Таңсық жемістің күйігі

Улыкбек Аты алты алаштан асып, әлемнің бірталай аймағына танылған мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ұлықбек Есдәулет жолы түскен елінен әрдайым бір түйір тас ала кетуді әдет қылған екен. Табаның тиген жерден ерекше ескерткіш ретінде «тәбәрік» жинай жүру аса қисынсыз да әуестік емес секілденеді. Осы ғұмырында бармаған жер, баспаған тауы аз-ау. Алты құрылықта ақын көрмеген өлке сирек. Әсіресе, КСРО кезінде Еуроазияның түкпір-түкпірін армансыз шарлапты. Мұзды мұхитқа дейін асып, Сыктывкардың ақ түндерін тамашалаған. Жеті-сегіз қабатты жер асты қалаларын кезген. Мұның бәрі, әрине, жырға да арқау... Әйткенмен, сонау жиналған тасты көзге елестетудің өзі қиын. Өйткені, өте көп. Кейін қоятын жер жетпей, бәрі біртіндеп сандық түбінен сая таба бастағандай... Жастайынан дүние-ғаламның тылсым сырларын ашуға құмартқан болашақ жыршының туған табиғатқа құштарлығы туралы ұзақ көсілуге болар еді. Мәселен, ол жеткіншек шақта құс асырайды. Нақтырақ айтқанда, жас орнитологтің қолында бірталай уақыт торғай түрлері, бөдене, бұлдырық, қасқалдақ сақталған. Жалпы, жырсүйер қауым Ұлықбек ақынның құс әлемін көп жырлағанын жақсы біледі. Әсіресе, оның «Құспен туыстық», «Жыл құсы», «Қауырсын», «Бозторғай», «Мас шағалалар», «Ақынға қанат бер, Құдай!» деген өлеңдерден тұратын «Қанатнәме» топтамасы есте болар. Солардың бірінде: – Білмеймін, қандай туыстығым бар құспенен, Бұл дүниеде ешкім жоқ маған ұш деген. Бірақ та дәйім түсімде ұшып жүрем мен, Бір қанат қақсам – қалықтап жерге түспегем, – деп толғайды. Мұның бәрі ақын арманы­ның асқақтығын, қиялының шексіздігін аңғартатыны анық. Әкесі Оразбай аға биолог болғандық­тан, қосарласа еріп жүріп гүл өсірген. Көмектесем деп, оңтүстік өңірлерде ғана шығатын өсімдік тұқымын Зайсан жағда­йында будандастыру тәжірибесін игереді. Бұл әуестігі, тіпті, бертінге дейін келген­дей екен. Бірде Мәскеуден оқудан орал­ған тұстарында үйде апельсин егуді ұйғарады. апельсин Әрине, бұған арнайы әдебиетті аударыстырып, іштей ұзақ дайындалғаны да түсінікті. Бірақ іс барысында күтпеген үдеріске кезігіп, қайран қалғаны есінен кетпейді. Осынау айрықша мәпелеуді қажет ететін экзотикалық дән құмырадағы топыраққа таласып, бір-бірін ығыстырып, тырмыса өсетін көрінеді. Ақыры ең мықтылары ғана бүр жарып, гүлдеп шығады. Және нәтижені асқан төзімділікпен бірталай жыл күтуге тура келмекші. Кейінірек сол көкке тіреле өскен шыбықтардан жұдырықтай- жұдырықтай үш тал апельсин пайда болады. Бірақ қолайсыздық туғызып, сыймай бара жатқандықтан, ыдыстағы ағашты балконға шығара тұруға тура келгендей. Өкінішке қарай, аяқ астынан суық түсіп, жемісі сол түні үсіп кетіпті. Бұл жағдай жаны нәзік ақынды қатты опынтқан. Көпке дейін тынши алмай, ақыры «Үш апельсин» деген өлең жазып, өз-өзін жұбатады. Сонда: – Қайтерсің, тәңір солай түшкірген соң, көрге де үйренерсің үш күннен соң. Үшеуін көзім қиып бермес едім, жауса да жерден теңге, үстімнен – сом, – деп күйінеді айтулы шайыр... Жақын танитындар Ұлықбектің тәуір бильярдшы екенін мойындайды. Ақынның кітапқұмар екені де мәлім. Бұдан сәл бұрынырақта екі мыңдай кітапты өзі туып-өскен Үлкен Қаратал ауылына жөнелткенінен біз де хабардар ек. Өз айтуынша, кейінгі бір ермегі – компьютер. «Ертеректе Қуандық Шаңғытбаев ағамыздың компьютермен ойын ойнаймын дегенін ерсілеу көріп күлгенім бар еді. Қазір сол өз басыма келді. Мен де қол боста компьютерді айналдырамын. Ұзақ таңға интернет қараймын. Ойыннан да тартынбаймын» деп ағынан жарылады ақын. Ата болудың рахаты бір бөлек. Тегінде, немере аялаудан асқан қызық та жоқ-ау. Алғашқы немересі Айяның тілі «ата» деп шыққан екен. Одан кейінгі Нұрайя, Әлихандар да аталап мойнына асылғанда ет-жүрегі елжіреп, есі кетеді. Кітап жинау әлі де тоқтаған жоқ. Ауыл мектебіне деп тағы да үш мыңға тарта кітап дайындап отырғандай. Біз, бәрінен бұрын, Ұлықбектің апельсин өсіруін ерлікке балағымыз келер еді. Екі қазақтың бірі мойынұсына қоятын ермек емес. Тек соның нәрін тата алмағаны ғана селкеу шығар. Ақын да әлі күнге дейін, есіне түссе, таңдайында өкініштің кермек дәмі қалғандай, сәл қоңылтақсып қалатын сияқтанады-ау. Құлтөлеу МҰҚАШ