Храпунов Швейцариядағы өмірі мен есеп-шоттары туралы баяндады

 

khrapunov

Қазақстан билігі Виктор Храпуновқа ірі коррупциялық айыптар бойынша іздеу жариялаған. Үкіметте лауазымды қызметтер атқарған ол жеті жыл бойы Қазақстанның ең ірі қаласы - Алматы әкімі болған.

65 жастағы Виктор Храпунов 2007 жылдан бері отбасымен Женева қаласында тұрады. Храпуновтың Азаттыққа берген сұхбатында айтуынша, Қазақстанның оны экстрадициялау туралы өтінішін Швейцария билігі орындаудан бас тартқан және қазір оның аты-жөнін Швейцария байларының тізімінен алып тастаған. Виктор Храпунов: 2014 жылдың 19 маусымында Швейцарияның федералдық әділет органдары мені Қазақстанға экстрадициялаудан бас тартты. Менің білуімше, бұл - Қазақстаннан түскен екінші өтініш. Швейцария  "Қазақстанда адам құқығы сақталмайды,  өзгеше ойлайтын жандар саяси көзқарастары үшін қудаланады" деп нақты жауап бергеніне қарағанда, меніңше, бұл - түпкілікті шешім. Қазақстан енді ондай өтініш жолдай қоймас деп ойлаймын. Қазақстан билігіне "эстрадициялау мүмкін емес" деп нақты жауап берілді. "Швейцария Қазақстанмен арада қол қойылған келісімге сәйкес шектеу қойды. Қазақстан арызы негізінде қазір тексеру жүріп жатыр. Жұбайым екеумізге "түсінік беруші тұлға" статусын берді. Банкте есеп-шоттарым жоқ, болған да емес. Сондықтан бұл шараның маған қатысы жоқ.  Отбасылық есеп-шоттарымызды ешкім қамау салған жоқ, мұнда ешкім бізге қатысты қылмыстық іс қозғаған жоқ.  Қаржылық ресурстарымызды пайдалануға шектеу қойылды. Бірақ коммуналдық қызмет ақысы, салықты уақытында төлейміз, азық-түлік, киім-кешекті еркін сатып аламыз", - дейді Храпунов. Храпунов прокурордың келісімінсіз ірі сома жұмсай алмайтынын жеткізді. Еске сала кетсек, Швейцарияның Bilanz журналы Храпуновты 300-400 миллион швейцар франк ақшасы бар ең бай 300 адамның тізіміне кіргізді.

Қазақстан тергеу органдарының болжамынша, оның шетелдегі жылжымайтын мүлік сияқты құны миллиондаған мүлкі бар.

Храпуновтың өзі: "Қазақстанда да, Қазақстаннан тыс жерде де ешқандай мүлкім, ешқандай жылжымайтын мүлкім жоқ. Кезінде Алматыда отбасым тұратын үй салғанмын, кейін оны сатып жібердім", - деді. "2009 жылдың аяғында Швейцариядағы шағын бір газет әлдебір журналистің хабарламасын жариялады. Әлгі журналист бірер айдан кейін Швейцариядан кетіп қалды, қазір басқа мемлекетте тұрады. Швейцарияның "Форбс" басылымы сияқты Bilanz журналы әлгі хабарлама негізінде біздің аты-жөнімізді байлар тізіміне қосып, отбасымыздың капиталы - 300 миллион швейцар франк деп жазған. Әлгі ақпараттың қалай пайда болғанын қазір жақсы түсінемін. Қазақстанда белгілі бір құрылымды тексеру үшін оның үстінен құпия шағым түсіріледі. Президентке кіріп, "осындай деректер бар, тексерейік пе?" деп сұрайды. Ол "тексеріңдер" деген жарлық береді. Тексеру басталып, кейін президентке "ақпарат жарым-жартылай расталды" деп хабарлайды. Мұнда да арнайы қызмет дәл солай жұмыс істеген. Мүмкін әлдебір мәміле болып, әлдебір газетке белгілі бір ақпаратты жариялауға мүмкіндік берген болар? Сылтау таппағандықтан, айыптауды қолдан жасау үшін ілік керек болды", - дейді экс-министр. Храпунов сондай-ақ, баласының "бизнем бастағанда ақшаны қайдан алғанын баспасөз өкілдеріне өзі айтып бергенін, кезінде несие алып жұмыс істегенін" айтты. "Өркениетті қоғамның бәрінде жұрт банктен несие алып, "айналдырады", қайтарады, сөйтіп алға жылжиды. Бәрі ашық, жария әрі қол жетімді", - дейді ол. "Ілияс 1998-2007 жылдары Швейцарияда оқып, жақсы білім алды. Оқуын бітірген соң Швейцарияда өз бизнесін дамытты. Алған білімі мен ағылшын, француз тілдерін жетік білуінің арқасында бизнесте өзін еркін сезінеді. Бизнес жүргізудің еуропалық әдістерін меңгеру мен өз кәсібін ұйымдастырып, жүргізе білу қабілеті жемісін берді. Жеткен табысы - таза еңбегі мен нарықта орны бар жақсы командасының арқасы", - деген сенімде Виктор Храпунов.

Источник: Азаттық