Қазақстандағы жаңа кадрлық тағайындаулар

Осы аптада Алматы облысына жұмыс сапарын жасаған Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өңірдің бірінші басшысын ауыстырды. Бұдан бөлек, жинақы Үкімет құрылғаннан кейін қысқартуға ұшырап, ықшамдалып қайта құрылған министрліктер жанындағы комитеттердің басшыларының есімдері белгілі болды.

Сондай-ақ жергілікті атқарушы органдарда да бірқатар кадрлық ауыс-түйіс орын алды. ҚазАқпарат осы апта ішінде орын алған кадрлық тағайындауларға шолу жасайды.

Сонымен ҚР Президентінің Жарлығымен Алматы облысының әкімі қызметіне Амандық Баталов тағайындалды. Ол Жамбыл гидромелиоративті құрылыс институтын тәмамдаған. Қазақ КСР Президенті Аппаратының құрылыс, құрылыс материалдарының өнеркәсібі бөлімінің референті, «Құрылыс индустриясы және технология» концернінің вице-президенті, Алматы қаласы Калинин ауданы әкімшілігі басшысының орынбасары, бірінші орынбасары, Ленин аудандық әкімшілігінің басшысы, Алматы қаласы Жетісу ауданының әкімі, Алматы облысы әкімінің орынбасары болған. Жаңа қызметке тағайындалғанға дейін Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары қызметін атқарған.

Ал Алматы облысы әкімі Амандық Баталов бұған дейін өзі атқарған қызметке Махаббат Бигелдиевті тағайындады. М.Бигелдиев 1961 жылы дүниеге келген. Алматы сәулет-құрылыс институтын бітірген. Экономика ғылымының докторы. Ол Алматы облысы Жамбыл, Қарасай аудандары әкімдерінің орынбасары, облыстық сәулет-құрылыс бақылау басқармасының бастығы, Жамбыл ауданының, Талдықорған қаласының әкімі, Алматы әкімінің орынбасары, Панфилов ауданының әкімі болған.

ҚР Инвестициялар және даму министрі  Әсет Исекешевтің бұйрығымен осы аптада бірқатар комитет төрағалары тағайындалды. Атап айтқанда, Аэроғарыш комитетін  Талғат Мұсабаев, Автомобиль комитетін Мереке Пішембаев, Байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитетін Сәкен Сәрсенов, Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетін Аманияз Ержанов, Геология және жер қойнауын пайдалану комитетін Базарбай Нұрабаев, Техникалық реттеу және метрология комитетін Біржан Қанешев, Көлік комитетін Әсет Асаубаев, Азаматтық авиация комитетін Бекен Сейдахметов, Инвестиция комитетін Ерлан Хаиров басқаратын болып бекіді.

ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова да осы аптада ведомствоға қарасты комитеттердің ұжымдарына жаңа төрағаларын таныстырды. Сонымен Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетін Ақмәди Сарбасов, Медициналық және фармацевтік қызметті бақылау комитетін Назарбек Бейсен, Медициналық қызметтерге ақы төлеу комитетін  Алмас Құрманов басқаратын болды.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың Өкімімен бірінші вице-министр қызметіне Салидат Қайырбекова, жауапты хатшы қызметіне Аида Құрманғалиева, ал вице-министрлер болып Дәулет Арғандықов, Светлана Жақыпова, Серікбол Мусинов тағайындалған болатын.

Мемлекеттік басқару жүйесін реформалаудың нәтижесінде ҚР Ұлттық экономика министрлігінің құрамына бес комитет кірді және олардың жаңа басшылары тағайындалды. Мәселен, ҚР Ұлттық экономика министрлігі Құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері және жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы лауазымына бұдан бұрын Өңірлік даму министрінің орынбасары қызметін атқарған Қосман Айтмұхаметов, Статистика комитетінің төрағасы лауазымына бұдан бұрын Статистика агенттігінің төрағасы қызметін атқарған Әлихан Смайылов, Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің төрағасы лауазымын бұдан бұрын Өңірлік даму министрінің орынбасары қызметін атқарған Серік Жұманғарин тағайындалды. Ал Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы лауазымына бұдан бұрын Бәсекелестікті қорғау агенттігі төрағасының орынбасары қызметін атқарған Әлиақпар Матишев, Мемлекеттік материалдық резервтер комитетінің төрағасы лауазымына бұдан бұрын ҚР ТЖМ мемлекеттік материалдық резерв комитетінің төрағасы қызметін атқарған Асқар Сәду кірісті.

ҚР Қаржы министрінің бұйрығымен Дәулет Ерғожин аталған ведомствоның Мемлекеттік кіріс комитеті төрағасы болып тағайындалды. Дәулет Еділұлы Ерғожин 1979 жылы 26 сәуірде Алматы қаласында туған. Қазақ мемлекеттік басқару академиясын, Экономика және құқық университетін бітірген. ҚР Премьер-Министрі орынбасарының кеңесшісі - ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі, ҚР Қаржы министрлігінің Салық комитеті мамандандырылған бөлімінің бастығы,  ҚР Қаржы вице-министрі қызметтерін атқарған. Ал 2008 жылдан бері жаңа қызметке тағайындалғанға дейін  ҚР Қаржы министрлігі Салық комитетінің төрағасы болып қызмет істеген болатын.

Қарағанда облысы әкімі Нұрмұхамбет Әбдібековтің өкімімен облыстық құрылыс басқармасы басшысының міндетін атқарушы қызметіне Темірғали Нұғманұлы Дүйсенбаев тағайындалды. Т.Дүйсенбаев 1953 жылы туған. 1976 жылы Қарағанды политехникалық институтын тәмамдаған, біліктілігі бойынша инженер-құрылысшы. 20 жылдан астам «Қарағандыөнеркәсіпқұрылыс» және «Қазметаллургқұрылыс» трестерінде басшылық қызметтерде болған. 1997 жылдан бастап мемлекеттік қызметте. Әкім аппаратында бөлім меңгерушісі, құрылыс, сәулет және абаттандыру басқармасы басшысы, ТКШ бөлімі басшысының орынбасары, сондай-ақ қалалық құрылыс бөлімінің бастығы қызметтерін атқарған. Жаңа қызметке тағайындалмас бұрын, 2012 жылдан бастап Қарағанды облысы құрылыс басқармасы басшысының орынбасары қызметін атқарды.

Автор: Марлан Жиембай

http://inform.kz