ҮШЕМ

бельгер

Қазақтың «үшем» деп аталатын музыкалық аспабы бар. Яғни, үш шекті құрал.

Шығармаларын, негізінен, үш тілде жазатын Герольд Бельгер туралы сөз қозғалса, неге екенін, менің көзіме осынау қастерлі аспап елестейді. Белгілі жазушы, аудармашы, публицист, эссеші, тәуелсіз «Тарлан» және Қазақстан ПЕН-клубы сыйлығының лауреаты Г.Бельгер қазан айында 80 жасқа толады. Қаламгер алда үш бірдей мерейтойын атап өтпекші: өзінің 80 жасқа толуы, Алматы қаласында тұрғанына 60 жыл және Қазақстан Жазушылар одағына мүше болғанына 40 жыл толуы. Еңбексүйгіштігі мен білім­дарлығын көр­сету үшін оның шығар­маларын атап өтудің өзі де жеткілікті болар еді. Орыс тілінде оның «Сосновый дом на краю аула», «Чайки над степью», «За шестью перевалами», «Живые приметы родства», «Брат среди братьев», «Лицом к лицу со временем», «Мотивы трех струн», «Каменный брод», «Гете и Абай», «Родство», «Завтра будет солнце», «Лики слова» тағы басқа кітаптары жарыққа шықты.Бұлардан басқа түрлі орыс тіліндегі газеттер мен журналдарда көптеген мақалалары мен очерктері шығып келеді. Әсіресе, «Простор», «Дружба народов», «Нива», «Мысль», «Провинция» т.б. журналдар мен «Правда», «Известия», «Литературная газета», «Казахстанская правда», «Северный Казахстан» т.б. газеттерді айрықша атауға болады. Қазақ тілінде «Жұлдыз», «Жалын», «Ақиқат», «Арай», «Парасат», «Қазақстан әйелдері», т.б. журналдарында, «Қазақ әдебиеті», «Егемен Қазақстан», «Жас алаш» («Лениншіл жас»), «Қазақ үні», «Халық кеңесі», «Алматы ақшамы», «Қазақстан мұғалімі», «Ленин туы» («Солтүстік Қазақстан») т.б. газеттерде, әртүрлі ұжым­дық жинақтарда көптеген әңгімелері, мақалалары мен очерктері жарық көрді. Мысалы, «Жұлдыз» журналында «Көненің көзі», «Алты қырдың астында», «Ауыл шетіндегі ағаш үй» деген әңгімелері, «Уақыт және қаламгер» деген жинақта «Ағайындас көп халықтың бірі боп», «Өнер алды қызыл тіл» жинағында «Сайланып шықса сырлы сөз», «Абай тағылымы» деген жинақта «Гете мен Абай» деген мақалалары жарияланды. Жазушының қазақ тіліндегі шығармалары газет-журналдарда және түрлі ұжымдық жинақтарда шыққанымен, қазақ тілінде жеке кітап болып көп уақытқа дейін басылған жоқ еді. 2006 жылы Алматының «Өлке» баспасынан қазақ тілінде «Мұнар тау» атты жинағы шықты. Онда автордың бірнеше әңгімелері, эссе-толғаулары берілген. Ал 2012 жылы «Өтеді өмір осылай (Күнделік беттері)» деген кітабы жарық көрді. Кітапқа жазушының 2001-2011 жылдар аралығында «Парасат» журналында жарияланған күнделіктер мәтіні енген. Неміс тілінде шығатын «Нойес лебен», «Фроиншафт», «Рота Фане» газеттерінде «Хайматенке Байтен» альманағында, түрлі ұжымдық жинақтарда оның көптеген әңгімелері, рецензиялары, шолулары жарияланды. Г.Бельгер аудармамен де айналысады. Мәселен, ол 1968-1998 жылдар аралығының өзінде қазақ тілінен орыс тіліне екі жүзден астам шығарма тәржімалаған. Оның ішінде Әбдіжәміл Нұрпейісовтың «Қан мен тер» романы (жолма жол аударма), Бейімбет Майлиннің «Сары ала тон» деген кітабына енген төрт повесі мен 28 әңгімесі, Әбіш Кекілбаевтың «Аңыздың ақыры», «Елең-алаң» романдары және 9 повесі мен 7 әңгімесі, Ғабит Мүсіреповтің бір повесі мен сегіз әңгімесі, Дүкенбай Досжановтың «Қиын адым», «Үлкен өзен», «Жібек жолы» романдары мен 4 повесі, 26 әңгімесі, Хамза Есенжановтың, Зейнолла Қабдоловтың романдары, Тахауи Ахтановтың пьесалары, Ахмет Жұбановтың қазақ композиторлары туралы жазған «Замана бұлбұлдары» атты кітабы, тағы басқалар бар. Г.Бельгер неміс тілінен орыс тіліне көптеген шығармалар аударды. Оның ішінде, Александр Реймгеннің «Жер дәмі» романы мен бір повесі, 6 әңгімесі, Н.Ваккердің «Тырналар биі» повесі, Виктор Клеменнің, Эрис Кончактың , В.Фейстің, Л.Мар­кс­тың әңгімелері, т.б. бар. 1968 жылы «Жазушы» баспасынан шыққан «Үш шекті әуен» («Мотивы трех струн») атты кітабында автор: «Неміс, қазақ, орыс сөздері үш шектің әуені іспетті. Менің жан-жүрегімнің үш пернесі іспетті. Мен оларды бірінші, екінші, үшінші деп бөле алмаймын. Орманда өскен ағаштар тамыр-бұтақтарымен қалай ұштасып кетсе, бұл тілдер де менің жан-жүрегімде өз әуендерімен солай астасып кеткен. Мен үшін олардың бәрі де басты, бәрі де негізгі. Бұлар бір-бірінсіз өмір сүре алмайды. Олар менің өмірімнің үш белесіндей», – дейді. Бұл кітап бізді тілінің шұрайлылығымен, бейнелі сипатымен, автордың халықтар достығын шын жүрегімен қол­дап, уағыздауымен қызық­тырады. Қазақ халқының тарихына, этнографиясына, мәдениетіне, әдебиетіне терең ықылас қоюы, қазақ тілін жетік білуі Г.Бельгердің творчестволық еңбегіне зор әсер етті. Ол өзінің балалық шағы өткен, мектепте оқыған, жігіт болып қалыптасқан жерін әсте ұмытпайды. Сондықтан, ол сол өзі өскен ауыл адамдарын, олардың ерекше мінез-құлықтарын, қарапайым да қызықты тұрмыс жайларын өз шығармаларында айнытпай көрсетіп келеді. Мұны біз автордың «Алыс сапар алдында» («Перед далью») атты автобиографиялық повесінен, «Әбілмәжін», «Ауыл шетіндегі ағаш үй», «Тас өткел», «Серғали ата» әңгімелерінен айқын көреміз. Өзінің сол балалық шағы өткен жеріне сүйіспеншілігін Г.Бельгер «Тас өткел» деген әңгімесінде тамаша көрсетеді: «Міне, мен тағы да Тас өткелдің қасында тұрмын. Маған бұл жердің әрбір сүрлеуі, әрбір түп шілігі таныс. Сонда да, осында келген сайын жағадағы ең жоғары тұрған тасқа шығып қарағанда алдымда өзінше бір сұлулықпен ерке Есіл есіліп жатқанын көргенде, менің жүрегім қуаныштан жарылып кете жаздайды. Маған осы ша­ғын ғана, ешбір карталарда бел­гіленбеген жер жұмағы, елеусіз бір бұрыш, өте ерте кезде менің жерлестерімнің ата-бабалары «Тас өткел» деп атаған жер өте қымбат. Сірә, әрбір адамның жер үстінде осындай жалғыз бұрышы, өзінің алыс жолға шығар нүктесі болуы тиіс». Жазушы Г.Бельгер өзінің бала кезінен өсіп-өнген жерін әрқашан есінде сақтап келеді. Осыған орай, сол жер де, сол жердің адамдары да баяғы Гераны, қазіргі жазушы Герольд Бельгерді ұмытқан емес, ұмытпайды да, өйткені ол өзінің шығармаларында осынау мекенді, оның адамдарын мәңгі тарихта қалатындай етіп жазып көрсетті. Герольд Карлович Батыс пен Шығыс ойшылдарының, ақын-жазушыларының рухани үндестігіне көп көңіл бөліп келеді. Ол, әсіресе, Гете мен Абайдың өзара үндестігіне, ойлары мен шығармаларының ұқсастығына назар аударып, мұны көптен бері зерттеп келеді.Ол бұл тақырыпты зерттеуді Гетеден емес, Абайдан бастағанын айтады. Тіпті, мектепте оқып жүргенде ұлы ақынның өлеңдерін асқан сүйіспеншілікпен оқып, бірсыпы­расын жаттап алған. Әсіресе, оның «Қыс», «Жаз», «Жазғытұры», «Күз» сияқты өлеңдерін ұнатқан. Соңынан Абайдың «Қараңғы түнде тау қалғып» деген өлеңімен және Лермонтовтың «Горные вершины» атты өлеңіне зер салған. Оның Гетеден аударылғанын білгеннен кейін, Гетенің «Ночная песня странника» («Жолаушының түнгі әні») атты шығармасын неміс тілінде оқиды. Содан былай Абай мен Гетенің басқа шығармаларын да көбірек оқып салыстырады. Осылай көп оқып, көп ойланып, көп салыстырып, жазушы Гете мен Абайдан көп ұқсастық табады. Нәтижесінде бұл екі алыпқа арнап әр кезде қазақ, орыс, неміс тілдерінде бірнеше мақалалар, очерктер, эсселер жазады. Мысалы, «Жолаушының түнгі әні», «Гете-Лермонтов-Абай» (очерк), «Үндестік» («Созвучие») – очерк – эссе. Ал 1989 жылы «Жалын» баспасынан «Гете мен Абай» («Гете и Абай») атты көлемді кітап шықты. Бұл еңбегінде автор екі ұлы адамның өмір жолының, творчествосының ұқсастығын, үндестігін жан-жақты талдап, олардың өлеңдері мен қара сөздерінен мысалдар келтіре отырып дәлелдейді. Мұндай жан-жақты зерттеу үшін, әрине, біріншіден, екі алыптың да және Гетенің орыс аудармашыларының тілін біліп, олардың шығармаларын өз ана тілдерінде оқуы керек. Екіншіден, бұл екеуінің ғана емес олар оқыған Батыс және Шығыс ақын, жазушыларының, ойшылдарының шығармаларын оқып танысу керек. Үшіншіден, осылардың бәрін орындау үшін қанша еңбексүйгіштік, қайрат, жігер және үлкен мақсат керек. Ал осының бәрі Герольд Бельгердің бір өзінен табылғанына қуанасың. Немістің атақты жазушысы Томас Манн: «Әрбір твор­честволық күш адамгершіліктің жоғары мақсатына қызмет етуі тиіс» деген екен. Жазушы Герольд Бельгер нақ осын­дай адам. Ол өзінің барлық шығармаларында адамгершілікті жырлайды, сөйтіп оқырмандарын да адамгершілікке шақырады. Г.Бельгер Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесіне депутаттыққа кандидат ретінде сайлаушыларымен кездескенде өзі туралы былай деген еді: «Мен – әдебиетшімін. Менің тірек-тиянағым да, қолымнан келері де осы жазушылығым, аудармашылығым, қоғам алдындағы адал публицистік сөзім. Менің өзекті тақырыбым: халықтар достығы, әр ұлттардың ізгі ықыласты қарым-қатынасы, әр салалы, әр жүйелі тілдердің, әдебиеттердің, мәдениеттің бір-біріне ықпалы, бейбітшілік, ұлттық және рухани келісім. Аудармашы есебінде мен әрдайым қазақ пен ресейлік немістер әдебиетін насихаттаймын». Міне, бұл жазушының шынайы көзқарасы, мақсаты, кредосы. Ол мұны өзінің барлық шығармаларымен, сөйлеген сөздерімен, атқарған істерімен дәлелдеп келеді. Қырықтан астам кітабы жарық көрген көрнекті жазу­шы­ қа­зақтың тілі, ел, ұлт мүд­десін биікке көтерген шы­найы қоғам қайраткері, жерле­сіміз Герольд Бельгер, міне, осындай адам. Жазушы Герольд Бельгердің еңбекқорлығының бір сыры – уақытты ұтымды пайдалана білу өнерінде жатыр. Өзінің айтуынша, жас кезінде тәулігіне 16 сағаттан жұмыс істеген екен. Қатаң режім сақтайды. Мысалы, бір күнгі жұмыс режімін үшке бөледі: Таңғы 8-ден 12-ге дейін шығармашылық жұмыстарымен ғана айналысады. Түскі сағат 1-ден 5-6-ға дейін аудармамен шұғылданады. Одан соң түнгі 11-ге дейін кітап оқу, күнделік жазу, келген хаттарға жауап беру, т.б. Күнделікті, тіпті, жылдар бойы осылай. Атақты жерлесімізді 80-ге келген мерейтойымен құттық­тап, оған зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, мол шығармашылық та­быс тілейміз.

Қайролла МҰҚАНОВ, Қазақстан Республикасы Мәдениет қайраткері, өлкетанушы Петропавл қаласы