Ит жетектеген қара шал

ит Қаланың орталық саябағында ит жетектеген қазақтың қара шалын жиі көремін. Жасарын жасаған, асарын асаған бұл адамның неліктен адамға емес, хайуанға үйір екенін түсіне алмай дал болдым. Итті серік еткен ақсақалдан оның жайын барып сұрауға дәтім бармады. Мұның қисынсыз екенін де түсіндім. Себебі, ол адам: «Сенің менде не шаруаң бар, заман өзгерді, қала адамы үшін мұның еш ерсілігі жоқ» деп, бетімізді қайтарып тастауы мүмкін-ау. Шыны керек, қазір «Ит – жеті қазынаның бірі» екенін желеу етіп, қазақтың төбеті мен тазысын емес, батыстың арсылдаған дүрегейін пәтерінің төріне жатқызатындар да көбейді. Бірақ, олар ит қазақтың атам заманнан досы болғанымен, дала қазағы үшін көшпенді өмірге бейімделудің асыл арқауы ғана болғанын білмейтін сияқты. Батысқа еліктеп, немере жетектеген аталарымыз енді итті ермек қылатын болды. Сонда біз өзіміздің бабалар рухымен сусындаған асыл арнамыздан ажырап бара жатқанымыз ба?! Бірақ, бүгінгі әңгіме арқауы жаңағы ит жетектеген ақсақал жайлы да емес, өзіне бір табан жақын адам баласын дос етпеуінде болып отыр. Неге өзінен өрбіген немере–шөберелерін жетектеп, қыдыртып, аталық ұлағатын танытатын қазақтың қара шалдарының қарасы азайып кетті? Біз қазақтың бар даналығы ауылда жатқанын жоққа шығара алмаймыз. Қай үйге барсаң да, сол шаңырақтың еркесі – «атасының баласы» дейтін еркетотайлар өріп жүретін еді-ау. Ал, қазір ше, ондай көріністі көз алдыңа елестету қиынға айналып барады. Баяғы ата мен немере жарастығын көре алмай қиналасың. Бұл өнегелі үрдіс өз өміршеңдігін жойып, кешегі көшпелі өмірмен, одан бертінгі жартылай көшпенді дала қазағының салт–дәстүрімен тарихтың тұңғиығына кетіп бара ма, әлде?! Осындайда аталар ұлағатын көрген ұрпақтың соңғы жұрнағы өзіміз бе деп қаламыз. Әлі есімде өз атам Смағұл қолы босаған бір сәтте ауылдың бар шалдарын жинап алып, батырлар жыры мен шешендік сөздерді оқытушы еді-ау. Тілің күрмеліп, қиналып, бір жағынан балалықпен ойынға есің кетіп тұрғанда мақтауыңды жеткізіп, «атасының баласы» деп, қайрап–қайрап алатыны санадан солғын тартса да, естен кетпейді екен. Қарап отырсаң, бұл ұрпақ тәрбиесіндегі үлкен өнеге екен ғой. Осы арқылы баланың зейінін оятып, танымын даналықпен толтыратынын көресің. Аталардың қамқорында тәрбие алған немере ешқашан жаман болып өспейді. Оған қазақтың қара шалдарының үлгі-өнегесі айқын мысал бола алады. «Балаңды өскенше, немереңді өлгенше бағасың» делінеді қазақтың бір даналығында. Бала тәрбиесіндегі пәлсапаның көкесі де осы даналыққа сыйып тұр. Себебі, атаның жанынан қалмайтын немере топқа ерте түседі. Жиын-тойларға да бара жүріп, қазақтың даналығын ұғынып, елдік істерге ертерек араласады. Өрге ұмтылып, биікті бағындырсам дейтін рух оны өз отбасының ғана емес, ел-жұртының сүйеніші болуға баулиды. Өз атасы сияқты бүкіл әулеттің қамқоршысы болуға ұмтылады. Әулеттің қамқоршысы болу деген елдің тізгінін ұстау деген сөз. Бізге бүгін елінің мүддесін биік қоятын ұрпақ керек. Ал, аталар қарымы азайып, тізгіні босап бара жатқан қазіргі кезде жүрегінде жалыны, рухында қайраты бар ұрпақ тәрбиелеу оңайға түсе қояр ма екен?! Жаңағы қара шалдың ит жетектемей, немере жетектесе, біздің қоғамымызда мұндай мәселе туындамас та еді-ау. Батыр Бауыржан атамыз осыған қаратып, былай дейді: «Біріншіден, бесік жырын айтатын келіндердің азайып бара жатқанынан қорқамын, екіншіден, немерелеріне ертегі айтып бере алмайтын әжелердің көбейіп бара жатқанынан қорқамын, үшіншіден, дәстүрді сыйламайтын балалардың өсіп келе жатқанынан қорқамын. Өйткені, бесік жырын естіп, ертегі тыңдап, дәстүрді бойына сіңіріп өспеген баланың көкірек көзі көр бола ма деп қорқамын». Осының бәрі атаның ұлағаты азайып бара жатқанынан екенін несіне жасырамыз. Керісінше, қазіргінің аталары әлгіндей ит жетектегеніне мәз. Болашақ ұрпағының қамы оларды ойландырмайтын сияқты. Тіпті, қария деп қолпаштайтын ақсақалдардың иегінде бір түйір қылтанақ жоқ. Адамның өнегесі мен тақуалығы сақалмен өлшенбейтін де шығар. Бірақ, бесік жырын естімесе, жыр-қиссаны оқымаса, ондай ұрпақтың көші қай жерге барып тоқтар екен. Есесіне, бесік жырының әлдиінің орнына, батыстың атыс-шабыс ойындарына қаныққан бала көбейді. Түні бойы шошып, ертеңінде есалаң болып жүретіндер еселеп өсті. –Мен немеремді ұдайы жаныма алып жатамын,–дейді Науан хазірет атындағы Көкшетау орталық мешітінің іс басқарушысы Жүнісбек Әленов.–Бір күні немерем жеке жатыр еді, түннің бір уағында жаман түс көрді ме, шошып оянды.Сосын қасыма әкеліп жатқызып едім тып-тыныш ұйықтап тұрды, – дейді ол. Бұл да ата қамқорының ізгілікке толы екенін көрсетеді. Атаның мейірімін сезінген бала ешқашан қатал болмайды, жаны жұмсақ болып өседі. Әйтпесе, «бесіктен белі шықпай» жатып, қылмыспен ауызданған жастар аз ба? Жүрегінде шаңның тозаңындай мейірім болса, ол бала ешқашан өз қадамын шалыс баспайды. Бүгінде өз елін қорғаудан бас сауғалап қашатындар көбейді. Бұрын мұндай болып па еді. Туған жер деген қашанда қастерлі екен санасына сіңсе, ер бала аталардың даңғыл жолымен жүріп,ерлікке ауызданар еді ғой. Міне, қазақтың қара шалының ит жетектеп кетуі, өз кезегінде ұрпақ тәрбиесіне де кесір-кесапатын тигізіп отыр. Қазақтың қара шалы өткен мен бүгіннің жалғасы, алтын көпірі іспеттес. Демек, немеренің атаның қамқорында тәрбие алмауы бір әулеттің ғұмырлық жалғастығына сына қағады. Абзал қарт өзінің өмір бойы көрген-білгенін, жиған-тергенін өзгеге емес, өз немересіне үйретіп, оның санасына сіңіріп, жанына түйгізіп кеткенді қалайды. Ал, өз баласы күнделікті қам-қаракеттен қолы босамағандықтан, мұндай ұлағатты жанына азық ете алмас еді. Ендеше ақыл да, парасат та немере бойында табылып жатса, оған таң қалудың жөні жоқ. Ол – өмір заңдылығы, аталар даналығы, ұрпақтар сабақтастығы. –Мен бабалардан бойтұмар болған ұрпақ тәрбиесіне еш кінә таға алмаймын. Бірақ, біз кейде өмірдің түбегейлі өзгеріп, жаһанданудың соқпағына түсіп бара жатқанын мойындағымыз келмейді. Алға басудың орнына, артқа қарай шегіншектей береміз. Бұл дұрыс емес. Баяғы асыл аталарды көз алдымызға елестеткіміз келеді. Одан тәрбие алған ұрпақтың түзу жолмен жүріп, өсіп-өркендегенін ғана айтқанды жөн санаймыз. Шындығында, ата тәрбиесін көрмеген қала балалары көштен қалды деп естіген жоқпын. Қайта қазір сол қала балалары елдің мерейін өсіріп, қазақтың атын шығарып жүр. Ауылдағы ата тәрбиесін алған немерелер туған жер төсінен ұзап шыға алмай жүргенін несіне жасырамыз. Әлде қазіргі аталар өздері ұсақталып бара жатқанындай, немерелерін де әлжуаз етіп өсіріп отыр ма?! Сондықтан, қазір ата мен немере арасындағы жарасымның арқауы үзілгенін мойындағанымыз абзал,–деп толғанады Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Құдайберген Насыров. «Арқауы үзілді» деген теңеу жайдан-жай айтылып отырған жоқ. Аталардың ұлағаты ауылдан алыстады. Қалаға да жетті. Бірақ, мұндағы тәлім-тәрбие өзегі – немересін бала бақшаға апарып, әкелумен ғана аяқталатын сияқты. Баяғының даналығын бойына сіңіру және елін қорғар батылдыққа баулу үрдістері қайраңда қалған қайықтың кебін кигендей. Бір жағынан, бұл шаңырағы шайқалып, түтіні түзу шықпай, қиындыққа белшесінен батқан қайран ауылдардың қаңырап бос қалып жатқанынан ба екен?! Жасы кетіп, кәрісі қалған сол ауылдарда немере тәрбиелейтін жағдай қалды дейсің бе? Қазақтың ауылы құрыса, онымен бірге ұлттық дәстүрі де, әлгіндей аталар тағылымы да құрдымға кетеді. Атаның даналығын көріп өскен жандардың бірі – белгілі айтыскер ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Қазақстан Республикасының Мәдениет саласының үздігі Құдайберлі Мырзабек дер едік. – Қазақтың ұлттық дәстүрінің жойылмай, жалғасып келе жатқаны аталар даналығының да мол ықпалы бар. Иә, бұл жанданудың орнына, сұйылып бара жатқанын да мойындауымыз керек. Қазір біз әр ауылда, әр әулетте еңселеніп тұратын аталарымызды іздейміз. Олардың елесі алыстап бара жатқанын көріп қиналамыз. Себебі, аталы сөз ата көрген баланың ауызынан ғана шығады. Бұл күнде аталы сөз айтатын адам азайды. Міне, өзімізде ата болар жасқа келдік. Иншалла, немерелер өсіп келеді. Алдымен өзің сол ата болар көкжиектен көрінбей, өзгеге ақыл айтудың жөні қалай болар екен. Сондықтан бұл жайлы ой қозғағанда, маған екі сурет көз алдыма келеді. Алдымен, баяғы аталарымыз намаздарын оқып, имандылыққа жақын тұратыны еске түседі. Немересі де атасы сәждеге маңдайын тигізгенде, арқасына жабысып алып тағылым алмаушы ма еді. Ал, қазір ше, ата дегенің, жетпіске келсе де, өзін жас сезініп, немереге даналық айтудың орнына, «алып қояйықтың» желігімен жүретінін несіне жасырамыз. Осыдан кейін біздің балаларымыз қалай адаспасын,–дейді ақын Құдайберлі Мырзабек. Енді біз немерелерімізге батырлар жырын оқытпаймыз, ғаламтор алдында отырып жаһандағы жанталас өмірді тамашалап, ермегіміз осы болады. Сонда мәңгілік ел болуды мақсат етіп отырғанда, жаңаға ұмтылу керек-ақ шығар, бірақ, өткенді ұмытып та өркеніміз өспейтіні айдан анық қой. Бір жағынан бұл кейіпкер қаладағы аталарымыз өз немересін өз ұлтын өзектен тебетін өзге ұлттың тілінде сөйлеп, шүлдірлесетінін біле ме екен?! Білетін шығар, сол өз ана тілінде емес, басқаның тілінде сөйлеген ата мен немере қазақтың көсегесін көгертеді дегенге өз басым сене алмаймын. «Қалада атаның тағылымы керегі жоқ» дегендер өздері де адасады, өзгені де адастырады. Біз қала мен ауыл деп, тәлім-тәрбиені де жік-жікке бөлсек, одан ұтылмасақ, ұтпаймыз. «Атаның баласы» дейтін немерені қалай тәрбиелейміз, әлде бұл ұлағатты істің де өз межесіне жеткен жері осы ма? Ойланып көрші, ағайын. Мүмкін сіз бұған үн қосарсыз. Бақыт СМАҒҰЛ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі