Ходорковский Ресей президенті болуға әзір екенін мәлімдеді

ЮКОС компаниясының бұрынғы басшысы Михаил Ходорковский егер қажеттілік туса Ресей президенті болудан бас тартпайтынын мәлімдеді.

"Егер Ресей қалыпты жағдайда дамып жатса мен президент болуға қызықпас едім. Бірақ егер елді дағдарыстан шығару, негізінен президент билігін сот жүйесі, парламент пен азаматтық қоғам пайдасына қайта белгілеуді мақсат еткен конституциялық реформаны жүзеге асыру қажет болса, мен бұл міндетті өзіме алуға әзір болам", - деген ол.Бұл туралы ол сенбі күні Парижде мәлімдеген деп жазды франциялық Le Monde басылымы.

Ресейде экономикалық қылмыстар жасаған деген айыппен 10 жыл түрмеде отырған Михаил Ходорковский, былтырғы жылдың соңында президент Владимир Путиннің рақымшылығымен бостандыққа шыққан соң билік үшін саяси күреспен айналыспайтынын мәлімдеген еді.

Сенбі күні ол 2001 жылы өзі және ЮКОС компаниясы акционерлері құрған, қайырымдылық, білім және ағарту мақсатындағы шараларды жүзеге асыруға арналған "Ашық Ресей" жобасын қайтадан бастады.

Источник: Азаттық