Елбасы Бауыржан Әбдішевті қызметінен неге босатқанын түсіндірді

Қазақстанның индустриялды жүрегі Қарағандыда болып жатқан былық-шылықтар Елбасының ашуын туғызды. Облыстың бұрынғы басшысы Бауыржан Әбдішев кәсіпкерлермен бірлесіп әрекет етудің орнына оларға қысым жасаған. Бұл туралы BNews.kz тілшісі хабарлады.

«Қарағанды облысында индустрияландыру картасына енген жобалардың тұралап қалуына бұрынғы әкім себепкер болған»,- деді Нұрсұлтан Назарбаев Қарағанды облысына жасаған жұмыс сапары барысында. ҚР Президенті аймақта іске аспай қалған жобалардың барлығына жеке тоқталды. «Атышулы «КазАвиоаСпектр», Пархоменко атындағы зауыт пен гофр бөлшектер зауыттарын іске қосуға миллиондар жұмсалды. Нәтиже жоқ. «КазАвиаСпектр» зауытына мені шақырып, бір рет ұшақтың ұшқанын көрсеттіңдер, шығарылған ұшақтар қайда!», -деді Мемлекет басшысы. 2011 жылы мемлекеттің қолдауымен ашылған «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағының жұмысы осы уақытқа дейін жолға қойылмаған. Облыс әкімдігі «Сарыарқа» АЭА 150 млрд теңге инвестиция тартып, жылына 800 млн теңгенің өнімін өндіруге уәде берген болатын. «Ал, сендер маған 53 компанияның орнына тек екі кәсіпорынды ғана көрсетіп отырсыңдар. Біреуі «Изоплюс Центральная Азия», екіншісі «Бемер Арматура». АЭА даласы бос жатыр»,-деді Елбасы. 2011 жылы «Сарыарқа» АЭА қадағалайтын «КарагандаИнвест» атты басқарушы компания құрылған болатын. Үш жыл бұрын облыс басшылығы осы компанияның 49 пайыз акциясын «Тотал квалити сервис» атты күмәнді компанияға аударады. «КарагандаИнвест» компаниясының басшылары мен «Тотал квалити сервис» арасында сөз байласу болған. ҰҚК мәліметі бойынша «КарагандаИнвест» басшысы Ален Искаков сіздерден 13 млн-ға алған ғимаратты 40 млнға сатыпты. Бар атқарылған жұмыс осы! Енді «КарагандаИнвест» облыс әкімдігіне сол 49 пайыз акцияны қайта сатып алу туралы мәселе қойып отыр. Егер, осы келісім жүзеге асса, мемлекетке 26 млн теңге шығын келмек»,-деп толықтырды Президент. «Сарыарқа» АЭА аясындағы былық-шылық осымен аяқталмайды. Елбасы жергілікті биліктің инвестор тарту ісіне салғырттық танытқанын атап өтті. Экономикалық аймаққа қосылуға тілек білдірген кәсіпкерлердің құжаттарын рәсімдеу, жер беру ісінде қолдан кедергілер ұйымдастырылған. Мәселен, «Антарес Платинум» атты компания облыста жел-электр станциясын салу үшін 150 млн доллар инвестиция салуға тілек білдірген. Алайда, бизнесмен қолдау таппай, кәсібін басқа облыста гүлдендіруде. Мемлекет басшысының айтуынша, «Сарыарқа» АЭА басшылығы 13 фирма құрып, кейін олардың құжаттарын инвесторларға сатып жіберген. Жұмыс жасағысы келген кәсіпкерлерді жолатпай, мемлекет ақшасын өздерінің сенімді адамдарына үлестірген. «Осының барлығы бұрынғы облыс басшылығының ықпалымен жүзеге асқан!», - деді Нұрсұлтан Назарбаев. Аталған мәселелер туралы Елбасыға қарағандылық бір топ кәсіпкер хабарлайды. Биылғы жылдың көктемінде бизнесмендер Президентке облыс әкімінің жер мәселесіне қатысты заңсыз әрекеттері туралы шағымданған болатын. Мемлекет басшысының қадағалауымен арнайы комиссия бірталай заңсыздықтың бетін ашты. Мәселен, әкімдік заңды белшесінен басып, «ТЛК Караганда» атты жалған фирманың пайдасына Қарағанды қаласынан 49 гектар болатын 7 жер телімін бөліп берген. Ал, тұрғын үй құрылысына арналған 11 жер телімін иеленген «КЗ групп» фирмасы осы жердің әр 100 сотығын 25 мың доллардан сатқан. Әкімдік Жаңа қаланы жоспарлау барысында да шағын және орта бизнес өкілдерінің жерлерін тартып алу үшін құйтырқы амалдар ойлап тапқан. «Қаржы полициясы! Істі аяғына дейін жеткізіп, барлығын анықтаңдар. Осы үшін бұрынғы әкімді қызметінен босаттым. Мұндай бассыздық болып жатқанда, ол қалай ел басқарып отырады! Мен бизнесті дамыту үшін барлық жағдай жасап отырмын. Сіздер кедергі жасайсыздар. Мемлекет жүргізіп отырған саясатқа қарсы жұмыс жасап отырсыздар. Жаңа әкімге тәртіпті ретке келтіруді тапсырамын!», -деді Елбасы. Қазіргі таңда аталған мәселені тексеру нәтижесінде 10 материал қаржы полициясына жөнелтілді. Естеріңізге сала кетейік, Қарағанды облысының экс-әкімі Бауыржан Әбдішев ағымдағы жылдың маусым айында өз еркімен орнын босатқан болатын.

Ләззат ҚОЖАХМЕТОВА
www.bnews.kz