тілінде жарық көрді. Әлемдік руханият тарихында орны бар қазақ тұлғасы туралы түркі тіліндегі тұңғыш рет шық­қан толымды еңбекті тіл маманы, PhD Ләззат Орақова аударса, ла­йықты баспадан шығаруға Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі айрықша еңбек сіңірген. – Мен бұл жаңалықты естіп қатты қуанып тұрмын. Абайды, Шәкәрімді, Мағжанды – ақын деу аз, бұлар – Түркі дүниесі мәде­ниетінің алтын көпірлері. Юнус Эмре мен Шәкәрім Құдайбердіұлы поэзиясында ортақ сарындар өте көп. Мен Шәкәрімді қазақша оқыдым. Ойы терең, халық тағ­ды­рына ерекше қам жеген бұл ақынды Түркия білсе ғой деп жү­ре­тінмін. Құрметті ректор Ерлан Сыдықов кітабының түрікше ау­дармасын шын ықыласпен қабыл­дадым. Түрік-қазақ мәдени байланыстары бұдан әрі де арта беретініне сенімдімін, – дейді Юнус Эмре атындағы Түрік мәдениет орталығының директоры Ибраһим Йылдырым. Ал Еуразия Жазушылар одағының төрағасы Жақып Өмерұлы «Бұл кітапта Шәкәрімнің қазақ мәдениеті мен әдебиетіне және санасына қосқан үлесін Ерлан Сыдықов мырза жаңадан қарас­тырады. Оқырмандарға осы кітап­ты оқуға кеңес беремін» дейді. Жалпы ақын, дінтанушы, ше­жіреші, ойшыл Шәкәрім Құ­дай­бердіұлы туралы бұл ғұ­мыр­баяндық кітаптың түрік оқыр­мандарына жетуі мен танылуы – Қазақстан әдебиеті мен мә­де­ниеті үшін үлкен олжа әрі Тәуел­сіздік пен Елбасымыз жүр­гізіп отырған салиқалы сая­саттың үлкен жемісі. Ұлтымыздың қайрат­кер­­лері мен санат­керлерін уақыт­ты жоғалтпай осылайша әлемге кең таныта білсек, елдігімізге – мерей, мемлекетімізге – мақтаныш.

СҮБЕЛІ СӨЗ

Әділ Ахметов, Түркі академиясының бөлім меңгерушісі, филология ғылымының докторы, профессор: Қазақ елі әлемге төлтума салт-дәстүрімен, ұлтты ұлт жасаған қайраткерлеріментанылады. «Жақыныңды жаттай сыйла, жат жанынан түңілсін» деген нақыл сөзде көп мағына бар. Профессор Ерлан Сыдықовтың ЖЗЛ сериясымен шыққан «Шәкәрімін» ықыласпен оқып шыққан едім. Енді оның түрік тіліне аударылып жариялануы бәрімізді қуантып отыр. Шәкәрім дәуірі – Шығыспен, Түркі дүниесімен тығыз байланыстағы дәуір. Сондықтан ақиқат пен шындықты иманнан, парасаттан іздеген қазақ ақынын жаңа Түркия оның замандастарымен салыстыра отырып, жаңаша тануы қажет деп ойлаймын.   Шәкір Ибраев, филология ғылымының докторы, профессор: – Біз іссапармен Түркияда жиі боламыз. Зиялылармен шүйіркелесе кетсеңіз, ортақ тұлғаларымыз бен Стамбұлмен байланысы болған кісілерге ықыласы ерекше ауады. Мысалы, олар Шәкәрімді тереңірек білгісі келеді. Ерлан Бәтташұлының мына еңбегі сол сұранымды лайықты қанағаттандырады деп есептеймін. Мен түрік тіліндегі «Шәкәрімнің» электрондық нұсқасымен таныстым. Сәтті шыққан. Түркия оқырманы бұл кітаптан көп нәрсе олжалайды деп ойлаймын. Алдағы уақытта Шәкәрім поэзиясын жолма-жол түрікшеге аударуға қолжеткізсек, тіпті жақсы болар еді.
Базарбек Түкібаев http://www.astana-akshamy.kz/