Мамытбеков иттерге қамқор болмақ!..

Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков қазақтың тазысы мен төбеті мемлекет қамқорлығына алынады деп уәде берді. Таяуда Ауыл шаруашылығы министрлігі қазақ тазысы мен төбет тұқымының стандарттарын бекіткен.

Мамытбеков қазақтың тазысы мен төбетін өз қомқорлығына алды (фото)
Сурет Мамытбековтің әлеуметтік желілердегі парақшасынан алынды

Мамытбеков қазақтың тазысы мен төбетін өз қомқорлығына алды (фото)

Бұл туралы елімізде тұңғыш рет өткен қазақ тазысы мен төбет итінің республикалық байқауында белгілі болды деп хабарлайды BNews.kz.

Аталмыш байқау осы иттердің тұқым стандарттарына сәйкестігін анықтауға бағытталған, нәтижесінде қазақ тазысы мен төбет тұқымы тіркеліп, халықаралық кинологиялық жүйелерде танылады. "Қансонар"" қауымдастығының төрағасы Оралбай Әбдікәрімовтің айтуынша, Ауыл шаурашылы министрінің бұйрығымен 17 қыркүйекте қазақ тазысы мен төбеттің стандарты бекітілді.

"Бұл стандарт тазы және төбет тұқымының бастапқы сипаттамасы болып табылады. Тазы қазақ халқының мақтанышы әрі асыл қазыналарының бірі, бұл орайда жасалатын кезекті қадам – қазақ тазысының шығу тегі біздің ел екенін бүкіл әлемге мәлім ету. Көшпенділердің ұрпағы біз үшін бұл тарихымыздың бір бөлшегі, өткеніміздің сарқыншағы, олай болса өткен тарихымызға біз құрметпен қарауға тиіспіз", - дейді ол.

Оның айтуынша, қазақ тазысы мен төбет итін сақтап қалуда бірыңғай стандарт бекітудің маңызы зор, әйтпегенде, бұл тұқымдар жоғалуы мүмкін. Шараға қатысқан Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков еліміздің тарихында алғаш рет қазақтың жеті қазынасының бірі тазы мен төбеттің көрсетілімі ұйымдастырылып отырғанын тілге тиек ете отырып, "Ата-бабамыз көшпенділер болғандықтан, тұрмысы аңшылық және дәстүрлі мал шаруашылығымен байланысты болып өткен. Олардың тіршілігінде иттің маңызы зор болған. Ата-бабамыз бұл жануарды аса қадірлеген. Енді бұл дәстүрді жалғастыру өте маңызды", - дегенді айтты.

Өз кезегінде Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының төрағасы Бекболат Тілеухан бұл бастаманың қазақ дәстүрінің жандануына ықпал ететінін алға тартты. "Ауыл шаруашылы министрлігінің бұл істі жүйелеп, тікелей мемлекет қамқор болатын негізде бекітуі қазақ тазысы, қазақ төбеті, қазақ дәстүрінің жеңісі деп айтуға болады. Бүгін арқаның төсінде итбегілер, дәстүрдің қадірін білетін азаматтар жиналып отыр. Еліміздің түкпір-түкпірінен, сонау Қазығұрт, Созақтан тазысын ертіп әкелген жігіттер, сондай-ақ Кереку, Ақтөбе, Оралдан төбет баптаған итбегілер келді. Бұл қазақ дәстүрінің жандануы деп білемін. Былайша айтқанда, өшкеніміз жанды, өлгеніміз тірілді. Осы уақытқа дейін қазақ тазысы қазаққа қызмет етіп келді, енді қазақтың тазысына қызмет қылатын ұрпақтың жағдайы енді келіп отыр. Енді бұл дәстүр құрымайды, мемлекеттің қамқорлығына алынып отыр", - деді ол.