Намазға «жығылған» ит

Естімеген елде көп. Азан даусын ести сала Алланың үйіне жүгіретін ит туралы пойызда келе жатқанда естідік. Ақтөбе облысы Шалқар ауданы Тоғыз стансасының бастығы Алдажар Жаманқұлов оны бір жыл бұрын №76 разъезден алдыртқанын айтады.

Төбетпен шатысы бар қайынқаптал екен, қазақы ит. Үйден алыс емес жерде, шамамен 200 метр қашықтықта мешіттен азан дауысы шыққан сайын, иті тыпырлап, қыңсылайтын болса керек. Бір қызығы, ол аулада жүргенде де, көшеге шыққанда да өзге иттер секілді адамдарға қарап үрмейді екен. Момындығы сол, үйге бөгде кісі келсе де, қасына бұлғаңдап барғанымен, еш дыбыс шығармайтын көрінеді. - Бастапқыда үйренісе алмадық. Далада сәкіде шай ішіп отырғанымызда, итіміз орнынан атып тұрады да мешітке қарай құстай ұшады. Рас, алғашында мән бермедік. Қарап отырсақ, тек азан уақытында ғана жүгіреді. Содан ауыл тұрғындары итіміздің мешіт маңын айналшықтап жүргенін айтып жүрді. Бақсақ, намаз уақытында ұлып дауыс шығарады. Ұлыды дегенде, әдетте иттер ұлығандай емес, басқаша ұлиды. Қазақта ит ұлыса жаман болады дейді ғой. Әсіресе түнде, айға қарап ұлыса, дереу ондай иттердің басын қағатын болған. Ал біздің иттің ұлығаны басқаша шығады, әрі жаман дауыс деп айта алмас едім. Жамағат намаз оқып болғанда, біздің ит те екі жаққа сәлем бергендей қимылдар жасайды. Ауыл имамымен нағашы-жиен болып әзілдесе беремін. Кейде көріп қалсам, менің итім сенің әріптесің болды ғой деп ойнап айтамын. Содан кейін «шынымен, намаз уақытында мұның да құлшылық етіп жүргені емес пе екен» деп ойланып қаламын, – дейді Тоғыз стансасының бастығы Алдажар Жаманқұлов. «Иттің басқа қасиетін байқамадыңыз ба, мүмкін намаз алдында жуынатын болар дегенбіз» қарап отырмай. - Ол жағын байқамадық. Бәлкім енді мұқият қарап жүру керек шығар. Оның азан даусын естігенде жүгіріп кететіні біз үшін таңсық болмай кетті ғой. Жалпы, су колонкасының басында кішкене су жиналып қалады. Сол жерге барып, ауылдың өзге иттері секілді аунап қайтатыны бар. Ал өз алдына мысық секілді жуынып жүргенін, шынында, көрмедім. Бастысы, тамақты таңдап жейді. Енді үйдің тамағын береміз ғой, – дейді иесі. Жалпы, ерекшелігі бар мұндай иттер туралы ғаламторда да жоқ емес екен. Форумдардың бірінде Жанат есімді интернет қолданушы осыдан үш жыл бұрын өзінің әуезді дыбыс шығаратын иті туралы жазыпты. Бұл әдеттен қалай артылса болады екен деп сауалын қоса қойыпты. Оған мамандар ит ағзасында да, адамдардыкіндей, дыбыс жиіліктеріне тәуелді жасуша аралық құбылыстар болатынын түсіндірген. Кез келген дін атаулы осы қасиеттерді пайдаланады-мыс. Сондықтан азан даусының да ит ағзасына, есту мүшелеріне әсер етуі әбден мүмкін деп жазады сарапшылар. Ал youtube арнасында тіпті иттің де, арыстанның да, әтештің де азан шақырып, не «Аллах» атын айтып жатқаны туралы бейнероликтер бар. Оған Қарағанды облысы Егіндібұлақ ауылында «Алла» деп таң атырған қарғаларды тағы қосыңыз.

Асқар АҚТІЛЕУ, qasym.kz 

www.bnews.kz