Смартфонға тәуелділіктен бүкір болып қалмаңыз...

Смартфон мен планшеттерге деген тәуелділіктің адам денсаулығына зияны күн сайын артып келеді. Әсіресе дәрігерлер дабыл қағуда: адамның телефонына үңілген қалпы мойын омыртқасын қисайтып, «смс-мойын» синдромына шалдықтырады. Осы дертке тап болғандар әдетте буындарының сырқырап, бас ауруының жиілегеніне шағымданады, деп хабарлайды BNews.kz.Ақхалаттылардың айтқанына сенсек, онсыз да жұмыс орнында компьютердің алдында үнемі бүкірейіп отырудан туындаған ХХ ғасыр нәубеті технологияның дамыған заманында сантүрлі гаджеттердің шығуына байланысты одан бетер ушығып келеді. Хабарлама теру немесе үздіксіз Интернетте отыру салдарынан қолындағы құралына үңілген адам омыртқасына үлкен ауыртпалық түскенін сезбей де қалады екен. IDC америкалық компаниясының соңғы жүргізген зерттеуіне сәйкес, 18 бен 44 жас аралығындағы адамдардың 79% пайызы смартфондарын күніне 22 сағат пайдаланатын көрінеді. Өткен жылы тек АҚШ бойынша 2 трлн смс-хабарлама жолданған, яғни адам оны жазу үшін соншалықты үңілсе керек. «Смс-мойын» синдромы кеңінен етек алып, әлемдік эпидемияға айналып кетуге шақ тұр. Омыртқа ауруларына маманданған дәрігерлердің айтуынша, жаңа ІТ-аурудың белгілері иық, шынтақ пен білезік буындарының сырқырауы, мойынның сыздауы, бас айналу мен артрит түрінде көрініс береді. «8 жасқа дейінгі балалардың 52%-ы күн сайын 43 минутын гаджет ойнаумен өткізеді, - деген хиропрактик-дәрігер Дин Фишманның сөзін мысалға келтіреді Fox News. – Яғни аптасына бес сағатын «смс-мойын» кейпінде отырып өткізген баланың денсаулығына қаншалықты зиян келіп отырғанын ата-аналар біле бермейді. Яғни мойны мен желкесі қарысып, бас ауруларына жиі шағымдануы содан болуы мүмкін». Осы синдормға шалдыққан адамдарға дәрігерлер тек ақыл-кеңестерімен көмектесе алады. Бүкір болып қалмас үшін телефон немесе планшетіңізді өзіңізден алыс жерге қойып, жиірек бой жазып тұру абзал.
Алтын АҚИҚАТ
www.bnews.kz