Биыл Маңғыстауда жол апатынан 65 адам көз жұмды

Ақтаудағы жол апаты Жыл басынан бері Маңғыстауда 228 жол апаты болса, сол апаттардан  65 адам қаза тапты. Бұл туралы өткен аптада Ақтау қаласында жаңа оқу жылында балалардың жолдағы қауіпсіздігі туралы жиында айтылды. Оған Маңғыстау облысының әкімінің орынбасары Әнуар ШӨЖЕҒҰЛОВ,  Ақтау қалалық әкімшілік полиция басқармасының бастығы Ұлықбек МЫЛТЫҚОВ, Маңғыстау облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Зейнеп ТАСТЕМІРОВА және т.б қатысты. Биылдыққа жол апатынан 288 адам әр түрлі дене жарақатын алған. Бұл көрсеткіш 2013 жылмен салыстырғанда 19,3% төмен. Ал қаза тапқандар саны өткен жылмен салыстырғанда 9,7% төмен. Жол апаты төмендегенімен, мектеп оқушыларының қатысуымен болған 53 жағдай тіркелген.  Оның ішінде 9 бала қайтыс болып, 64-і жарақат алған. Жол апатынан қаза тапқан жасөспірімдер өлімі өткен жылмен салыстырғанда 50%-ға жоғары. Аталған сандарды тыңдаған шенділер  балалардың жолдан өту қауіпсіздігін күшейтуге қатысты бірқатар шараларды қолданып,  аймақтағы жолдан өту ережелерін тексеретін болып келісті.