Дінімізге бірегей бағыт қажет

kuran1 Жер жүзіндегі жүздеген ұлттар мен ұлыстардың діни ұстанымы әрқилы екені әлімсақтан аян. Ислам, христиан, будда... деген сияқты сан салаға бөлініп кете береді. Бірақ, айналып келгенде бәрі де бір Құдайға құлшылық ететіні де рас. Осы кең тараған негізгі діндердің дені адамзатқа ортақ, жалпыға бірдей жайлы, қоғамға аса қажет ережелер мен заңдылықтарды уағыздайды. Өтірік айтпау, біреудің еңбегін қанамау, алдамау, қиянат жасамау, бір сөзбен айтсақ, ешкімнің ала жібін аттамауды алға тартады. Одан шығатын қорытынды - қай дінде болсақ та бәріміз Құдайдың құлымыз, жұмыр басты пендеміз, жаратқан иеміздің ақ жолымен жүруге міндеттіміз... Алайда, пенденің пешенесіне о бастан жазылғандықтан ба, әлде кейін келе қара күйедей жабысты ма, біреудің есебінен, қарапайым қарақұрым қараның арқасында күн көру сияқты арам пиғыл мен қара ниет құр соңымыздан өкшелеп қалмай келеді. Соның жолында небір қылмыстар күнделікті орын алып жатыр. Бұл ойымыз жекелеген адамдарға да, тұтастай мемелекеттерге, әсіресе, билік басындағылар мен түрлі топтар құрып, соңына ерген қатардағы қарапайым адамдардың тағдыр тізгінін қолдарына ұстағандарға тікелей қатысы бар. Өзгелерге өктемдігін жүргізсем деген пасық пиғыл адамзатты ғасырлар бойы арандатып келеді. Қаншама қан төгілді, өлшеусіз өмір қиылды, әлі де солай болып келеді. Ең өкініштісі соңғы кездер сорақы саясаттағы арамза айлаларын іске асыруға дінді қолшақпар етіп, тіпті басты қару етіп отырғаны жанға батады. Ислам дінінің басқаларға қарағанда шоқтығы биік, жоғары деңгейде тұрғанын қазір адамзаттың белгілі бір бөлігі мойындап та үлгерді. Тіпті, өзге сенімдегілер біздің дінімізді қабылдап, мұсылмандар қатарын көбейтіп жатқандары да аз емес. Бір өкініштісі, қай жағынан алып қарасақ та тазалық пен пәктікке, адами асыл құндылықтардың салтанат құруына негізделген сара жолды нұсқайтын дініміздің өзін кейбіреулер саяси құралға айналдырып алды. Сөйтіп дінімізге деген сенімді селдіретуде. Онсыз да кеңестік дәуірдегі санамызға сынаша қағылған атеизм атты қолдан құрастырылған ілімнің әсерінен айыға алмай, енді ғана өзіміздің дәстүрлі дінімізге бет бұрғанымызда жаңа бір саяси қулықтардың қақпанына тап болған жайымыз бар. Дінді жеке мүдделеріне сай пайдаланған арандатушылардың жетегінде жүргендеріміз де жетерлік. Бұған бізге жат діни уағыздар жүргізушілер, шетелдік арандатушы бағыттағы діни топтарға қосылып, әскери қақтығыстарға көлденеңнен барып кіріп кеткендер сияқты мыңдаған мысалдар келтіруге болады. Алдында айтқанымыздай, атеизмге арбалған заманда қазақ жерінде мешіттердің түгелге жуығы жермен-жексен етіліп қиратылса, солтүстік көршілеріміз өз шіркеулерін сақтап қалғанына куә болдық. Тарихи ескерткіш ретінде оларды керісінше көріктендіріп, әрлеп, әспеттей білді. Жоқ, ол үшін орыс халқын діні мен ділін қорғап қалды деп кінәлудан аулақпыз, керісінше дәп осы тұста солардан үлгі алу керек еді. Ресейді былай қойғанда қазақ жерін мекен еткен христиандар өз дінін берік ұстанды. Естеріңізде болса, күні кешеге дейін астанамыз болған Алматы қаласында кезінде қазақтардың жалғыз мешіті сақталса, орыстардың бес-алты шіркеуі тұрақты жұмыс істегені белгілі. Қазақтар қызыл коммунизмнің қаһарынан қорқып, шал-кемпірлеріне дейін мешітке үрке қараса, орыстардың сүйретіліп жүрген өлмелілерінің өзі шіркеуіне барып шоқынуын ұмытқан жоқ. Бұл өзіміз куә болған, көзіміз көрген шындық. Рас, тап сол кезде христиан дінінде де ішінара іріткі бар екенін байқап қалатынбыз. Сектанттар, баптистер, субботниктер деген сияқты қоғамға жат, құлаққа түрпідей тиетін сөздерді солардан алғаш естігенбіз. Енді, міне, сол іштей іруді өз басымыздан кешіп жатырмыз. Бүгінгі күні бір ислам дініне ден қойғандардың өзі түрлі топтарға бөлініп, тарамданып кетті. Осы саланы зерттеушілердің айтуынша біздің дініміздің өзінде тоқсанға жуық ірілі-уақты әртүрлі бағыттағы ағымдар бар екен. Қандас, түбі бір атадан тараған, бір қасиетті дінді ұстанған мұсылмандардың қазіргі қимылы мен іс-әрекеті «бөлінгенді бөрі жейді» дегенді еріксіз еске түсіреді. Бүгінгі «бөрілер» өздері таламайды, бір елдің, бір ұлттың адамдарын бірі-біріне айтақтап салып, өзара өштестіріп, жазықсыз жандардың қанын судай ағызуда. Бұл саяси ойындарында дінді кеңінен пайдаланып келеді. Айрандай ұйып отырған араб елдеріндегі, таяу шығыстағы өзге де мемлекеттерде орын алып жатқан саяси-әлеуметтік дағдарыс осыған нақты дәлел бола алады. Мұнай, газ сияқты табиғи қазба байлықтары арқылы өз халқының әлеуметтік өмірін жақсартқан дәулетті елдерге көз алартқан Америка іспетті алпауыт мемлекеттер арандатуды іске асырып, кейбір опозициялық топтарды тікелей қаржыландыру арқылы саяси жат көзқарастар қалыптастырып, бір ұлт адамдарын бір-біріне бітіспес жау етіп қойды. Құйтырқы саясатымен қаншама қуатты мемлекеттердің іргесін шайқап, әлсіретті, бізге де мықтап ойлану қажет. Еліміздегі ресми деректерге қарағанда қазір діни ұғымнан туындаған, лаңкестік ұйымдардың ықпалында қалып түрлі қылмыс жасаған 600-ге жуық өз азаматтарымыз қамауда отырған көрінеді. Бұл сот арқылы нақты айып тағылған адамдар саны. Ал, қылмысымен ұсталмаған, жат ұйымдардың жетегінде жүргендердің санын ешкім дөп басып айтып бере алмасы анық. Түрлі діни жат ағымдардың жетегіне еру сонау кеңестік кезең келмеске кеткен кезде басталған болатын. Қатаң құрсаудан босап, еркіндікке енді жетіп, бостандықтан басы айналған адамдардың санасын улау шетелдік саясаткерлерге ешқандай қиындық тудырмағаны да белгілі. Демократия деген желеумен сол бір өлара тұста түрлі идеологиялық ағымдар арамызға еніп кетті. Тіпті шеттен келген миссионерлер әлеуметтік жағынан әлсіз қорғалған адамдарымызды ақшамен арбап, өзге дінге енгізіп жібергені де жасырын емес. Шетелдерге еліктеп, Батыстың «табыстарына» таңқалып жүргенде біз өз ұлттық құндылықтарымызды қалай жоғалтып жатқанымызды байқамайтындай күйге жеткен сияқтымыз. «Батыстікінің бәрі дұрыс» деген жаңсақ пікір жанымыз бен санамызды баурап алып, өзіміздің көптеген ғасырлармен есептелетін ерлікке толы тарихы бар ұлы ұлт екенімізді ұмытқандаймыз. Теледидарымыздағы шетелдің атыс-шабысқа толы сериалдары мен мән-мағынасыз мультфильмдері жас ұрпаққа ұлағаттан жұрдай, тәлімсіз тәрбие беріп жатқанын де елемейтін болдық. Бір ғажабы бізге ұсынған аталмыш кино өнімдерінің басым бөлігін олар өз арналарынан баяғыда алып тастаған екен. Демек, біздің санамызды улау үшін арнайы жасалып жатқан идеологиялық шаралардың бір түрі деп бағалауға болады. Молланың рөлінде жүрген Батыстың барлық «уағызын» орындай берсек, бір күні жарға жығылатынымыз анық. Батыстың кез келген мемлекеті өз жерінде діни ағымдардың бассыз кетуіне, бүлік жасауына жол берген емес, бірден күшпен басып тастап отырады. Яғни, олар бізге үйреткендей емес, өз қоғамында дінді, оның ішінде, түрлі ағымдардың әрбір әрекетін қатаң қадағалауда ұстайды деген сөз. Екіншіден, Батыс пен Шығыстың арасында жер мен көктей айырмашылық бар, біздің салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымыз оларға мүлдем сай келмейді, көптеген жағдайларда кереғар емес пе еді. Олай болса, өзіміздің ұлттық менталитетімізді неге ескерусіз қалдырдық? Материалдық байлыққа басымызбен кіріп кеткеніміз соншалық, ата-бабаларымыздан мұра болып келе жатқан асыл рухани құндылықтарымызға құлықсыз қарайтын болдық. Бұл жақсылықтың нышаны емес, ұлт ретінде түпкілікті тоқыраудың белгісі. Тамырынан нәр алмаған өсімдіктің өлетіні сияқты тарихымыздың тереңінен сап алтындай тазарып, сараланып жеткен, ғасырлар бойы сусындатқан рухани мөлдір бұлағымыздан ажырасақ өсу емес, өшуге бет алғанымыз болып табылары хақ. Біздің еліміз әртүрлі дін өкілдері басшыларының басын қосып, халықаралық деңгейдегі үлкен жиындар өткізуді үрдіске айналдырды. Онда ұлтаралық татулық, дінаралық түсінушілік туралы тартымды әңгімелер қозғалатыны да рас. Оған қоса, Ислам дінін уағыздайтын ұйымдарға қатысып, өз бағыт-бағдарымызды білдіріп те жүрміз. Бірақ, осы ордалы отырыстарда лаңкестік топтарға лағнет айтудан әрі аса алмайды. Арандатушылардың тамырына балта шауып, түпкілікті құртудың тиімді жолын ұсынып, нақты іс-шараларды іске асыру әлемдік деңгейде де тым әлсіз жүргізілуде. Бәлкім, кейбір мемлекеттегілер сырттан жасалатын қысым мен іштегі топтардың қоқан-лоққысы мен қарулы күштерінен қаймығып, батыл қадамға бара алмай отырған болар. Олай болса, жат ұғымдармен күресті өзімізден бастап, қасиетті Құранда көрсетілгендей Аллаһтың ақ жолымен жүрудің үлгісін неге көрсетпеске? Әрине ол оңай жұмыс емес. Әр жерде бас көтерген лаңкестерді қойша бауыздап, қырып жібергенмен іс бітпесі анық. Сондықтан, бүгінгі ғана емес, ертеңгі күнді басты бағытқа ала отырып, ұзақ мерзімді, кешенді жоба жасап, ыждаһатты түрде іске асыру қажет. Ол үшін қазағымның «баланы жастан» деген нақыл сөзін еске алмасқа болмайды. Қандай да қауқарлы мемлекеттің, жалпы адамзаттың болашағы – жастар. Алдымен, сол жастарымызға тәлімді тәрбие беруді даңғыл жолға қойғанымыз дұрыс. Ол бір күнде, бір жылда бітіре қоятын жұмыс емес, айтарлықтай уақыт керек. Бірақ, кейін өз жемісін берері анық. Еліміздегі діни сауаттылығымызды арттырып, әсіресе, жастар арасындағы тәрбиені тез арада қолға алғанымыз жөн. Өйткені, қазіргі кейбір діни ағымдар жүргізіп отырған уағыздар жастарды былай қойғанда алпыстан асқандарды да адастырып жібереді. Өкінішке орай, бізде бұл бағыттағы жұмыс екі аяғынан бірдей ақсап жатқанын мойындауымыз керек. Мысалы, Германияда ислам дінін танып білу үшін арнайы оқу жоспарын мектеп бағдарламасына енгізген екен. Ал, мұсылман мемлекеті бола тұра, біз тым болмаса солардың деңгейіне жете алмай отырмыз. Қайдағы бір жыныстық қатынастар туралы сауаттылықты оқу бағдарламасына енгізіп, екі езуіміз екі құлағымызға жетіп жүр. Біз баршаға уағыз айтып, жол сілтеуден аулақпыз. Мәселе қасиетті Ислам дінін дұрыс түсінетіндей діни сауаттылығымызды арттыру қажеттілігі жайында болып отыр. Осыдан бірнеше жыл бұрын телеарналарымыздың бірінде дін тақырыбында медресе ұстазымен тікелей хабар жүргізілгені бар. Осы мүмкіндікті пайдаланып, «Бізде неге діни сауаттылығымызды арттыру сабақтары мектеп бағдарламасына енгізілмейді?» деп сұрақ қойған болатынбыз. Дін өкілі бізде арнайы мамандардың жетіспеушілігін алға тартты. Бірақ бұл жауап ешкімді иландырмағаны анық. Елімізде медреселер мен шетелден оқып келген жастар жетерлік. Қазір мешіттеріміздегі имандарымыз бен оның көмекшілерінің басым бөлігінің арнаулы білімі бар. Соларды неге пайдаланбасқа? Әрине, бұл жерде де аса сақтық қажет. Сол сабақ беретін дін өкілінің қай ағымда жүргенін анықтап барып, сенім арту керек. Әйтпесе артық қыламыз деп тыртық қылуымыз ғажап емес. Ол үшін ислам дінінің негізгі бағытын бағамдап алып, тарихынан сабақ бергеніміз дұрыс болар еді. Кейін пайда болған қосалқы ағымдардың адамзатқа тигізер қасіретіне жастарымыздың көзін жеткізу, жат көзқарастардан аулақ болуды басты мақсат етіп ұстануымыз керек. Тарамданып кеткен діни бағыттарды таразылап, ақ-қарасын ажырататын оқулыққа мұқтажбыз. Егер ондай басылым шығып жатса, жастарға ғана емес ересектерге де ұсынуға болар еді. Себебі, шынын айтсақ діни сауаттылық жағынан ешқайсымыз оза шауып тұрған жоқпыз. Жат пиғыл мен секемді сенімдерді себушілердің «аңқау елге арамза молла» болып жүргені де сондықтан емес пе? Ашығын айтсақ, алдында атаған шараларға елімізде қаржы жетіп артылады. Жемқорлардың жемсауында да миллиардтаған қаржы кетіп жатқан жоқ па? Шынтуайтына келгенде бізде соған деген құлық жоқ. Өйткені біз әлі де коммунизм қалыптастырған атеистік арбаудан арылып болған жоқпыз. Ол бір. Екіншіден, ислам дінінің таза күйінде халқымыздың рухани тірегіне айналуын шетелдік саясаткерлер ғана емес, өз ішіміздегі кейбіреулер де қаламайды. «Кейбіреулердің» қатарында қоғамға зор ықпал етіп отырғандар да жетерлік. Ақ, адал жолмен жүру олардың жемқорлыққа деген жымысқы әрекеттеріне қашанда қарама-қайшы келеді. Жұрт алдында жарапазан айтқанмен, олардың көкейлерін мүлдем басқа ой жайлаған... Діннің белгілі бір дәрежеде идеологиялық рөл атқаратыны да рас. Мәселе қоғамға, оның барша мүшесіне қажет бағалы жақтарын түрлі жат ағымдардан тазартып, іріктеп қолдануда болып отыр. Оны беймәлім кеңістіктен іздеудің қажеті жоқ, бәрі де бағзы заманнан бес саусағымыздай белгілі жәйт. Сол қалыптасқан құндылықтарды сақтап, шеттен және іштен іріткі тудырып, ортақ рухани байлығымыздың тоз-тозын шығарушыларға тосқауыл қоя білу бүгінгі күннің басты міндеті. Оның жолдары мен жөн-жосығы ауызекі айтылып, баспасөз бетінде аракідік жазылып та жүр. Ең бастысы, таза ниет пен құлық керек, бізге жетіспей жатқаны сол емес пе?.. Зейнолла ҚАБИОЛЛАҰЛЫ