«Туған жерде – кіндігім...»

  BAM_5196   Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, айтулы ақын Ибрагим Исаев алпыс бес жасқа толды. Осыған орай, белгілі сөз зергерін аз-кем сөзге тартқан едік. Ұстаздары туралы BAM_5008 – Дана Абайдың өлеңдерін оқу арқылы бойға қуат алдық. Одан соң Қадыр Мырза-Әли, Тұманбай Молдағалиев, Жұмекен Нәжімеденов сынды ақын ағаларыма ұқсағым келгенін жасырмаймын. Мені Қадыр өлеңдерінің ойлылығы баураса, Тұманбайдың лирикасы үнемі тартып тұратын. Ал, көп ақынның жырында жиі ұшыраса қоймайтын философия Жұмекеннің жырларынан табылатын. Шабыт жөнінде – Кейде «Шабыт» дегенді дұрыс түсіне бермейміз. Меніңше, осы нағыз дарын иесіне қатысты айтылатын сөз емес. Мысалы, бір әншіге күтпеген жерден «бір ән айтып берші» десең немесе «ақынмын» деп кеуде қағып жүргендерге тез арада «бірнеше шумақ өлең керек болып тұр, жазып бере қойшы» десең, «мазам болмай тұр» немесе «шабытым келмей отыр» деп басын ала қашатындары бар. Хас тұлпар бап тілей бермейді. Аса мақтанып кетті демессіз, мен де өзімді шабыт дегенді мойындай бермейтіндердің қатарынанмын деп есептеймін. Мәселен, әйгілі Мұса Жәлел немістің концлагерінде жатып, «Моабит дәптері» деген кітабын жазған. Сонда жатып жан тапсырған. Сол еңбегі үшін лениндік сыйлықтың иегері атанған.Өзіңіз ойлап қараңызшы, сонда бұғауда жатқан адамда қандай жағдай болды дейсіз? Менің түсінігімде шын таланттар күй талғамауы қажет. Ән мәтіндері хақында BAM_5333 – Осы күнге дейін «Жаным­ның жарығы», «Тер­беледі қайың­дар», «Таң алдын­дағы ән», «Алтын сырға» сынды бір­неше кітабым жарыққа шықты. 60 жылдығымнан бері бес кітабым жарық көрген. 2 том­дық кітап және «Жан жылуы», «Салқын сәуле», «Ой өлшемі» атты кітаптар. Ал, ән мәтіні – ұзатылған қыздай.Қазақта қыз ұзатып жат­қанда: «Сүйегі – біздікі, еті – сіздікі» демей ме. Композитор­лар тексті өзгертпесе болды, әнін қалай әуелетеді – өздері біледі. Қоғам жайында – Қазір әлемде бейбіт өмірге зар болған елдер бар. Осындай жағдайларды көріп «Мына заманда адамзатқа не жетпейді?» деген ой келеді. Бүгінгі күні кейбір адамдардың бойынан табылатын қанағатсыздық, мейірімсіздік, тойымсыздық, қайырымсыздық сияқты жа­ғымсыз қасиеттердің барлығы да жанымды ауыртады. Рухани тұрғыдан алып қарағанда бұл дегеніңіз – өте қатерлі дерт. Арам пиғыл аз ғана топ бастаған, Елдiң сиқы малмен тең боқ тастаған. Қаптап кеттi, обал-ай, адам бұл күні, Бiр-бiрiнiң iшiне шоқ тастаған. Кiм кiнәлi бәрiне, кiм кiнәлi, Қазынаңды бұл күнде жат жастаған,– деген жолдар пенде бойындағы адами қасиеттердің азайып бара жатқанына алаңдаған сәттерімде туған. BAM_5122 Достарына қатысты – Жалпы, әдебиет әлемінде де, өмір жолында да, өнер жолында да араласатын достарым жетерлік. Бұған шүкіршілік етемін. Мұны жұрттың көбісі біледі. Ал, көпшілік біле бермейтін екі «досым» болған. Біреуінің аты – Бодалай. Бұл үйдегі менің бар айтқанымды ұғынатын, әрі бұлжытпай орындайтын мысығым еді. Бірде үйге қонаққа Зейнолла Қабдолов ағамыз келді. Мысығым дастархан басына шақырсаң, құдды бір адамдар құсап екі қолын үстел үстіне қойып отыратын. Тамақты берсең жейді, бермесең тиіспейді. «Бодалай болдың ба, барасың ба?» десең, үнсіз кете беретін. Зәкең Бодалайдың менің айтқанымды екі етпей орындағанын көріп таң қалды. Бір күні жолым түсіп, ҚазМУ-ға бардым. Сонда Зәкең мені көріп, өзімен бірге тұрған студенттерінің қасына шақырды. «Әй, милауларым-ау, сендер мына Ибрагимнің мысығы құрлы болмадыңдар ғой, айтқанды ұқпайсыңдар да, орындамайсыңдар да», – деп кейбір шәкірттеріне кейігені бар еді. Ал екінші «досымның» аты – Сандуғаш. Кәдімгі үй шым­шығы. Ол да менің жан дүнием­ді ұғынады. Келе жатқа­нымды анадайдан сезіп, сайрай жөнеледі. Қолымды торға салсам, басын изеп амандасқан кейіп танытады. Туған жері төңірегінде – Ежелден «Сыр елі – жыр елі» атанып, небір дүлдүлдер мен жырауларды, ақындар мен жазушыларды дүниеге әкелген Қызылорда өңірінің тумасы екенімді мақтан тұтам. Сондағы Сырдария ауданының Жетікөл ауылында дүниеге келдім. Атамекенге әрқашан да бүйрегім бұрып тұрады. «Туған жерде – кіндігім» деп талмай жырлайтыным да содан. Менің азын-аулақ еңбегімді бағалап, 65 жылдық мерейтойыма орай арнайы шақырып жатқан Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бастаған атпал азаматтардың барлығына да алғысымды білдіремін. Елім мені ерім деп танып жат­қанда, мен қалайша елім деп еміренбеймін?! Жаңа жырларымды оқырманыма оқып беріп, бұйыртса, жұртыммен жүздесіп, бір жасап қалмақпын. Жүрегімді жылытқанда бір сезім, Бір сөзімді тірілтеді бір сөзім. Қармағымды талай суға лақтырдым, Мен өзімді өз сөзіммен өлшедім, –десем, бұл – менің оқырманыма айтар жан сырым.                                                        Гүлмира САДЫҚОВА                                          Үш Исаев немесе Ибрагим көке   IMG_3287 Өткен өмірде белгісі жатыр әр күннің, Шайырмен Сіздей шалқып бір талай желпіндім. «Қасқырға қойды бақтырған» дейтін достарым, Көкеме көрші қыздар жатағында мен тұрдым... Қызығы менен шыжығын айтып жастайғы, Әдемі көкем әріден сөзді бастайды: «Исаевпын» деп кеудемді қағып келгенде «Базарбайсың ба?» деп танысқандар жасқайды... Өтті ғой уақыт, өлеңмен өрген әр күні, Танылдым мен де, жыр сыйлап әсем таң нұры. Базекең кейін фамилиясын айта бастаса, «Ибрагимсің бе?» дейді екен елдің барлығы... Алматыға, інім, ақын боп дайын келдің-ау, Ақындық деген қилы да қилы жол құрау. Мен енді қазір «Исаевпын» дей бастасам «Қазыбексің бе?» дейтін де болды ел мынау». Дегеніңді, аға, демеуіңе зор баладым, Қолдадың сонда пейіліменен даланың. Дүбірі бөлек, дүлдүлі де көп бәйгеде Ақын боп мен де көсіле шауып барамын... Еркін ақынсың, ел ішінде биік беделі, Әнші мен сазгер алдыңа күнде келеді. Гүл қыздар келсе, көкеме көркем жымиып, Жұлдыздар көрсе – жүгіріп сәлем береді... Көңілің ашық көрікті жансың деп білсем, Талантың барда, тақпай-ақ тегі кеттің шен... Атырау барып арқырап шарап ішкенде, «Бауырмыз» деп те баршаға мәлім еттің сен... Шабыттың буы шарпыған кезде таза шын, Шаршасаң кейде аласың елдің мазасын... Шапқылап жүріп, шалқып бір мен де кеткенде, Ауырып қалсам... ағалық сөзбен жазасың... Жағымпаздарды жақтырмай қаны қызатын, Жүлдегер өзің – Жарысқа түссе жүз ақын... Ұмыта алман – мекенмөр меңдеп тұрғанда «Тегіміз бір» деп ұсындың үйдің құжатын... Келеді күтіп керім ұлдарын кең дала, Ақынның нағыз қадірін білер ел дана. Тұма жырыңа Тұмағаң берді зор баға! Жұмыссыз жүріп, еркелеп Олжас ағаға, «Еңбектегі ерлік» медалін алған сен ғана... Пайғамбар менен Абаймен аттас шайырсың, Тастаяқ қусаң, тастауға бәрін дайынсың. Шырпыдай жанған шырт ете қалар ашумен, Шырылдай жырлап келесің елдің жайын шын... Ұнаған бізге – Шыдаған сізге әпкеме не мін тағамын?.. «Ауырып қалсаң» – адвокат болып барамын... «Исаевтың сен қайсысың?» десе ел бүгін, Ибрагимнің інісі болып қаламын! Қазыбек ИСА