Школьниктей шетел мүддесіне жұмыс істейтіндерді басшылыққа жолатпауды талап етеміз!

Құрметті достар, қадірлі бауырлар, бүгін, яғни 14 тамыз 2014 жылы Астана қаласында бір топ қоғамдық ұйым жетекшілері мен белгілі азаматтар арнайы баспасөз мәслихатын өткізіп, ҚР Үкіметіндегі соңғы өзгерістерге байланысты оз ойлары мен ұстанымдарын білдірді. Біз, Конституциямыздың 33- бабында көрсетілгендей Қазақстан Республикасы азаматтарының тікелей және өз өкілдері арқылы мемлекет ісін басқаруға қатысуға, мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарына өзі тікелей жүгінуге, сондай-ақ жеке және ұжымдық өтініштер жолдауға құқығы бар екенін ескере отырып, ҚР Президентінің атына төмендегідей мәлімдеме-талап дайындадық. Баршаңыздан осы мәлімдемені қолдап, азаматтық позицияларыңызды білдіріулеріңізді сұраймыз. Қолдап, қол қойыңыздар, Конституциялық құқықтарыңызды пайдаланыңыздар!  Қазақстан  Республикасының Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа ! МӘЛІМДЕМЕ Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Біз, Қазақстан Республикасының азаматтары, Қазақстан Республикасы Конституциясының 3-бабына сәйкес, мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық екенін және оның 33- бабындағы Қазақстан Республикасы азаматтарының тікелей және өз өкілдері арқылы мемлекет ісін басқаруға қатысуға, мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарына өзі тікелей жүгінуге, сондай-ақ жеке және ұжымдық өтініштер жолдауға құқығы бар екенін ескере отырып, В.С.Школьникті Қазақстан Республикасының Энергетика министрі қызметіне тағайындау туралы №  881 (06.08. 2014) Жарлығыңызға байланысты төмендегідей Өз ойымызды білдіреміз:

Владимир Школьник осы уақытқа дейін Ресей Федерациясының немесе сол елдің жекелеген компанияларының мүддесін қорғау ісімен бірнеше рет көзге түскен адам. Атап айтқанда:

1. 2008 жылы ҚР Индустрия және сауда министрі В. Школьник ENRC, «Миттал Стил» және «Казахмыс» сияқты ірі кәсіпорындарды қолдады. Ол аталған компаниялардың өніміне экспорттық кедендік салықты жойып, «вернуть экспортерам весь НДС, который бюджет им должен» деп мәлімдеді. (Кого лоббирует министр Школьник?www.respublika-kz.info/news/politics/1256/); 2. ол 2009 жылы ҚР Индустрия және сауда министрі болып тұрған кезде Қазақстанға келетін шет елдік автоколіктерге салынатын кедендік салықты 30 пайызға арттырды. Соның кесірінен, сапалы шет елдік автокөліктердің бағасы тым шарықтап кетіп, қазақстандық азаматтар сапасыз Ресей автокөліктерін алуға мәжбүр болды. Бұл – Қазақстандық автодиллерлердің экономикалық зиян шегуіне, ал, 2010 жылдан бастап ресейлік автокөліктердің сатылуы 30% артып, табысқа кенелуіне жол ашты. 2014 жылы Қазақстанда сатылған барлық автокөліктердің 41,5 % ресейлік автокөліктерді құрады.   (Обзор продаж новых автомобилей за 2010 год. Республика Казахстан.http://www.pitstop.kz/2011/42-2-2011/418-2-2011.html)    Сөйтіп, В.С.Школьник ресейлік «Автоваз» компаниясының мүддесін ашық қорғады; 3. 2009-жылға дейін «Қазатомпром» Ұлттық компаниясы Жапония, Қытай, Канада, Үнді, Франция және Ресей компанияларымен тиімді байланыста жұмыс істеді. Сол кездегі «Қазатомпром» басшысы Мұхтар Жәкішев 2010-жылы Қазақстанның байытылған уранды Жапонияға еркін саудалайтынын, ол туралы Toshiba компаниясымен келісімге қол жеткізгенін мәлімдеді. Алайда, көп кешікпей М. Жәкішев істі болып, оның орнына В. Школьниктің тағайындалуымен Қазақстанның үш бірдей ірі уран кен орынының «Росатом»корпорациясына қарасты “Атомредметзолото” холдингіне сатылып кетті. Сөйтіп, аяқ астынан Ресей Федерациясы уран өндірісі бойынша монополияға айналды. Ал, «Атомредметзолото» компаниясын басшысы Вадим Живовтың, В. Школниктің туған күйеу баласы болып шығуы– оның Ресей Федерациясына қызмет жасайды деген күдігімізді одан сайын тереңдете түседі; 4. В. Школьниктің 2011 жылы да Ресейдің «Еврохим» компаниясының мүддесін қорғағаны туралы Өзіңізге Ашық хат жолданды.  http://trushkov.blogspot.com/2011/11/blog-post_15.html Ашық хатта автор Александр Трушков  «Еврохим» компаниясына Қазақстанның «Аралтөбе», «Кесіктөбе» и «Гиммельфарб» фосфор кен орындарының В. Школьниктің арқасында қалайша заңсыз өтіп кеткені туралы ашына жазды. 5. Сіздің «Қазақстан-2050» бағдарламаңызда 2013 жылы Қазақстан Республикасында «жасыл экономиканы» дамыту мен «жасыл экономикаға» көшу Тұжырымдамасын қарыстырып, бекіткеніңізге қарамастан В. Школьник Қазақстанда АЭС салуды, ол АЭС-ті Ресей Федерациясының қолымен салуды және солардың атом реакторын қолдануды насихаттаумен келеді. Енді, ол министр болғанда бұны жүзеге асыратыны анық. Сондай-ақ, Біз В. Школьниктің Энергетика министрі болып тағайындалуын, жақындағы Ресей сыртқы істер ведомствасының бастығы Сергей Лавровтың Қазақстанға келуімен тікелей байланысты деп ойлаймыз. Бұл, Ресей Федерациясының ЕАЭО қол жеткізгеннен кейін, өзінің Қазақстандағы лоббистерін енді, ашық қолдауға көшкені деп біліміз; 6. 2010-жылы В. Школьниктің «Қазатомпром» компаниясы есебінен 55 миллион АҚШ долларына «Бәйтерек» яхтасын жасатқаны туралы да бірнеше мәрте жазылды. «Қызметтік қажеттілік үшін» дайындалған оның құны – араб шейхтарының яхталарын басып озғаны туралы да айтылды. Әншейінде, шағын дүкендердің табысын санайтын қаржы полициясы мен Президент жанындағы есеп комитеті де оған назар аудармады; 7. Тағы бір мән беретін жағдай Владимир Школьниктің баласы Игорь Школьник 30 жасында ресейдің Орск мұнай өндеу зауытын 280 млн. долларға сатып алуы өз алдына, 2014 жылы Форбс журналының есебі бойынша, оның байлығы 150 млн. АҚШ долларын құраған. Демек, В Школьниктің Ресейге деген «қызметі» текке кетіп жатқан жоқ деп топшылауға да толық негіз бар;
  1. В. Школьниктің «Титан» жеке фирмасының басшысы Николай Кузьминмен қандай дос екенін және ол достықтың екеуіне де, қандай орасан пайда  әкелгені туралы жақында белгілі журналист Геннадий Бендицкий жақсы сараптама жасады.(Как депутат Кузьмин и глава «Казатомпрома» Школьник дружбу водили   http://camonitor.com/12510-gennadiy-bendickiy-kak-deputat-kuzmin-i-glava-kazatomproma-shkolnik-druzhbu-vodili.html);
9. Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы келісім шартқа сәйкес, одаққа мүше елдердің ортақ мұнай және газ базасы жасалуы тиіс. Бұл мәселеде де, болашақта В. Школьник Ресей Федерациясының мүддесіне жұмыс істейді деген қаупіміз бар; 10. Ұлттық ғарыш агенттігінің ҚР Энергетика министрлігіне берілуіне және В. Школьниктің оның министрі болуына орай, гептил улы отынын пайдалану да – Ресеймен жаңа келісімдер арқылы одан әрі жалғаса ма деген күдігіміз бар.   Осы аталған жағдайларды ескере отырып, ҚР Конституциясында көрсетілгендей, адам және азамат құқықтары мен бостандықтарының нышаны әрі кепілі, Қазақстан Республикасының Президенті-Елбасы ретінде Сізден: 1.  ҚР Энергетика министрі Владимир Школьникті қызметінен босатуыңызды; 2. Чернобыль, Фокусима, Лос Аламос оқиғаларына байланысты, елімізде АЭС салу қауіпті екенін жеткізе отырып, Қазақстанда АЭС салуға мораторий жариялауыңызды; 3. Байқоңыр ғарыш айлағынан гептил отынын пайдаланатын Протон зымыранын ұшыруды тоқтатуыңызды; 4. Қазақстанның тәуелсіздігі мен Конституциялық заңдылығын жүзеге асыру және басқа мемлекеттердің Қазақстанның ішкі ісіне араласпауын қамтамасыз ету үшін,  шет елдің мүддесіне жұмыс істейтін В. Школьниктен де басқа адамдарды басшылық қызметке жолатпауыңызды ТАЛАП ЕТЕМІЗ. Халықтың талабына құлақ асады және осы мәселе жөнінде бір ай көлемінде нақты шешімдер қабылданады деген үмітпен: Мұсағали Дуамбеков – «Халықтық жемқорлыққа қарсы комитет» қоғамдық қорының президенті, Құрманғазы Рахметов - «Нағыз Желтоқсан» қоғамдық қорының президенті, Мақсат Ілиясұлы - Қазақ Ұлттық кеңесі төрағасының орынбасары Жасарал Қуанышәлин - «Жаса, Азаттық!» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Айсұлу Қадырбаева -«Күретамыр» қоғамдық қорының президенті, Зәуреш Батталова - «Қазақстанда парламентаризмді дамыту қоры» қоғамдық қорының президенті Рысбек Сәрсенбайұлы - «Жас алаш» газетінің бас редакторы, Ермұрат Бапи - «Дат» газетінің бас оқырманы, Жарылқап Қалыбай - «Аңыз адам» журналының бас редакторы, Рахым Айыпұлы - «Жебеу» республикалық қоғамдық бірлестігінің бас хатшысы, Ғабиден Жәкеев - «Ұлы дала» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Қазыбек Иса - «Қазақ үні» газетінің бас редакторы, Асхат Рахымжанов - ЖСДП партиясының Астана қалалық филиалының төрағасы, Бақытжан Төреғожина - «Ар.Рух.Хақ» қоғамдық бірлестігінің төрайымы, Есенбек Өктешбаев – «Халық баспанасыз қалмасын!»  қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Ахмет Хален - «Ұлт тағдыры» республикалық қоғамдық бірлестігінің Қарағанды облыстық филиалының төрағасы, Болатбек Блялов - «Демократия және адам құқығы институты» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Ержан Өмірзақұлы - «Жастар бірлігі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы,  Қол қою жалғасуда.