АБАЙ ЕЛІ ТУРАЛЫ ЖАЗЫЛҒАН САУАТСЫЗ МАҚАЛА СЕМЕЙЛІКТЕРДІҢ ШАМЫНА ТИДІ!!!

«Қазақ әдебиетінің» №27 (4 шілде, 2014 ж.) санындағы «Жидебайға барғанда» атты жолжазбаны оқи отырып, мақалада орын алған ұшқары пікірлерге қатысты ойларымызды ортаға салуға бекіндік. Мақала авторы Бағашар Тұрсынбайұлының аяқалысына таңырқап отырмын.

Сурет Бағашар Тұрсыбайұлының Фейсбуктегі парақшасынан алынды

Жолсапарды ұйымдастырушыларға алғыс айтылысымен, мақала бірден «Семей жатаған қала екен» деп басталыпты. Бұрын-соңды естімеген пікір төңірегінде біраз ойланып көрдік. Келісе алмадық. Қаламыз қай қырынан жатаған болып көрінуі мүмкін? Ой жағынан ба, әлде бой жағынан ба деп саралауға тура келді. Ой жағынан дейін десең, 40 жыл бойғы ядролық жарылыстар да Абайдан қалған ақыл-ойды аласарта алған жоқ. Жыл сайын жоғары деңгейде өтіп жататын республикалық, халықаралақ ғылыми-практикалық конференциялар мен форумдарды былай қойғанда, мәдениет саласы, спорт түрлері бойынша жерлестеріміз биіктерден ұдайы көрініп келеді. Ал, бой жағына келсек, Астана мен Алматыдай болмаса да бір қаланың бедеріне лайық биіктігі 16 қабаттан басталатын ғимараттар Семейде баршылық. Қала аумағындағы көпқабатты ғимараттардың жиыны 1300-ден асады. Аспалы көпірдің асқақтап тұрғаны анау. Сонымен бірге, мақалада жазылғандай «Ертістің бір жағы ескі Семей» емес, байырғы немесе бұрынғы Семей делінеді. Жалпы, «ескі Семей» деген сөз қолданыла бермейтін атау. Негізінен, Қара Ертістің қос қапталындағы қала ресми жағдайда Оң жағалау және Сол жағалау болып жіктеледі. Мақала авторы жүгініп отырған Жүсіпбек те «ескі» деген сөзді қолданбай «Ертістің оң қабағында Семей, солында Алаш қаласы» дейді. Ары қарай оқиық. «Үш жүз мыңдай тұрғыны бар қаланың тіршілігі баяу жүріп жатқандай. Алматыдағыдай асыққан, сапырылысқан халық жоқ. Жайбарақат тірлік. Қаланың өзін де бір көңілсіздік жайлаған сияқты әсер қалдырды. Жүріп жатқан бірде-бір құрылыс жоқ. Көше жиегіндегі цементтер мүжілген. Көгалдары қырқылмаған. Қараусыз қалған қала сияқты. Халықтың әлеуметтік жағдайы да төмен. Бұны көбі облыс орталығы Өскемен қаласына көшкендіктен дейді. Абай, Мұхтар мекен еткен, Алаш зиялыларының ордасы болғандығы үшін де көңіл бөлінуі тиіс қала ғой...». Осындағы әрбір сөйлемге қатысты кеңірек түсінік беруге мүмкіндігіміз бар. Десе де, көзге ұрып тұрған ой қайшылықтарына қысқаша тоқтала кетелік. Үш жүз мыңдай (нақтырағы 330 мың) тұрғыны бар қала тіршілігі қалай баяу болуы мүмкін? Олай болса, осыншама халық қол қусырып отырғаны ғой. 1,5 миллионнан астам тұрғыны бар мегаполис Алматымен салыстырғанда, әрине, мұнда халық сапырылыспайды, жайбарақат. Мұны қолдау тұрғыда айтып отырған шығар дейін десең, «Қаланың өзін бір көңілсіздік жайлаған. Жүріп жатқан бірде-бір құрылыс жоқ. Көше жиегіндегі цементтер мүжілген. Көгалдары қырқылмаған. Қараусыз қалған қала сияқты» деп қара аспанды төндіріп, «Халықтың әлеуметтік жағдайы төмен секілді» деп тон пішіпсің. Қым-қуыт тірлігі қайшыалысқан Алматыдан, «тірлігі баяу» қалаға келген адам, қайта, еркін тыныстап, бір серпіліп қалушы еді. Оған ұқсамайды. Кейбір тұста кездесіп қалатын қырқылмаған көгал мен мүжілген цементтерге шүйлігіпсің. Нақтырақ айтсақ, цемент мүжілмейді. Қатады немесе төгіледі. Сөз болып отырған нәрсе жол ернеуіндегі бетон бұйымдары. Қаланың ішін байланыстырып тұратын 240 шақырымдық жолдың жиекбетондарының кейбір жерінде кертік кездесетіні рас. Көшелерді абаттандырып тұрған 270 мың шаршы метр аумақтағы көгалдың да әлдебір тұстары мұрттанып кетуі бек мүмкін, сол сәтте. Ал, енді «Қала қараусыз қалған сияқты» деген пікірдің қандай қисынмен айтылғанын тіптен ұғына алмадық. Біріншіден, қала қараусыз қалса, оған 330 мыңнан астам адам қоныстана ма? Осы халықтың 60-70 мыңы соңғы жылдары көшіп келгендер екенін ескерсек, қала дамуының жемісі емес пе? «Халықтың әлеуметтік жағдайы да төмен» дейтіндей де негіз жоқ. Жұмыс орындары жыл сайын жүздеп ашылып жатыр. Семей шағын және орта кәсіпкерлікті өркендету тұрғысынан Алматы, Астана секілді ірі қалалардан кенже қалып отырған жоқ. Қала бюджетінің 50-55 пайызын осы шағын және орта кәсіпкерліктен түсетін салық құрайды. Бұл дегеніміз, еліміздегі жалпы ішкі өнімнің 60-70 пайызын шағын және орта кәсіпкерлік қызметі құрау керек деген мемлекеттік мақсаттың жүзеге асып жатқандығының дәлелі. Сондай-ақ, «Жүріп жатқан бірде-бір құрылыс жоқ» дегеніңе де келісе алмаймыз. Қаланың сіз тоқтаған аумағында құрылыс көзіңізге түспегенмен, «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасынан бөлек әлеуметтік нысандар да аз салынып жатқан жоқ. Бір ғана медицина саласы бойынша 2011-2013 жылдары 30 млрд. теңгенің емдеу мекемелері салынғаны бүкіл БАҚ-да жарияланған. Қазіргі уақытта құрылысы жүріп жатқан «Жедел жәрдем» мекемесінің 60 пайыз жұмысы артта қалды. Мұндағы ауруханалардың дамуы мен жабдықталу деңгейіне байланысты Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан Семей медициналық кластер орталығы болуға лайық деген баға беріліп отыр. Басқа құрылыстарға да бір соға кетпесек болмас. Нақты дерекке жүгінсек, былтырғы пайдалануға берілген Тұрғын-үй алаңының көлемі 112 мың шаршы метр. Биыл да осындай көрсеткіштен аспаса кем түспейтінін ескерсек, көпқабатты ғимараттардың қандай қарқынмен салынып жатқанын байқауға болады. Негізінен, бұл құрылыстардың басым бөлігі Энергетик ықшам ауданында. Дәл осы ықшам ауданда былтыр 9 қабатты 6 биік тұрғын үй пайдалануға беріліп, жаңадан жылу қазандығы бой көтерді. Одан ары көз салсаң, жаңадан сызылған Қарағайлы ықшам ауданы. Мұнда қазірдің өзінде 1200 орындық Назарбаев зияткерлік мектебінің (интернатымен бірге) кешенді құрылысының іргесі қалануда. Бұл маң бірер жылда әлеуметтік нысандар мен мамандарға арналған жатақхана, тұрғын үйлермен толығады. Әңгіме «Жүріп жатқан құрылыста» екенін біліп отырмыз. Сол сәтте назарға ілікпегенмен, қалада құрылыс барысы жыл сайын үстемеленіп келе жатқанына күмәнің болмасын. Соның бірі – өзің аялдаған Жаңа Семейдің Әуезов мөлтек ауданында Республикалық Бокс федерациясының Олимпиадалық резерв дайындау кешені салынып-ақ жатқан болатын... Құрылыс саласының жолға қойылғанының арқасында бұрын-соңды болмаған жағдай – бір мезетте 7 бірдей әріптесіңіз, яғни жергілікті БАҚ өкілдері пәтерлі болды. Сондықтан «Қала қараусыз, оған көңіл бөлінуі тиіс» деу өте асығыс айтылған сөз. Тіпті, ұшқарылыққа да ерік беріпсің. «Кез келген дәмханасына кіріп, тамақтануға дәтің шыдамайды» дегеніңді қалай жорысақ екен. Қаладағы шағын кәсіпкерліктің басым бөлігі қызмет көрсету орындары. Мейрамханалар мен дәмханалардың үлес салмағы да аз емес. Алайда, сенің бірде-бір қолайлы дәмхана таппағаныңа жол болсын! Басқасын былай қойғанда, өзің тұрақтаған Сол жағалаудың Әуезов даңғылында еліміздің дүлдүлдері мен бұлбұлдарын талай мәрте тазалығымен де, қазақылығымен де тамсандырған «Тайқазан» мейрамханасы тұр. Қаланың бүкіл аспаздығын аралап шыққандай «кез келген дәмханасына...» деп кесіп айтыпсың. Ең болмағанда «кейбірі» демейсің... Кез келген нәрсеге баға беру – кімге болсын үлкен жауапкершілік жүктейді. Осы жауап мақаланы жазудың қажет, қажет еместігі жөнінде де біраз ойландық. Жауап толыққанды болу үшін ой-түрткі болған жайдың бәріне тоқталу керектігін сезіндік. Семейдің басынан кешкен қилы кезеңдерінен мысқалдай мысал келтіргіміз келді. Сол себепті, тағы да біраз сөз сабақтауға тура келмек. Бағашар бауыр, Жүсіпбек Аймауытовтан: «...Семей бір губерния елдің миы. Ақыл-ойдың табысы Семейде. Семей бір губерния елдің тірегі. Семей бүлкілдесе, бір губерния ел бүлкілдейді...» деген үзінді келтіріп, «Қазір күллі Алаш даласы бүлкілдесе де, Семей бүлкілдемейтін сияқты» деп ой түйіпсің. Бұл ойың Семейді көпе-көрнеу жазғыру секілді әсер етті. Семей Жүсіпбектің заманында бір губерния елдің ресми орталығы – миы болды, Алаштың астанасы деп есептелді. Сондықтан Семей ол кезде бүлкілдей алатын, бүлкілдеді де. Ал, сен екеуміздің заманымыздағы Семейдің бүлкілдегенді қойып, күңкілдемейтін жағдайға жеткеніне тәубә делік. Өскемендегі ұлттық, Семейдегі әлеуметтік-экономикалық мәселелер Шығыс Қазақстанға Бердібек Мәшбекұлы басшы болып келгеннен бері оңынан шешіліп жатқаны баршаға белгілі. Аймауытов ақыл-ойдың табысына балаған Семей ел Тәуелсіздігін нығайтуда да парасаттылық танытып келеді. Кезінде облыстық бюджеттің 70-80 пайызын құрап, ет, тері, шұға-мауық, аяқ-киім секілді Одақты қамтамасыз еткен жеңілөнеркәсіп өндірістері ауылшаруашылық саласының құлдырауымен бірге күйреп, экономикалық әлеуеті едәуір әлсірегенде, Семей абыржымады. Аймақтарды оңтайландыруға байланысты облыстық дәрежеге де жата қап жабысқан жоқ. Түсіністік пен төзімділіктің үлгісін көрсетті. Сабыр түбі сары алтын, өткінші қиындықтар артта қалып, Семей қайта өрлеу кезеңін бастан кешіруде. «Алдымен экономика, содан соң саясат» деген Елбасы бастамасы бақуаттылықтың басы екенін бек түсінген семейліктер нарық талабының түбіріне үңілді. Бір қоғамнан екінші қоғамға ауысудың қаншалықты ауыр болғанын еліміздің басқа өңірлері секілді бастан кешірді. Осы ауыспалы кезеңді облыс орталығынсыз өткере отырып, өз дамуын қалыптастырды. Желкені құлаған кемедей кібіртіктеп қалған ірі кәсіпорындар іскер азаматтардың икемділігімен уақыт талабына бейімделе білді. Нәтижесінде, Семей – шағын және орта кәсіпкерлік қауырт қанаттанған қалаға айналды. Былтыр жаңадан іске қосылған Тұрғын-үй құрылыс комбинатының сыртында жергілікті кәсіпкерлер құрылыс материалдарының барлық түрлерін ықшам кәсіпорындарда өндіруді әлдеқашан меңгеріп үлгерген. Ол аз десеңіз, машина, трактор жасап шығарудың басын қайырып тастағандарына біраз жыл болды. Жүк және жолаушы тасымалына арналған автокөліктің 14 түрін шығаратын «СемАз» мекемесі былтырдан бері 40 тонналық «ШАШМАН» ауыр жүк көлігі мен «Урал» әскери автомашинасын жасап шығаруда. Осы кәсіпорын жанында «МТЗ-80» тракторынан бастап, ауылшаруашылық техникасының бірнеше түрі жасалатыны тағы бар. Астана қаласындағы қоғамдық көліктердің қомақты бөлігін Семейден шығатын «МАН» маркалы автобустар құрайды. Мұның бәрін айтып отырған себебім, жаңа аталған техникалар өндірісінің бұрын бұл қалада жұрнағы да болмаған. Семейдегі осы тектес тірліктердің түйіні қала аумағындағы өндіріске жаңа сипат әкелді. Бір жылдары 4-5 млрд. теңгеге дейін құлдырап кеткен қала бюджетінің бүйірін толтыруға үлес қосты. 2011 жылы 7 млрд. теңгенің маңайындағы жергілікті бюджет 2013 жылы 12 миллиард теңгенің үстіне шығып, биыл 14 миллиард теңгеден асыру көзделуде. Үстіміздегі жылы қаланы өз қаражатымен қамтамасыз ету мүмкіндігіне қол жеткізген Семей облыстық субвенциядан шығып, облыс бюджетіне 1 млрд. 300 млн. теңге аударатын деңгейге жетті. Бір жарым жылдай қоғамдық талқылаулар мен түрлі зерттеу жұмыстарынан өтіп, биыл ресми бекітілген қаланың Бас жоспарында Семейдің 2025 жылға дейінгі дамуы айқын көрсетілген. Сондықтан Бағашар бауыр, «Семей жатаған қала екен, әлеуметтік жағдайы төмен екен, бүгінгі хәлі көңілсіз екен» деген топшылауың да мүлдем орынсыз. Семей жатаған емес, сенің оған деген көзқарасың жатаған болуы мүмкін. Сондай көзқараспен қарағандықтан бар нәрсе жоқ, жақсы дүние нашар болып көрінуі заңдылық. Сенің жазған мақалаң бізге осылай ой түюге мәжбүрлеп отырғанын жасырғым келмейді. Орталық газеттің өкілі болғаныңмен, ойларың ортақол секілді ме деп қалдым. Олай дейтінім, жазып отырған сөздеріңнің мағынасына үңіле бермейтінің байқалады. Осы жолжазбаңның өзге де осал тұстары көзге ұрып тұр. Түйгеніміз түсінікті болу үшін мысалдар келтіре кетейін. Күшікбай бұлағына қатысты «Шығыстағы ағайынның тоқтамай өтпейтін жері» дегеніңе қарағанда, сен үшін басқа жұрт мұнда бас бұрмайтын сияқты. Сен айтқандай «Батырдың басында уақ батыры Күшікбай» деген қара тас қана емес, үш тағанды биік аппақ монумент орнатылған. Зулаған көліктің ішінен көзің шалған жайларды ойларға айландырыпсың. Назарың ылғи «Қуаң, елсіз, иесіз, малсыз, жұтаң, көңілсіз» алқаптарға түсіпті. Абай ауданының 300 мыңдай қойы мен 40 мың ірі-қарасының, 20 мыңдай жылқысының, Қасқабұлақ түйелерінің біраз бөлігі сол сәтте, сол атырапта жайылмағанына жергілікті адамдар қазір «өкініп» жүрген көрінеді. «Иесіз жер, иесіз дала, иесіз қорым» дегендерің де кейбір жанның жанына батып жүр. Қазіргі таңда жеріміздің көп бөлігі жекеменшік, қалғаны мемлекеттік. Сол иелікті жүргізу үшін халық санының аздығына қарамастан Мемлекет Абай ауданын ұстап отыр. Әсіресе, нарықтық экономикада иесіз дүние болмайтынын қаперде сақтаған жөн. «Ұры да болса иесі еді...» (ол не деген сөз?) деп, Есембай жырасын да «жетімсіретіп» қойыпсың. Құнанбай әулеті жатқан қорымға да көңілің толмай, «құлазытып, иесіз» болып қалыпты. Қорым құлазып тұрмағанда, құлпырып тұруы керек пе еді. Ол қорымның республикалық Абай қорық-мұражайына қарайтыны сауатты адамдарға мәлім нәрсе. Соған түгелдей иелік жасап отырмаса, өздеріңдей жолаушыларға ол ағайындардың қой сойып, қазан көтеріп несі бар. Ел болған соң, жұрт арасында жаңсақ айтылған, қалыс естілген сөздер болмай тұрмайды. Бірақ сол сөздердің бәрін топырлатып топтың алдына шығара беру жөн емес. Әр сөздің шығу тарихы мен кейінгі мазмұнында арада өткен уақытқа байланыс­ты алшақтықтар пайда болатыны ескерілуі керек. Қонысқа қолайлы жазыққа қызыққанымен Ералы ол жерді «Менің де атым тарихта қалсын» деп сұрап алғаны қалай? Ер есімінің тарихта қалуына жердің қаншалықты қатысы бар? О заманда да, бұл заманда да «менің де атым тарихта қалсын» деп жар салған адамды естімеппін. Сонымен бірге, ғылыми айналымға түспеген «Ісің адал болса Өскенбайға бар, арам болса Ералыға бар» немесе Кеңгірбайдың «Тоғыз ата толғанша түңлігіңді ешкім ашпасын» деп теріс бата беріпті (аңыз болса да) деген сөздердің қандай мақсатпен қолданылып отырғаны жұмбақ. Қазақта «өтіріктің өзіне сенбесең де, қисынына сен» деген нақыл бар. Бұл жерде келіңкірейтін қисын да аңғарылмайды. Қисынсыз мысалдың бірі – Абайға келіндері жүгіріп келіп: «Сізден өтіп, аталарыңызды боқтап жатыр» дегені. Ол кездегі әйел затының, оның ішіндегі Абай айналасындағы келіндердің тілі жұтаң, мінезі дөрекі болмаған. Қандай қысылтаяң сәтте де тіл мәдениетінен жаңылмаған. Тіпті, солай болғанның өзінде «боқтап» демей, «тілдеп, қаралап, балағаттап» деген сөздің бірін қолданар еді. Хакімнің кемеңгерлігін сипаттағысы келген адамға басқа мысал аз ба еді?.. Осы мақаладағы «Абай жасы ұлғайған кезде кеңіпті» деген мысал да оңып тұрған жоқ. «Кеңіген кезі шығар...» деп топшылайтындай оның тарылған кезі қайсы? «Шыңғыстауға қарайтын терезесін жақсы көрген екен»... біртүрлі таныстыру... Иә, Бағашар бауыр, сөзді сөз, ойды ой қозғайды. Сенің Жидебай сапарынан түйгендерің біздің түйсікті түртпектей бергендіктен осы дүниені жазуға тура келді. Жалпылай алғанда, Семей өңіріне, Абай топырағына деген құрмет тұрғысынан жазуға тырысқаныңды жоққа шығармаймын. Алайда, «Адамның мықты тұсы – осал тұсы» деген түсінік бар. Сен де ыстық ықыласыңды риясыз жеткізем деп ой қайшылықтарына, пікір кереғарлығына ұрынып қалыпсың. Шерхан аға Мұртаза айтқандай, бұл да «Бір кем дүние» болғаны ғой...

Қайрат Зекенұлы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. Семей қаласы.