Жария ету – ел экономикасына құйылған миллиардтаған табыс

Алдағы қыркүйекте елімізде мүлікті заңдастыру шарасы басталмақ. Қолда бар мүлікті айналымға шығару 2015 жылдың 31 желтоқсанында аяқталады. Ал 2017 жылдан бастап Қазақстанда жалпыға ортақ декларация тапсыру қолданысқа енетіндіктен, аталмыш шара азаматтарға мүліктерін заңдастырып алуға үлкен мүмкіндік береді. Сонымен қатар ел экономикасының дамуына да едәуір серпін әкелмек.  Алғашқы шараның адымы қандай? Елімізде алғашқы заңдастыру 2001 жылы өткізілген болатын. Сол жылдың 14 шілдесі мен 14 тамызы аралығында өткен шара «Қазақстан Республикасының азаматтарына олардың қаражатын заңдастыруға орай рақымшылық жасау туралы» заңмен реттелді. Заңдастыру бір реттік науқан ретінде өткізілді және заңдастырушы тұлғаның заңдастыратын ақшасынан салық алынбайтыны мен тиісті жауапкершілікке тартылмайтыны кепілдендіріледі. Нәтижесінде үш мыңға жуық азаматтың 480 млн доллар көлеміндегі қаражаттары заңдастырылды. Айта кеткен жөн, екінші рет болған 2006-2007 жылдардағы заңдастыруда тек ақша емес, сонымен қатар жылжымайтын және жылжымалы мүлікті де заңдастыру қамтылды. Осыған байланысты заңдастыру мерзімі ұзартылып, бір жылдан астам уақытқа созылды. «Мүлікті заңдастыру бойынша рақымшылық жасау туралы» заң нормаларына сәйкес, қолдағы дүниесін заңдастыратын азаматтар мен заңды тұлғалар жекелеген қылмыс жасағаны үшін, әкімшілік құқық бұзушылығы үшін және тәртіп бұзушылығы үшін жауапкершіліктен босатылды. Заң шеңберін мүлікті заңдастырғаны үшін мүлік құнының 10 пайыздық жинағы ғана алынды. Белгілі болғандай, жүргізілген науқан аясында 844,7 млрд теңгенің мүлкі заңдастырылған. Соның ішінде 538,4 млрд теңге қаражат пен 236,2 млрд теңгенің жылжымайтын мүлігі бар. Өз кезегінде республикалық бюджетке 59,6 млрд теңге түскенін ерекше атап өткені жөн. Сонымен, көлеңкелі экономикаға қарсы бағытталған заңдастырудың басты мақсаты қолдағы бар капиталды шығарып, оны экономикаға тартуды көздейді. «ҚР азаматтарына, оралмандарға және Қазақстан Республикасында тұруға ықтияр хаты бар тұлғаларға мүлiктi жария етуiне байланысты рақымшылық жасау туралы» заңда жария етілетін мүлік пен қаражат заңды түрде экономикалық айналымға енгізілуі тиіс. Бұл ретте Премьер-министрдің бұрынғы орынбасары Бақыт Сұлтановтың «Мүлікті жария ету – әлемдік тәжірибеде бұрыннан бар. Еуропаның бірқатар елдерінде және АҚШ-тың көптеген штаттары мұндай акцияны бірнеше реттен өткізіп тұрады. Өйткені капиталды көлеңкеден шығару проблемасы барлық елдерде бар. Ағымдағы жылы 1 қыркүйектен басталатын жаңа акцияны өткізудің алғышарты Қазақстан экономикасындағы көлеңкелі айналымның қомақты үлесі болып табылады. 2012 жылы көлеңкелі экономика үлесі жалпы ішкі өнімнің 19%-ына жуықты немесе шамамен 6 триллион теңгені құрады. Екіншіден, бұл шетелдік инвестициялардың қысқаруы мен ағымдағы операциялар шоты сальдосының төмендеуі. Сонымен қатар дағдарыс құбылыстарына байланысты банк секторы тарапынан экономикаға кредит берудің төмендегені байқалады. Осылайша, экономиканы дамыту үшін қосымша ресурстар тарту қажеттігі туындады», - дегені есімізде. Оның айтуынша, Ұлттық қордан 1 триллион теңге экономикаға құю, шетелдік инвесторларға қосымша ынталандыру пакеттерін ұсыну, отандық экономиканың ішкі ресурстарын көлеңкеден шығару жөнінде қойылған міндеттер жинағы – көрсетілген мақсатқа қол жеткізудің нақты құралы. Осыған байланысты, акцияның негізгі мақсаты – бұл жария етілген капитал түрінде экономикаға қосымша қаражат тарту. Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, табыс пен капиталды жария ету жөніндегі бағдарламалар Франция, Австрия, Ирландияда – 2 рет, Португалияда – 4 рет, Үндістанда – 5 рет жүзеге асырылған екен. Сол сияқты Италия, Бельгия, Германияда сынды елдер де бұл үдерісті бастан өткізген. Нақты мысал ретінде қарастырсақ, тек АҚШ-тың өзінде 1997 жылға дейін жетпіске жуық салықтық рақымшылық жарияланған. Өңірлерде жария ету комиссиясы құрылды Оқырмандарға түсінікті болу үшін заңдастыру нысандары мен оның қағидаттарын талдасақ. Парламент мақұлдаған заң бойынша азаматтар адамгершілікке және халықтың денсаулығына, қоғамдық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікке, жеке мүлікке, мемлекеттің қауіпсіздігі мен конституциялық құрылым негіздеріне, бейбітшілік және адамзат қауіпсіздігіне, отбасы және жасөспірімдерге, жеке тұлғаларға қарсы жасалған қылмыстардан басқа жағдайда мүлкін заңдастыру кезінде қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатылады. Жария ету объектілеріне ақша, бағалы қағаздар, заңды тұлғаның жарғылық капиталына қатысу үлесі, басқа адамға рәсімделген жылжымайтын мүлік, ел аумағында тұрған үйлер және ел аумағынан тыс жерлерде тұрған жылжымайтын мүлік жатады. «Айта кеткен жөн, заңға сәйкес құрылыс нысандары және құрылымдары жоқ өз бетімен басып алынған жерлер және жер телімдері, онда салынған ғимараттар мен қондырғылар заңдастырылмайды. Сонымен қатар, жалпы қолданыстағы жерлер мен «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінің аумағында орналасқан жер телімдері мен ондағы ғимараттар да заңдастыруға жатпайтын объектілердің қатарына кіреді», – дейді заң саласының маманы Нұржан Сейтматов. Ал, ақшаны заңдастырудың тетіктеріне келсек, екінші деңгейлі банктердің арнайы депозиттік шотына ақша аудару арқылы жүргізіледі. Заңдастырылатын ақша арнайы депозиттік шотта бірнеше жыл бойы тұруға тиіс. Бұл ретте нарықтық мөлшерлеме бойынша сыйақылар төленетінін ұмытпаған жөн. Егер, банктердің арнайы депозиттік шотындағы ақшаны мерзімінен бұрын алған жағдайда заңдастыру үшін 10 пайыз көлемінде төлем алынады. Тағы бір айта кетерлігі, мемлекеттік құнды қағаздарды, «Халықтық ІРО» шеңберінде акцияларды, Ұлттық компаниялардың, басқарушы холдингтердің, даму институттарының облигацияларын, екінші деңгейлі банктердің облигацияларын, қазақстандық қор биржасына салынған басқа да бағалы қағаздарды, жекешелендіру шеңберіндегі нысандарды сатып алған жағдайда ешқандай төлем алынбайды. Бұған қоса, заңдастырылған ақшаға жекешелендірудің екінші толқыны аясында нысандар сатып алсаңыз, экономикаға инвестиция салғаныңыз үшін төлем алынбайды. Егер азаматтар жоғарыда аталған инвестициялық тетіктерді пайдаланғысы келмесе, ол, жоғарыда айтылғандай, заңдастырылатын ақшаның 10 пайызы мөлшерінде алым төлеп, өз ақшасын өзі басқаруға құқылы. Мүлікті заңдастыру тәртібіне тоқталсақ, ол үшін азаматтар жергілікті атқарушы органдардың жанындағы комиссияларға арыз және тиісті құжаттарды беру қажет. Мүлікті заңдастыру үшін (ақшадан басқа) төлем алынбайды. Заңдастыруға жататын мүлік (ақшадан басқа) осы мүлік туралы комиссияның заңдастыру туралы шешімі шыққан күннен бастап заңдастырылған мүлік деп танылады. Мемлекеттік тіркеуге жататын заңдастырылған мүлік заңдастырушы азаматтардың жеке өтініші бойынша тіркеледі. Мүлікті заңдастырушы азамат заңдастырылған мүлікті тіркеу кезінде құжаттарды дайындау шығындарын өзі көтереді. Ал, шетелдегі мүлікті заңдастыру үшін 10% алым алынады. Осыған байланысты берген өтінішті комиссия салық органы өтініш берілген күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде қарайды. Заңдастыру шарттарында рақымшылыққа жатпайтын қылмыстар да бар. «Атап айтқанда, жалған кәсіпкерлік, жеке кәсіпкерлік субъектісінің кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру ниетінсіз мәміле жасасуы, заңсыз несие алу және мақсатсыз пайдалану, бағалы қағаздармен операциялар жүргiзу ережелерiн бұзу, жалған ақша немесе бағалы қағаздар жасау немесе сату, экономикалық контрабанда, кеден төлемдерi мен алымдарын төлеуден жалтару және рейдерлік рақымшылыққа жатпайды», - дейді ҚР Бас прокурорының орынбасары Андрей Кравченко. Ел қазынасы еселене ме? «Жинақ шотына аударылған ақшаның сақталуын кім реттейді?» деген сауалға келсек, ол «Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктерінде орналастырылған депозиттерге міндетті кепілдендіру туралы» Қазақстан Республикасының заңымен реттеледі. Азаматтар екінші деңгейлі банктердің кез келген бөлімшесінде мүлікті заңдастыру бойынша акцияға қатыса алады. Жалпы, мүлікті заңдастыру бойынша еліміздің азаматтары толғандырып жүрген сауалдарына 1414 байланыс орталығы арқылы кеңес ала алады. «Заңға сәйкес мүлікті жария ету үшін әкімдік жанынан құрылған комиссияға мүлiктi жария ету туралы өтініштің екі данасы, өтініш берген кезде жеке басын куәландыратын құжаттың түпнұсқасы мен көшiрмесi, ғимараттар мен құрылыстарға техникалық тексеру жүргізген сарапшының қорытындысы және жылжымайтын мүлік объектісінің техникалық паспорты керек», - дейді жекешелендіру жөніндегі сарапшы маман Самал Әбділда. Сонымен, осы жолғы заңдастыруда ел экономикасына 10-12 млрд доллар табыс түседі деп күтілуде. Мүлікті жариялауға рақымшылық сәтті өтсе, жеке азаматтарға берілген мүмкіндік пен ел қазынасы үшін қомақты табыс көзі болмақ.
Гүлмира ШАРХАНҚЫЗЫ
www.bnews.kz