Қазақты қырған Мирзоянды неге әспеттеп отырмыз?

Mirzoyan  

Енді республикамыздың Алматы  мен Ақтөбе бастаған қала, ауыл-селоларындағы Мирзоян атын өшіру үшін Нұрсұлтан Әбішұлының арнаулы жарлығын күту ғана қалды ма? Астананың әкімі Иманғали Тасмағамбетов өзінің шешімімен-ақ өшірді, – ешбір заңға томпақ болған жоқ қой!

  «Айта-айта Алтайды, Жамал апай қартайды» дегендей, Қазақстанның 110 мың адамын «халық жауы» деп қаматып, 25 мыңын аттырып жіберген Л.Мирзоянның жауыздығы туралы жазудан шаршай бастадым. Жамал апайға айтылған наздың негізі әзіл болса, менің жазғандарым – біздің намыссыздық, немкеттілік деген сырқаттарға шалдыққанымыздың өкініші. «Алматыда Мирзоян көшесі бар» деп дабыл бере бастаған шағын мақалам 2009-жылы жарияланды. Содан бері жылына бір мақала жазып келемін. Әрине, жаңа дерек қосып. Биыл «Қазақ үні» газетінде «Бірізді төрт хат» деп шыққан мақалам РГАСПИ (Российский Государственный архив социально-политической истории) жіберген, Мәскеуге Мирзоянның өзі және оның әмірімен жолданған хаттардың көшірмелері бойынша жазылды. Ол мұрағатжайда СОКП Орталық комитетінің 1933-1991 жылдардағы құжаттары сақтаулы екен, бірақ түгел емес: суайт, мылжың Н.Хрущев қолына билік тиісімен мемлекеттік, партиялық мұрағатжайларды, турасын айтқанда, тонатқан. Өзі жасаған зұлымдықтардың ізін өшіру үшін. Кеңестік қарсыбарлаудың (контрразведканың) ардагері Б.Сыромятин: «...Орталық мұрағат­жайдың директоры полковник В.Детинин репрессияны ұйымдас­тырушылардың бірі болған Н.Хрущевқа қатысты құжаттар құртылғанын айтты» десе, тарихшы В.Наумов былай депті: «1955-жылы Хрущевтан нұсқау болып, Орталық мұрағатжайдан Берияның қағаздары, партияның Сталин және басқа басшылары туралы құжаттар, жиыны 11 қапшық толы тәркіленді. Құжаттар неғұрлым азайған сайын Хрущев өзі қатысқан қылмыстарды басқаларға жаба, солғұрлым екілене сөйлей бастады». Бертінде 1937-38 жылдардағы репрессия құжаттарын тексеру жөнінде үкімет пен партияның комиссиясы құрылды. Маңызды іс ақырына жеткізілмесе де, комиссияның төрағасы, СОКП Орталық комитетінің хатшысы А.Яковлев көптеген дерекпен танысқанын айтып: «Хрущевтың екі қолы иығына дейін қан болыпты» деді. Украинаның үкіметін, Орталық партия ұйымын, Мәскеу қалалық және облыстық партия комитеттерін басқарған жылдарында Хрущев өзі құрған Үштік сотының шешімімен жиыны 165565 «халық жауын» жазалаған. Мирзоянның қаруы да Үштік сот болған. Ол сот көп жағдайда БК(б)П Орталық комитетінің Саяси бюросына айтпай-ақ білгенін істей берген.Оған айғақты орыстың атақты зерттеуші-тарихшысы, жазушы Е.Прудникованың дерек толы кітаптарынан таба аласыздар. Осы "Қазақ үні" газетінің 19-26 тамыздағы «Халықты қырған Мирзоянның көшесі қашан алынады?» атты мақаланың авторы Раушан Сейсенбай жаппай жазалау жылдары «өзбек ұлтынан 7 адам ғана атылыпты» деген. 1936-жылы қазақтар 4,5 миллионға жуық, өзбектер 14 миллионнан астам болды деген дерек бар. Ал енді 7 мен 25 мыңды салыстыралық. Тіпті, Құдай кешірсін, «Раушан қателесіпті, 7 емес, 7000 екен» дегеннің өзінде саны өзбектен үш есе аз қазақ шіркіннен өзбектен үш еседен астам «халық жауы» шыққаны қалай?!. Екі елді де Кремльдің кадры басқарып тұрды емес пе? Олай болса, Кремль, яғни, И.Сталин өзбектерге, Эзоп-Крылов айтқандай, «әлде жиен, әлде нағашы» болып, қазақтарға «атажау» болды ма? Жоқ! Өзбекстанды халықты пір тұтқан Азамат басқарды, ал Қазақстанды халықты тобыр деген Қаскөй басқарды, ол Қаскөй – Мирзоян, оның өзімен бірге ала келген жемтіктестері және жергілікті жағымпаз итаршылар. Әр үйден дерлік 1 «халық жауын» тапқызып қаматып, не 10 жылға Cібірге айдатқан, не аттырған Мирзоянды халық «Мырзажан» деп атаған жоқ, олай атағандар – сол жемтіктестері мен итаршылары! Осыған орай, мына бір мәтінді оқылық: «...Взять, например, товарищей Мирзояна и Вайнова. Первый из них является секретарем краевой партийной организации Казахстана... перетащил с собой в Казахстан из Азербайджана и Урала, где он раньше работал, 30 - 40 человек «своих» людей и расставил их на ответственные посты в Казахстане. Есть, стало быть, своя артель у товарища Мирзояна. Разве нельзя было подобрать работников из местных людей?.. Конечно, можно было... Я его несколько раз предупреждал, не таскай за собой своих приятелей ни из Азербайджана, ни с Урала, а выдвигай людей в Казахстане, не отгораживайся от местных людей в Казахстане, потому что... - что значит таскать с собой целую группу приятелей, дружков из Азербайджана, которые коренным образом не связаны с Казахстаном? Что значит таскать с собой целую группу приятелей с Урала, которые тоже не связаны с Казахстаном? Это значит, что ты получил некоторую независимость от местных организации, и, если хотите, некоторую независимость от ЦК. «У него своя группа, у меня своя группа, они мне преданы...». Это значит недоверие местным кадрам...» (И.Сталиннің 1937-жылы партияның Орталық комитеті пленумында сөйлеген сөзінен). Мирзоянның кадрлары 30-40 емес, одан көп болған және партияның, прокуратураның, Ішкі істер комиссариатының облыстық, аудандық басшылықтарына, бірінші не екінші орындарға, Сталин айтқандай, «на ответственные посты» қойылған. Жергілікті кадрларға сенбеудің, қаны басқа қазақтардан «халық жауын» жасаудың жексұрын көрінісі сол болды. «Қужақтан» - Голощекиннен қалған тақырға жіберілген «Мырзажан» ол тақырды келе сала егінге бөктірген жоқ, малға толтырған жоқ. Олай істейтін құлқы да, мүмкіндігі де болған емес. Елдің жағдайын тездетіп зерттетіп білген Кремль дереу көмектесті: аштық азабын тарта қоймаған республикалардан астық, мал жібертті. Бұл туралы құжаттар бар. «Мырзажаншылдар» мұны айтпайды, қайта уақ-уақ беталды мақтап қояды. Өйтулерінің себебі бар да сияқты. Алдыңғы жылы және былтыр Мирзоянның зұлымдықтары туралы мақалам шыққан кезде бірнеше оқырман маған телефон шалып: - Осында шіріген бай армяндар бар, солар біздің бір-екі тарихшы ғалымды жарылқап, малғұн Мирзоянды мақтаған мақала жаздырып жүр, сіз соны біліп қойыңыз, - десті. Мен: - «Біліп қоюым» үшін, егер сіз нақты білсеңіз, маған солардың аты-жөндерін, телефондарын жазып жіберіңіз, - дедім. Олар «ойланайын», «көрейін» деумен тынды. Республикамыздың халқын қырған зұлым «Мырзажанның» атын көшелерімізден, мектептерімізден, тағы басқалардан өшіру керектігін құжаттармен дәлелдеген хатым 2012-жылы Парламентке, Президентке жетті. Алматы қаласының әкімдігіне жазған хатымда қаладағы Мирзоян көшесін халқымыздың көрнекті ғалымы, әйгілі абайтанушы, Мұхтар Әуезовтің дос-шәкірті, Қазақстанның тұңғыш Еләнінің (гимнінің. «Әнұран» емес, «Еләнінің»!) авторы, шәкәрімтанудың негізін қалаған «Қайым Мұхамедханов көшесі» деп атау жөн болар еді, деген қосымшам да бар, бірақ бәрі де «ойланайық, көрейік» деп отырғандай. Әзірше бір шүкіршілігім – Астанада Мирзоян ескерткішінің қойылуына қарсылығымның ескерілгені. Газеттен («Егемен Қазақстаннан» ғой деймін) президент Н.Назарбаев Леон Мирзоянның ұлын қабылдап, әңгімелесіп, әкесіне Астанада ескерткіш орнату ойлары барын айтты дегенді оқып, президентке дереу хат жазып (27. 11. 2011 ж.): Мирзоянның жауыздығын дәлелдеген құжаттардың өзімдегілерінен көшірмелерді қоса жолдап, былай дедім: «... Біздің арыстарымызды қырып кеткен қандықолды ардақтауымыз жөн бе? Оның тізімімен азапқа, қайғылы қазаға ұшыраған адамдарымыздың үрім-бұтағы, Ахмет Байтұрсынов бастаған арыстарымыздың әруағы бізге алғыс айтар ма?!.Үлкен-кіші «тарихшыларымыз» көргенді көрмеген, естігенді естімеген болып, Мирзоянды әлі де «Мырзажандап» жүр. Олар «Левон Мирзоян в Казахстане. Сборник материалов и документов. 1933-1938 гг.» деген кітап шығарып, оны Сізге табыстапты, Сіз оны Арменияның президенті Роберт Кочерянға сыйлапсыз. Мен бұл фактіні -Сізді алдағандық, қателестіргендік деп білемін. Құрметті НҰРЕКЕ, ойланыңыз. Мирзоянды дәріптеу - өте ұят іс. Өзіңіз жақсы біліп, қадірлеп, Мемлекеттік сыйлық берген Қайым Мұхамедхановтың – абайтанушы, шәкәрімтанушы, мұхтартанушы ғалымның атын қоюға Алматыдан, Астанадан көше, мектеп табылмай жатыр, ал Мирзоянға Астанада тіпті ескерткіш орнатылмақ! Сорақылық емес пе?!.». Енді республикамыздың қала, ауыл-селоларындағы «Мырзажан» атын өшіру үшін Нұрсұлтан Әбішұлының арнаулы жарлығын күту ғана қалды ма? Астананың әкімі Иманғали Тасмағамбетов өзінің шешімімен-ақ өшірді, - ешбір заңға томпақ болған жоқ қой! Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ 23.08.2014 жыл