Шаршы тақтадағы шах

Асан али Әйгілі актер Асанәлі Әшімовтің кеңсесіне жолыңыз түссе, кішігірім мұражайға тап болғандай әсерленеріңіз анық. Қабырғадағы фотосуреттермен қатар айқыш-ұйқыш ілінген қылыш, көз жауын алған төсбелгілер, самсаған оттық түрлері қожайынның сан қырлы әуескерлігін аңдататындай. Театр сахнасы мен экранда қылыш ұстаған сәттері жиі болса да, бұл қару түрін арнайы жинамағанын айтады. – Осыны жасаудың өзі керемет шебер­лікті қажет етеді ғой. Қызықтыратыны рас. Әйткенмен, әдейілеп жияйын демеппін. «Тентек шоқпар жинайдының» кері емес. Әуелгіде туған күн, оны-мұны мейрамдарда, мерейтойлық шараларда сыйға тартып жататын. Сөйтіп топтала бастапты. Бұлардың арасындағы ең қымбаты – Елбасы берген қылыш... Иә, нәзік талғампаздықпен орындалған зат екені анадайдан-ақ байқалады. Күміс­пен күптеп, алтынмен аптаған дегендей, көп бұйымның арасынан айрықша жарқырай көрінеді. Төсбелгілер студент шақтан басталған түрлі фестивальдердің естелігі секілді. Бұлар да жастық шақтан бергі алуан кезеңнің айғағы ретінде қымбат. – Темекі тұтатын оттық жинау – о тұста ерекше әуестік саналатын еді. Екінің бірі айналыса бермейтін. Оңайлықпен ілікпейді. Шетелдерге жол түскенде әкелетінбіз. Немесе сыртқа шыққан жолдастарға қолқа салып алдырып жатамыз. Қазір енді, көбейді ғой бәрі. Неше қилысы бар. Біртүрлі, қызығы басылып қалған сияқтанады. Сонда да тастауға қимаймын. Бірақ осыны шетінен сыйлайтыным да бар. Негізі, сыйлық алғанды ұнатам. Бергенді де жек көрмеймін... Оттықтарын иесіне көрсетпей алып кететіндер де кездесетін сияқты. – Ондайда ренжисің, әрине, аздап. Әйткенмен, мұнсыз да болмайды. Бізден бір нәрсе алып кеткісі келеді. О да дұрыс. Ескерткішке бересің. Жинайтындарға ұсынасың. Жақсы нәрсе бұ да. От сыйлау ғой... Елеңдеткен жәйт – Асекең де бала жасында суретшілікке талаптанған екен. Мектепте ұзақ уақыт қабырға газеттерін шығарған. Күні-түні қағаз шимайлап, табиғат көріністерін, адам мен жан-жануарлар бейнесін кескіндеген. Бірақ қылқалам шебері болу туралы асау арманы жібек жалынан ұстатпай кеткендей. Дегенмен, қол машығы сақталыпты. Көбінесе достық әзілге бейім. – Өз-өзімді әжуалап, бірқатар автошарж да салдым. Әр тұста Серке Қожамқұлов, Шәкен Айманов, Ыдырыс Ноғайбаев сынды ағаларым мен Әнуар Молдабеков, Ақселеу Сейдімбеков, Шота Уәлиханов секілді кейбір қатарлас­тарымды бейнеледім. Кезінде ол суреттерді газеттерге де бергенмін. Біразы бестомдық кітабыма да шықты. Әлі күнге дейін ұнатқан адамдарымның түр-сипатын долбарлап отырам... Киноэкранда небір шабандоз кейіп­керлерді ойнаған Асанәлі Әшімовтің тақымына тисе, атпен біте-қайнасып кеткендей, ылғи жарқылдап, ойқастап шыға келетінін өнер сыншыларының сүйсіне жазғаны есімізде. – Жасымнан атқұмармын. Қазір де жылқы ұстар едім, бірақ оған мүмкіндік жоқ қой. Ат дегенің – ер жігіттің қанаты. Үйде ит ұстаймын. Алабай. О да жеті қазынаның бірі. Дер шағында өз балаларының тәрбие­сімен лайықты айналыса алмағанына өкінетін Асекең қазір немерелеріммен ойнауды ұнатамын дейді. Бұл да – ермек. Зайыбы екеуі гүл егеді екен. – Үйде гүлдің түр-түрі бар. Жыл мезгілінің ішінде көктемді жақсы көремін. Шіркін, баяғы Алматы қандай еді! Алма мен сирень иісі алып тұрмаушы ма еді қаланы. Кейін экология бұзылғандықтан ба, бәрінің де кетеуі кетті ғой. Алғаш Алматыға келгенде, Алатауды көргенде аузым ашыла таңырқағаным есімде. Тұңғыш рет Әуезовті кездестіргенде есіміз шықты. Жалпы, актер адамға алдымен қатты таңырқаушылық қасиет керек-ау... Айнала қоршаған ортаға, қоғамдағы түрлі құбылыстарға, өмірдегі қайғы-мұң, қуаныш-ренішке тамсана жүріп, «Менің жанрым – күнделік» деп толғана жүріп, талай кітап жазған Асекеңнің жазушылығы да ерекше бір құмарлық секілденеді. Алайда актердің өз айтуынша, күнделікті сүйетін ермегі – бильярд пен шахмат. – Әсіресе шахматқа құмартып, көп ойнаймын. Жақсы қарсылас кездессе ерінбей ұзақ отырамын. Кейде ойын үстінде қатты арқаланып, өзімді жарты патшадай сезінетінім де жоқ емес... Актерлік ұзақ ғұмырда көбіне басты рольдерді сомдаған сахна серкесінің үнемі алдыңғы лектен көрінуге құлшынатынын аңғарамыз. Оның шахмат тақтасында ғана емес, өмір айдынының өзінде құлжа сақадай кесек көрінетіні сондықтан ба екен? Құлтөлеу МҰҚАШ