Әлемде жасөспірімдердің 20%-ында психикалық ауытқу бар

Әлемде жасөспірімдердің 20 пайызының психикалық денсаулығында ауытқулар бар. Астанада өтіп жатқан «Медициналық-санитарлық алғашқы көмекке психикалық денсаулық қызметін ықпалдастыру» тақырыбын арқау еткен психиатрлар, наркологтар, психотерапевтер мен медициналық психологтардың IV съезі барысында Қазақстандағы БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) өкілі Джун Кукита осындай мәлімет келтірді, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі. «ЮНИСЕФ-ті бүгінгі күнгі жағдай алаңдатып отыр. Қазірде әлемде жасөспірімдердің 20 пайызының психикалық денсаулығы нашар. Көп ретте олар депресссия немесе көңіл-күйдің өзге ауытқуларына шалдығады. Егер жастар бала кезінде осындай сырқатқа ұшырап, ем алмаса, ересек кезінде психикалық дерті қайта мазалауы мүмкін. Мәселен, алғаш рет жасөспірім кезде болған депрессия жалғасып немесе кейін қайта ушығуы ықтимал», - деді Джун Кукита. Жақында ЮНИСЕФ еліміздің денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, жасөспірімдер мен жастар арасындағы суицид мәселелеріне арналған зерттеу жұмыстарын аяқтаған. «ЮНИСЕФ, Денсаулық сақтау министрлігі мен Швецияның суицидтің алдын алу ұлттық бағдарламасы Шығыс Қазақстан мен Қызылорда облыстарындағы жағдайды бағалап, осы жұмыстың нәтижесімен және маңызды мәліметтермен қыркүйек айында бөлісетін боламыз. Бұл жұмыс Қазақстанда суицид саласындағы жетекші әлемдік сарапшылармен тығыз қарым-қатынаста жүргізілді», -деп толықтырды Қазақстандағы БҰҰ Балалар қорының өкілі.
Айымгүл ӘБІЛЕВА
www.bnews.kz