Гүл мен қыз

Жадыра Кесте тігіп, тоқыма тоқу қазақтың әрбір әйелінің қолынан келуі мүмкін. Ал Қазақстан Республикасының 1992 жылы қабылданған Мемлекеттік Әнұраны мәтіні авторларының бірі, белгілі ақын Жадыра Дәрібаева осы істі кезінде кәдімгі өнер деңгейінде игерген екен. Бұл бағыттағы алғашқы эксперимент «нысаны» өзінің інілері мен сіңлілері болса керек. Қаршадайынан соларға жемпір, күртеше тоқып, жейде, шалбар тігіп берумен әуестенген. Маңайдағылардың неше қилы сән үлгілерін көрші балалардың үстінен көріп тамсанғаны түсінікті, әлбетте. Со тұстарда кең тараған «Работница», «Крестьянка» сияқты журналдарды іздеп жүріп оқыпты. Басылымда үзбей жарияланатын тоқу мен тігін сабақтарын талмай пысықтаған. Сөйте жүріп, өзіне де қаншама киім дайындайды. Әрбір бұйымды заман ағымындағы озық мәнерлерге сай, мейлінше нәзік талғаммен әзірлеуге ұмтылғандай. Әсіресе, Қызылордадағы М.Мәметова атындағы Қыздар педаго­гикалық училищесінде алғаш өлең оқыған сәті есінен кетпейді. Осынау оқу орнының енді ғана қабылданған талдырмаш қыз сонда сахнаға өзі тіккен «пеплум» стиліндегі бүрмелі жібек көйлекпен көтерілген еді... Жалпы, Жадыра ханыммен тілдес­кен адам бір мезет гүлдей үлбіреген биязы­лыққа, жұпар самалдай желпіген ұяңдыққа кезіккендей болады. Шығармашылық адамының албырттығы заңды да шығар. Мұндай жан біреу ала көзімен қараса да қатты ауырлап, кенеттен жараланып қалғандай күйге түсуі мүмкін. – Көкірек сарайы қараңғы, түсінік-ұғымы бір уыс адамдармен ұшырасқанда өз-өзімнен ыңғайсыздатыным рас. Тіпті, кәдімгіше берекең кетеді. Оны адам ретінде қабылдағың келеді. Бірақ ол мұны түйсіне алмайды. Осындайда амалсыздан майырылып, қатты жүдеп қалғандай күй кешесің, – дейді өзі де. Жаны жұмсақ ақын қыз ұзақ жылдар гүл өсірумен айналысады. Үйлесімді көбіне осынау таңғажайып жасыл бүліш әлемнен іздеген. Бұл істің де өзіндік құпия-қалтарыстары көп. Айталық, алоэ, інжу, жанаргүл, жасмин, гүлбаршын, түймедағы, қоғажай дейсіз бе немесе кактус түрлерінің қай-қайсы болсын айрықша күтімді қажет ететіні мәлім. Жәкең он екі жылдан аса Мәскеуде тұрған кезеңінде де бұл әуестігін тастамапты. Бір ғажабы, Ресейден елге оралған тұстарда туған-туыс, жақын-жуық өзара келісіп алғандай бірінен кейін бірі келіп, ақын келіншекке өздерінің бойжетіп қалған қыздарының тәрбиесін сеніп тап­сыра бастайды. «Сенің қасыңда көбі­рек жүрсінші. Иба-инабатқа, оқу-тоқуға баулырсың» дейтін секілді. Соған қараған­да, төңіректегілер Жадыра арудың шапағатын іштей мойындағандай да көрінеді. Өзі де қыз тәрбиесімен айналысуды онша жек көрмеуші еді. Рухани жинақталған тәжірибесі жеткілікті. Сол сіңлілеріне орасан уақыт бөліп, оларға Жаратушының құдіреттілігін, жалпы, адамзат баласының болмысы, қоршаған орта табиғаты сырларын терең ұғындыруға тырысыпты. Жас адам, әдетте, көп нәрсеге бойлай бермейді. Қызық қуамын деп ойнақтап жүріп, от басатын жағдайлар жиі ұшырасады. Сөйте тұра зор бақыттан дәмеленесің. Ал оған қандай жолдар арқылы жетуге болады? Жалпы, қазақ қоғамында өмір сүру оңай ма? Ондағы әйел адамның орны қандай? Осынау кеңістікте қарындас, сіңлі, әпке, болу міндеттері нені қамтиды? Ақыр аяғы қалайша асыл Жар, ардақты Ана бола аласың? Қыз бала ер-азаматтың жан дүниесіне қандай қылығымен, нендей қасиетімен кіре алады... дегендей сан алуан сауалдың жауабы ізделеді. Сондай-ақ қыздарды тамақ істеу, үй ұстау сияқты істерге баулиды. Мұның бәрі құрғақ ақыл арқылы атқарылмайтыны да аян. Тікелей өзің үлгі-өнеге көрсетуге тиістісің. Өзінің де Құдай қосқан жолдасы мен екі ұл, бір қызы бар... Қарап отырса, он бес-жиырма жыл арасында отызға тарта қызды тәрбиелеп шығарған екен. Оңай емес-ті. Әрқайсының мінезі әртүрлі. Өз ата-анасының тағылымы, ерекше жаратылысы бар. – Бірі айрықша үйіріліп тұрады, екіншісі кері шегінеді. Солардың бәрін де қолдан келгенше қамқорлыққа алып, жүректеріне ізгілік, мейірімділік нұрын сіңіруге ұмтылдым. Жақсылыққа бағыттадым. Кейін солардың бәрі дерлік адал жар, аяулы ана болды. Қазақтың керемет әйелдеріне айналды... Осындайда бүгіндері ұлдың да, қыздың да тәрбиесінің ақсап тұрғанын ойлайды екенсің. Бірақ, бір қарағанда, Жадыраның ісі жай нәрсе болып көрінуі де мүмкін-ау. – Егер, әрқайсымыз өз тіршілігімізді ғана күйттеп, қарабас қамымен жүре берсек, қоғам қайда барып тіреледі. Демократия, демократия деп, көбіне Батыстың өмір-салтына қызығатын көргенсіз ұрпақ күні ертең қай ұшпаққа шығармақшы?! Бүгінгі тәуелсіздік, елдік деген мұраттарымыздың жайы не болады?! Қыз тәрбиесімен саналды түрде шұғылданғаным осыдан да еді... Шынында, бұл биік мемлекеттік дең­гейде ескерілетін шаруалар шығар. Шіркін, Жадырадай жанашырлар көбірек болса жарқын беткейге қарай ертерек бұры­лар ма едік, талай түйткіл оңтайлы ше­ші­ле бастар ма еді деп қиялдайды екенсің.                                                                      Құлтөлеу МҰҚАШ